Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күрт күшеюі мұнай бағасын көтерді

11 маусымда Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы салдарынан мұнай бағасы бірден 4%-дан аса өсіп, соңғы екі айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұған АҚШ-тың Ирактағы елшілігін эвакуациялауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат себеп болды. Бұл шешім Иранмен ядролық келіссөздердің сәтсіз аяқталу қаупі және қауіпсіздік қатері артуымен байланысты қабылданған.
Нақты мәліметтер:
– 11 маусымда Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 4,3%-ға қымбаттап, барреліне 69,8 долларға жетті. Бұл – сәуір айынан бергі ең жоғарғы баға.
– WTI (АҚШ мұнайы) 4,9%-ға өсіп, барреліне 68,2 $ болды. Бұл да сәуірден бері болмаған шек.
Неге бұлай болды?
АҚШ билігі Ирактағы елшілігін қауіпсіздікке байланысты ішінара эвакуациялау туралы шешім қабылдағаны туралы ақпарат тараған соң, трейдерлер мұнай жеткізуге арналған фьючерстерді жаппай сатып ала бастады. Ақ үйдің айтуынша, бұл шешім «жағдайды қайта бағалаудың» нәтижесінде қабылданған.
Price Futures Group сарапшысы Фил Флинн Reuters агенттігіне: «Нарық мұндай ірі геосаяси қатерді күтпеді», – деді.
Бұған дейін Иранның қорғаныс министрі Азиз Насирзаде ядролық келіссөздер сәтсіз аяқталса, Тегеран аймақтағы АҚШ базаларына соққы жасайтынын мәлімдеген. Өз кезегінде, АҚШ экс-президенті Дональд Трамп Pod Force One подкастында Иран уран байытуды тоқтату туралы келісімге келмейді деген сенімінің азайғанын айтты.
Reuters жазуынша, Иранға қарсы санкциялар сақталып қалатындықтан, бұл елдің мұнай экспортын шектеу жалғаса береді.
Мұнай бағасы әрі қарай өсуі мүмкін бе?
ОПЕК+ шілдеде өндірісті тәулігіне 411 мың баррельге арттырмақ. Бірақ Capital Economics сарапшысы Хамад Хуссейннің айтуынша, ОПЕК+ елдеріндегі, әсіресе Сауд Арабиясындағы ішкі сұраныстың артуы бұл өсімді сәл болса да теңестіріп, бағаларды қолдауы мүмкін.
Бағаны қолдаған тағы бір фактор – АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа сауда келісімі. Бұл екі ірі экономиканың энергия тасымалдаушыларға деген сұранысын арттыруы мүмкін. Трамп Қытайдың сирек кездесетін металдарды экспорттауға және қытайлық студенттердің АҚШ университеттеріне оралуына алдын ала келісім бергенін хабарлады. Бұл жаңалықтар нарықтағы сауда тәуекелін уақытша азайтты. Дегенмен, PVM сарапшысы Тамаш Варганың айтуынша, бұл шешімдердің нақты әсері белгісіз.
АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі мұнай қоры бір аптада 3,6 млн баррельге азайып, 432,4 млн баррельге дейін түскен. Бұл — нарық күткен 2 млн баррельге қарағанда едәуір көп.
Mizuho компаниясының директоры Боб Ягер мұны «бағаны көтеретін жаңалық» деп атады. Оның айтуынша, бензинге деген сұраныс артып келеді. Расында да, соңғы аптада бензин жеткізу көлемі тәулігіне 907 мың баррельге өсіп, 9,17 млн-ға жетті.
Мамырда АҚШ-та тұтыну бағасы индексі біршама баяу өсті. Бұл — Федералдық резерв жүйесінің қыркүйекке қарай пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үмітті арттырып отыр. Ал төмен мөлшерлеме экономиканы жандандырып, мұнайға сұранысты көбейтеді.
Мұнай арзандай ма?
9 маусымда, шиеленістің күшеюінен бұрын, S&P Global Commodity Insights агенттігі Brent мұнайының 2025 жылға арналған орташа бағасын 72 доллардан 63-ке дейін төмендетті. Сарапшылар баға кей кезеңдерде 40–49 $ аралығына дейін құлдырауы мүмкін екенін де ескертті. WTI мұнайы да осы шектерде саудалануы ықтимал.
Агенттік ОПЕК+ өндірісті сұраныс баяулаған шақта арттырып жатқанын атап өтті. 2025 жылдың екінші жартысында жаһандық өндіріс тәулігіне 2,2 млн баррельге өседі, ал сұраныс тек 390 мың баррельге ғана артады деп болжануда. Егер пандемия мен қаржылық дағдарысты есепке алмасақ. Бұл – 2001 жылдан бергі сұраныс өсімі ең баяу жыл болуы мүмкін.
S&P Global сарапшылары: «Қазір мұнай бағасын ұстап тұратын ешқандай нақты қорған жоқ», – деп жазады. Жазғы автосаяхат маусымы бағаны уақытша ұстап қалуы мүмкін, бірақ егер өндіріс көлемі азаймаса, артық мұнай нарыққа төгіліп, бағалар қайта құлдырауы ықтимал.








