БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: TSMC $1 трлн-ды еңсерді, Қытай магнит экспортын 2,5 есе арттырды

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: TSMC $1 трлн-ды еңсерді, Қытай магнит экспортын 2,5 есе арттырды

Әлемдегі ең ірі чип жеткізуші Taiwan Semiconductor жасанды интеллектке деген сұраныстың артуы мен болжамдарды қайта қараудың арқасында $1 трлн капиталдық межеге жетті. Қытай маусымда сирекжер металдарын көбірек экспорттады, бірақ көлемі әлі де дағдарысқа дейінгі деңгейден төмен. Трамптың көмекшілері SpaceX-пен келісімдерді тоқтатуды талқылады, бірақ олардың көбін стратегиялық маңызды деп таныды. Таңғы 21 шілдеге арналған басты жаңалықтар топтамасы төменде.

ЖИ-бумы аясында TSMC $1 трлн капитализацияға жетті

Taiwan Semiconductor Manufacturing (TSMC) нарықтық капиталы өткен аптада алғаш рет $1 трлн-ға жетті. Bloomberg-тің дерегінше бұл өсім болжамның жоғарылауымен және жасанды интеллект технологияларына тұрақты сұраныс жайлы оптимизммен байланысты.

Apple мен Nvidia-ға негізгі чип жеткізуші TSMC жұма күні сәуірдегі ең төменгі деңгейден бері акцияларын шамамен 50%-ға өсіріп, рекорд орнатты. Қазір компанияның нарықтық құны Berkshire Hathaway-мен деңгейлес, әрі бұл өсім TSMC-ны әлемдегі ең ірі он компания қатарына қоса алады.

Акциялардың қымбаттауы — инвесторлардың жетекші контракттік чип өндірушісінің ЖИ дәуірінде өз үстемдігін арттырады деген сенімінің айғағы. Өткен аптада компания жылдық табыс өсімі бойынша болжамын 30%-ға дейін арттырып, ЖИ өндірісі үшін қуаттылыққа таластан табыс табуға үміт білдірді.

«ЖИ клиенттері сұранысын азайтқан жоқ, сондықтан TSMC озық өндіріс процестеріне сұраныс артады деп күтуде, — делінген Goldman Sachs компаниясының шолуында. — Біз 2026 жылы өнім бағасының айтарлықтай өсетінін болжаймыз».

ЕО санкциялары аясында мұнай бағасы аздап өсті

Еуропа одағының Ресейге қарсы жаңа санкциялары шикізат жеткізіліміне қалай әсер ететінін трейдерлер бағалап жатқан тұста, мұнай бағасы дүйсенбі күні аздап көтерілді. Сонымен қатар, бұл шаралар отынға деген сұранысты азайтып, Таяу Шығыс елдерінің өндірісті ұлғайтуы аясында бағаға қысым түсіруі мүмкін, деп хабарлайды Reuters.

Brent маркалы мұнай фьючерстері Гринвич бойынша 03:44-те 6 центке қымбаттап, барреліне $69,34 болды. Ал америкалық West Texas Intermediate 17 центке өсіп, $67,51-ге жетті.

ЕО жұма күні Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге қарсы 18-ші санкциялық пакетті қабылдады. Шектеулер Үндістандық Nayara Energy компаниясына да әсер етіп, Ресей мұнайынан өндірілген өнімдердің экспортына тыйым салынды.

ING сарапшылары санкциялардың әсеріне сенім аз екенін атап өтті: «Ең елеулі тармақ — Ресей мұнайынан өндірілген өнімдерді үшінші елдерден импорттауға тыйым. Бірақ мұнайдың шығу тегін бақылау мен тыйымды орындау өте қиын болады».

Қытай сирекжер магниттерінің экспортын арттырды

Bloomberg-тің дерегінше маусымда Қытай сирекжер металлдарынан жасалған магниттерді, соның ішінде АҚШ-қа да, көбірек экспорттады. Бұл — әлемдік тапшылық пен өндірістің тоқтап қалу қаупі, сондай-ақ сауда шиеленісінің күшеюіне жауап ретінде жасалған әрекет.

Жексенбі күні жарияланған мәліметке сәйкес маусымдағы экспорт 3188 тоннаны құрады — бұл мамырдағы көлемнен екі есе көп. АҚШ-қа жеткізу 46 тоннадан 353 тоннаға артқан. Бірақ экспорт көлемі әлі де сәуір айының басындағы экспорттық шектеулер енгізілгенге дейінгі деңгейден төмен.

Қытай 17 сирекжер элементінің жетеуіне, соның ішінде электромобильдерден бастап жойқыш ұшақтарға дейінгі жоғары технологиялық өндірісте қолданылатын қуатты магниттерге шектеу енгізді. Бұл АҚШ индустриясы үшін үлкен қауіп тудырып, Дональд Трампты Қытаймен сауда бітіміне итермеледі. Маусымда Женевада келісімге қол жеткізілгеннен кейін Трамп Қытайдың толық жеткізілімді қайта бастауға келіскенін мәлімдеді.

Хедж-қорлар жапон акцияларынан құтылды

Reuters агенттігі келтірген Goldman Sachs жазбасына сәйкес жаһандық хедж-қорлар өткен аптада жапон акцияларын сату қарқынын соңғы екі жарым айдағы ең жоғары деңгейге жеткізді. Бұл жексенбіде өткен парламент сайлауында билеуші коалицияның жоғарғы палатадағы басымдықты жоғалтуының алдында болды.

Нәтижелер Жапония премьері Сигэру Ишиба үшін ауыр соққы болды, бұл инвесторлардың күткен нәтижесі еді. Goldman Sachs дерегінше 11–17 шілде аралығында хедж-қорлар қысқа позицияларын ұлғайтып, ұзын позицияларын азайтты.

Дүйсенбіде Жапония нарығы мерекеге байланысты жабық болды, бірақ иена мен Nikkei индексі фьючерстерінің өсуі инвесторлардың сайлау нәтижелерін бағаға енгізіп үлгергенін көрсетті. Иена биыл салық саясаты мен бюджет тапшылығының артуы аясында әлсіреген еді.

Вашингтон Маск компанияларына балама таппады

Маусымның басында Трамп Илoн Маскпен жанжалдан кейін компаниялармен байланыс үзу туралы мәселе көтерген соң, Ақ үй SpaceX-пен мемлекеттік келісімшарттарды қайта қарауға кірісті. The Wall Street Journal дереккөздерінің мәліметінше әкімшілік Пентагон, NASA және өзге ведомстволардан келісімшарт сомасын және бәсекелестердің сол міндетті атқара алу мүмкіндігін бағалауды сұраған.

Алайда тексеріс нәтижесінде Ақ үй бұл келісімдердің көпшілігі стратегиялық маңызға ие екенін және тоқтатуға келмейтінін анықтады. SpaceX тек зымыран ұшырумен емес, сонымен қатар спутниктік интернетпен де басым рөл атқарады.

WSJ сұранысына Маск пен SpaceX жауап берген жоқ.

Нарықтағы ахуал

— Қытайдың негізгі индекстері реттеушінің мөлшерлемені тарихи минимумда сақтау шешімінен кейін өсті. Қытайдың материктік CSI 300 — 0,5%, ал Гонконгтың Hang Seng — 0,4% көтерілді.

— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,52%-ға өссе, шағын компаниялар Kosdaq индексі 0,1%-ға төмендеді.

— Австралиялық S&P/ASX 200 индексі 1,13%-ға төмендеп, таңертеңгі сауда кезінде 8658,1 пунктпен тарихи минимумға түсті.

— Америкалық индекстердің фьючерстері шамалы теріс аймақта болды — 0,05%-дан аспады.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары