БастыReview
Бөлісу

Таңғы шолу: BP басшысын ауыстырды, Nvidia инсайдері акция сатты

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: BP басшысын ауыстырды, Nvidia инсайдері акция сатты

BP компаниясы бас директорын ауыстырып, тарихында алғаш рет ірі мұнай-газ корпорациясының тізгінін әйел адамға тапсырды. Nvidia директорлар кеңесінің мүшесі компания акцияларының бір бөлігін сатты. Ал Micron-ның мықты есебі технологиялық сектордағы құлдыраудан кейін нарыққа қолдау көрсетті. Осы және өзге маңызды жаңалықтар 18 желтоқсан таңындағы негізгі оқиғаларға шолудан оқи отырыңыз.

BP жаңа бас директорын тағайындады

BP сәуір айынан бастап Мег О’Ниллді бас директор қызметіне тағайындады. Ол ірі мұнай-газ компаниясын басқарған алғашқы әйел болады, деп жазады Bloomberg.

Бұл шешім BP-дің жаңартылатын энергияға бет бұруы күткендей нәтиже бермеген кезеңде қабылданды. Сонымен қатар компанияға активист-инвестор Elliott Investment Management қысым жасап, негізгі мұнай-газ бизнесіне қайта оралуды, шығындарды қысқартуды және кейбір активтерді сатуды талап етіп отыр.

О’Нилл қызметіне кіріскенге дейін бас директордың міндетін уақытша Кэрол Хауэлл атқарады. Ол кетіп жатқан Мюррей Окинклосстың орнын басады.

Бұған дейін Мег О’Нилл австралиялық Woodside Energy компаниясын басқарған және Exxon Mobil-де 20 жылдан астам жұмыс істеген. Сарапшылар одан мұнай, газ және СТГ-ға (сұйытылған табиғи газ) басымдық беретін «негізгі бизнеске оралуды» күтеді. Нарықта сырттан келген басшы BP акцияларына оң әсер етуі мүмкін деген пікір бар, алайда инвесторлар стратегияда нақты әрі батыл өзгерістер күтуде.

Nvidia инсайдері $44 млн-ға акция сатты

Nvidia директорлар кеңесінің мүшесі Харви Джонс компанияның 250 мың акциясын сатып, шамамен $44 млн тапты, деп хабарлайды Reuters. Мәміле 15 желтоқсанда бір акция үшін орташа $177,33 бағамен жасалған.

Бұл акциялар Джонстың портфелінде 1997 жылдан бері болған, яғни Nvidia биржаға шықпай тұрып алынған. Соған қарамастан, оның траст арқылы әлі де 7 млн-нан астам акциясы бар. Nvidia компаниясы бұл сату себебіне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Micron нарық күткеннен жоғары нәтиже көрсетті

Жад чиптерін өндіруші Micron Technology өткен тоқсан бойынша нарық болжамынан әлдеқайда жақсы есеп берді және алдағы кезеңге күшті болжам ұсынды, деп жазады CNBC.

Компанияның түзетілген пайдасы бір акцияға $4,78 болды, ал сарапшылар $3,95 күтті. Түсім 57%-ға өсіп, $13,64 млрд-қа жетті (күтілгені — $12,84 млрд). Осы жаңалықтан кейін Micron акциялары постмаркетте шамамен 8% өсті.

Ағымдағы тоқсанда компания түсімді $18,7 млрд, ал пайданы бір акцияға $8,42 деңгейінде күтеді. Бұл нарық болжамынан екі есеге жуық жоғары. Өсім ЖИ-инфрақұрылымының қарқынды дамуы мен дата-орталықтарға арналған жоғары өнімді жадқа сұраныстың артуымен байланысты.

Instacart акциялары реттеуші тексерістен кейін құлдырады

АҚШ-тың Федералды сауда комиссиясы Instacart-тың баға саясатын тексере бастағаны туралы хабардан кейін компания акциялары постмаркетте 8%-дан астам арзандады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Instacart-пен жұмыс істейтін дүкендерде бірдей тауарлар бағасы орта есеппен 7%-ға қымбат, ал кей тұтынушылар жылына $1 000-нан аса артық төлеуі мүмкін.

Instacart бұл айыптауларды жоққа шығарып, қосымшадағы бағаларды ретейлерлердің өзі қоятынын және компания динамикалық немесе пайдаланушы деректеріне негізделген баға қолданбайтынын мәлімдеді.

АҚШ Тайваньға рекордтық қару-жарақ сатуды мақұлдады

АҚШ Тайваньға $11,15 млрд көлемінде тарихтағы ең ірі қару-жарақ жеткізу пакетін бекітті. Оған HIMARS жүйелері, 300 км-ге дейін ұшатын ATACMS зымырандары, M109A7 өздігінен жүретін гаубицалар, танкіге қарсы қарулар мен дрондар кіреді.

Қытай бұл шешімді қатаң сынға алып, Тайваньды өз аумағы деп санайтынын тағы да мәлімдеді.

Нарықтардағы жағдай

  • Жапонияның Topix индексі –0,25%, Nikkei 225 –0,9%;

  • Гонконгтың Hang Seng индексі –0,5%, Қытайдың CSI 300 индексі –0,4%;

  • Оңтүстік Кореяда Kospi –1,2%, Kosdaq шамамен –1%;

  • Австралияның S&P/ASX 200 индексі –0,2%;

  • АҚШ-та S&P 500 фьючерстері +0,1%, Nasdaq фьючерстері +0,3%, ал Dow Jones фьючерстері –0,1% көрсетті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары