«Тинькоффтың» бұрынғы қызметкерлері Филиппинде финтех жобасын дамытып жатыр

«Тинькоффтың» бұрынғы топ-менеджерлері 200 млн доллар инвестиция тартып, оның бір бөлігін капитал, ал қалғанын борыштық құралдар арқылы алған. Олар Филиппинде банк құрып, небәрі екі жылда елдегі ірі бөлшек несие берушілердің алғашқы бестігіне енді. Salmon компаниясының теңқұрушысы Георгий Чесаков Oninvest редакциялық директоры Елена Тофанюкке берген сұхбатында несие тарихы, скоринг және қаржылық сауаттылық жоқ елде цифрлық банкты қалай құруға болатынын айтып берді.
Бастамасы: несиелер мен табуреттер
«Филиппин провинциясында жүріп, банк бөлімшесін көрсеңіз клиенттердің табуреткаларда отырғанын байқайсыз. Олар солай кезегін күтіп отыр. 5 қызметкердің екеуі ғана жұмыс істейді. Бұл әсіресе жас буын үшін ақылға қонымсыз. Олар TikTok-тағыдай жылдам, заманауи қызметті қалайды. Жақсы банктік қызмет — ауа сияқты: ол бар кезде байқалмайды, ал жоқ кезде — бірден сезіледі», — дейді Чесаков.
Нарықты қалай таңдады?
2022 жылы Чесаков, Павел Федоров және Раффи Монтемайор өз стартаптарына ел емес, мүмкіндік іздеді: үлкен ойыншылармен бәсекелеспей-ақ нөлден бастап финтех құруға болатын нарық. Таңдау Филиппинге түсті — елде смартфон ену деңгейі 75%, интернет — 100%-ға жуық, бірақ қаржылық инфрақұрылым әлсіз. Дүниежүзілік банк дерегінше, 15 жастан асқан халықтың небәрі 50,2%-ында ғана қаржылық есепшот бар. Бұл — банкте, мобильді операторда немесе микроқаржы ұйымында шот бар дегенді білдіреді. Филиппин — банктік есепшоты жоқ ересектер саны бойынша әлемде төртінші орында.Тек 35% филиппиндік несие ала алатынын айтады. Қаржыға қатысты олардың жалғыз тәжірибесі — мотоцикл не телефонын бөліп төлеу. Сондықтан Чесаков пен серіктестері ең қиын сегменттен — несиеден бастауды жөн көрді. Ол банк үшін негізгі табыс көзі.
Несие беру неге маңызды?
Чесаковтың айтуынша, табысы төмен елдерде клиенттер банктік қызметке төлеуге дайын емес. Ал тек комиссия арқылы өсу — мүмкін емес. Несиелеу арқылы тұрақты табыс қалыптасады. Кейінірек олар депозиттік база құрып, клиентпен ұзақмерзімді байланыс орнатты.
Несие нарығындағы мүмкіндік
Филиппинде бөлшек несие нарығы дамымаған. Бір шетте — қысқа мерзімді, жоғары пайызды микрокредиттер, екінші жағында — ірі банктердің жалақы жобасы бар клиенттерге арналған карталары. Ал арадағы орта сегмент бос тұрған. Осыны байқаған Salmon нарыққа мотошлем сататын дүкеннен кірді: паспорт көрсетсе жеткілікті, шешім 3–5 минутта қабылданады. Алғашында қайтарылмаған несие деңгейі 20% болғанымен, бұл команда үшін қолайлы көрсеткіш еді. Алайда электроника дүкендеріне ауысқанда дефолт 60%-ға жетіп кетті.
Скоринг жүйесі мен тәртіп
Бұлай жалғастыру мүмкін емес болды. Команда біртіндеп скоринг жүйесін енгізіп, клиент мінез-құлқы, мобильдік деректер, балама ақпаратты ескеретін шешім қабылдау жүйесін құрды. Бір жыл ішінде дефолт деңгейін 10 есеге дейін төмендетті.
«Бізге банк керек болды»
2024 жылдың қаңтарында Salmon филиппиндік Rural Bank of Sta. Rosa банкінің 59,7% үлесін сатып алды. Бұл банк негізінен ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Осы мәміледен кейін Salmon депозиттер, кредиттік карталар, есепшоттар ұсынатын толыққанды банкке айналды. 2024 жылдың мамырында банк депозиттері 439%-ға өсті.Чесаковтың айтуынша, Филиппинде банктік бәсеке әлі де төмен, ал сервис — әлсіз. «App Store-дағы бағаларға қараңыз: үздік банктердің өзі 2 балдан төмен, ал үздік финтех-әмиян — 4,7». Бұл дәстүрлі ойыншылардан алға шығуға мүмкіндік береді.2024 жылдың тоғыз айында банк табысы 76%-ға артып, 94,5 млн песодан 166,7 млн песоға жетті. Депозиттер 5,7 есеге, несие портфелі — 10 еседен артық өсті.
Мобильді қосымша мен ауқым
Fintech-модель жұмыс істей бастаған соң, Salmon цифрлық банктің барлық функциясы бар мобильді қосымша ұсынды: мультивалюталық шоттар, төлемдер, аударымдар, жинақтар. Қазір олар 4 түрлі несие өнімін ұсынады — онлайн немесе ел бойынша 3000 дүкенде рәсімдеуге болады.
Өмір сүруден кеңеюге дейін
Salmon үш жыл ішінде сыртқы инвесторлардан 200 млн долларға жуық инвестиция тартты: оның 99 миллионы — капитал, қалғаны — қарыз. Құрылтайшылар өз қаражаттарын да салған.Инвесторлар қатарында IFC (Халықаралық қаржы корпорациясы), Абу-Дабидің ADQ/Lunate қоры, сингапурлық Northstar Group және басқалар бар.2025 жылы олар $88 млн көлемінде раунд өткізді: $60 млн — облигациялық қарыз (3 жылға жоспарланған $150 млн бағдарламасының алғашқы траншы), $28 млн — капитал инвестициясы. Раунды Spice Expeditions басқарды. Оның негізін қалаған Ник Хубер де бір кездері «Тинькоффтың» тәуелсіз директоры болған.Компания өзінің нарықтық бағасын айтпайды — оны IPO кезінде жарияламақ.
«Алғашқы үш жыл — өмір сүру үшін күрес болды. 2023 жылы Argent Creek Partners мәмілесінен бұрын шотта небәрі $50 мың қалғанда, сенетін жалғыз нәрсе — өзің еді. Қазір біз басқа кезеңге өттік — бұл енді өмір сүру емес, кеңею үшін күрес», — дейді Чесаков. Олар Филиппин халқының үштен біріне — 30–40 млн адамға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, көрші елдерге шығу ойда бар. «Біз бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азияны зерттеп жатырмыз. Бірақ әр елде шынайы, инфрақұрылымға бейімделген бизнес құруды қалаймыз. Бұл әсіресе несие беру үшін маңызды. Біздің мақсат — бір елден екінші елге сәлем беріп кету емес, сол іске жан-тәнімізбен кірісу. Біз миллиардқа жетеміз», — дейді Чесаков.— «Сіздер компанияны миллиард долларға жеткізгіңіз келе ме?» — деген сұраққа Чесаков:— «Salmon тек миллиард емес, бірнеше миллиард тұратын болады», — деп жауап берді.— «Біз Ресейде финтех саласын өзгертіп, ерекше бизнес құрдық. Енді сол тәжірибені жаңа нарықтарда қолданып жатырмыз. Біз модельді емес, тәсілді көшіреміз. Яғни, мәселені қалай түсінуге болады, оны шешудің жолын қалай табуға болады дегенге жауап іздейміз», — деп түйіндеді ол.








