БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Truist Nvidia-ның басты бәсекелесінің акцияларын сатып алуды ұсынды

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Truist Nvidia-ның басты бәсекелесінің акцияларын сатып алуды ұсынды

Truist сарапшысы микропроцессор өндіруші AMD акцияларының рейтингін көтерді: енді оларды сатып алуға кеңес береді және бағасы 30%-дан артық өсуі мүмкін деп күтеді. Оның айтуынша, компания ірі бұлттық сервистерді тарта бастады және деректер орталықтарына арналған жасанды интеллект чиптері нарығында үлеске ие бола алады. Қазір бұл сегментте Nvidia көш бастап тұр. Жаңалық шыққаннан кейін AMD акциялары 4%-ға жуық қымбаттады. Биыл олардың өсу қарқыны Nvidia-дан үш пайыздық пунктке жоғары.

Егжей-тегжейі

Truist сарапшысы Уильям Стайн AMD акцияларының рейтингін «ұстап тұрудан» (Hold) «сатып алуға» (Buy) дейін көтерді, ал мақсатты бағасын 173 доллардан 213 долларға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды CNBC. Бұл көрсеткіш 25 тамыздағы жабылу бағасынан 30%-дан артық өсу әлеуетін көрсетеді. Стайнның айтуынша, компания жасанды интеллект саласында жаңа ірі клиенттерді тартып жатыр және деректер орталықтарына арналған графикалық процессорлар нарығында үлес ала алады.

Бұған дейін Truist AMD-ның бұл сегментке орныға алмайды деп болжаған еді, өйткені Nvidia тым алға кеткен. AMD өнімдері тек салыстыру үшін қолданылып келді. Алайда қазір сарапшы жағдай өзгергенін атап өтті.

«Соңғы айда гиперскейлерлердің AMD-мен серіктес болуға нақты қызығушылық танытып жатқаны анықталды», – деді Стайн CNBC келтірген жазбасында.

2018 жылға дейін AMD деректер орталықтарына арналған процессор нарығында 1%-дан аз үлеске ие болса, 2019 жылы Rome чиптерін шығарғаннан кейін оның үлесі 21%-дан асты. Бұған Intel-дегі өндірістік қиындықтар да әсер етті. Стайнның пікірінше, Nvidia мұндай қателіктерге жол бермейді, бірақ AMD-ның жаңа MI355 жасанды интеллект чиптері GPU нарығында Rome процессорлары сияқты рөл ойнауы мүмкін. Бұрын Truist деректер орталықтарына арналған GPU нарығында AMD-ның үлесін нөлге жуық деп бағаласа, енді шамамен 10%-ға дейін орнығуы мүмкін деп болжайды. Бірақ нақты мерзімді айту қиын.

Акциялар жайлы

26 тамыздағы саудада AMD акциялары 4%-ға жуық қымбаттап, 169,7 долларға жетті. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 38%-ға жуық өсті. Салыстырмалы түрде, АҚШ-тың негізгі S&P 500 индексі осы кезеңде 9,5%-ға, ал Nvidia акциялары шамамен 35%-ға өсті.

Сонымен қатар сейсенбі күні AMD акцияларының көтерілуіне International Business Machines (IBM) компаниясымен кванттық бағыттағы суперкомпьютерлерді дамыту жөніндегі серіктестік те әсер етті, деп жазады Barron’s. Компаниялар бірігіп, AMD процессорлары мен графикалық чиптерін IBM кванттық технологияларымен үйлестіретін жаңа архитектура әзірлеуді жоспарлап отыр. Жаңа өнімдер әлі таныстырылмады, бірақ алғашқы демонстрация биыл өтпек.

Қазір Nvidia акциялары бойынша 55 сарапшының бағасы бар: олардың 39-ы сатып алуға кеңес береді, қалған 16-сы бейтарап ұстанымда. Сатуға ұсыныс жоқ. AMD үшін Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы 191,3 долларды құрайды, бұл соңғы жабылудан 17%-ға жоғары.

Контекст

AMD акцияларын сатып алуға ұсыныс Nvidia-ның қаржылық есебі жарияланардың алдында жасалды. Есеп 27 тамызда, АҚШ-тағы негізгі сауда жабылған соң шығады. Осыған байланысты бірқатар сарапшы Nvidia-ның да мақсатты бағасын көтерді.

Уолл-стрит Nvidia-ның табысы екі таңбалы өсім көрсетеді деп күтуде. Қазірдің өзінде Meta, Microsoft, Alphabet және Amazon сияқты ірі бұлттық компаниялар миллиардтаған инвестиция салатынын мәлімдеді. Nvidia кірісінің 40%-ы осы төрт компаниядан түседі, сондықтан олар чипмейкердің басты табыс көзі болмақ, деп жазды Bloomberg. Дегенмен, жоғары күтулерге байланысты кез келген әлсіз нәтиже бүкіл нарықта түзетуге әкелуі мүмкін.

«Күтпеген теріс жаңалық болса, оның әсері тым үлкен болуы мүмкін. Бірақ Nvidia болжамды ақтамайды деген ықтималдық өте аз», – деді Zacks Investment Management компаниясының портфель менеджері Брайан Малберри Bloomberg-ке.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары