Уолл-стриттегі стратегтер S&P 500 индексі 7000 пункттен асады деп күтеді

Oppenheimer компаниясының стратегі S&P 500 индексі жыл қорытындысы бойынша қатарынан үшінші рет 20% өседі деп, Уолл-стриттегі ең оптимистік болжам берді. АҚШ акцияларына қатысты «бұқа сценарийіне» Morgan Stanley-дің бас стратегі де сенеді. Ол қысқа мерзімді перспективада нарықта тәуекелдер сақталып отырғанын мойындайды, бірақ инвесторларға акциялар арзандаған сәттерді тиімді сатып алу мүмкіндігі ретінде пайдалануға кеңес береді.
Егжей-тегжейлі
Уолл-стриттегі екі стратег бір уақытта S&P 500 индексі 7000 пункттен жоғары өседі деп болжауда. Бұл сауда келіссөздеріндегі ілгерілеу мен компаниялардың мықты қаржылық есептері аясында айтылып отыр.
Oppenheimer компаниясының бас инвестициялық стратегы Джон Столцфус 28 шілдеде жыл соңына дейінгі S&P 500 индексіне қатысты болжамын 5950-ден 7100 пунктке көтерді. Бұл — Bloomberg бақылап отыратын стратегтер арасындағы ең оптимистік көрсеткіш. Жаңа болжам индекс соңғы саудадағы жабылу деңгейінен шамамен 11 пайыздық өсімді меңзейді.
«Сауда келіссөздеріндегі прогресс біздің нарықтық болжамдарға қысым түсіріп тұрған белгісіздікті азайтып отыр», — деп жазды Столцфус аналитикалық жазбасында.
Егер бұл болжам орындалса, S&P 500 қатарынан үшінші жылда жылдық 20 пайыздық өсімді көрсетпек. Бұл соңғы рет 1990-жылдардың соңында болған, деп жазады Bloomberg.
Столцфус сондай-ақ 2025 жылға арналған компаниялар пайдасы бойынша бағалауын да жаңартты: ол S&P 500 компанияларының бір акцияға шаққандағы пайдасын $275 деп болжап отыр, бұл — сарапшылардың орташа күтілімінен 3% жоғары. Бұл пайда болжамы индекстің «баға/пайда» (P/E) мультипликаторының да өсуін білдіреді — 2026 жылға арналған forward P/E 25,8, қазіргі 22,5-тен жоғары.
Morgan Stanley бас стратегы Майк Уилсон да өз болжамын «бұқа сценарийіне» қарай түзетті. Оның есебінше, алдағы 12 айда S&P 500 7200 пунктке жетуі мүмкін, бұл бір акцияға шаққандағы орташа пайда $319 және баға/пайда (forward P/E) коэффициенті 22,5 деген есепке негізделген. Бұл соңғы саудадағы жабылу деңгейінен шамамен 13% өсімді білдіреді, деп жазады MarketWatch.
Нарыққа не көмектеседі?
Oppenheimer стратегтерінің айтуынша, соңғы екі тоқсанда компаниялардың табысы мен пайдасы күтілгеннен жоғары болды. Ал ағымдағы есеп беру маусымының нәтижелері компаниялардың 84 пайызы сарапшылардың консенсус-болжамдарынан асып түскенін көрсетіп отыр, деп жазады Bloomberg.
Morgan Stanley-ден Майк Уилсон өз бағаларын пайда мен ақша ағындарының күтілгеннен тұрақтырақ көрсеткіштерімен түсіндіреді. Оның пікірінше, қаржылық нәтижелердің жақсаруына мына факторлар ықпал етіп отыр: жасанды интеллект технологияларын енгізу, әлсіз доллар, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі қабылдаған бюджеттік заңның арқасында салықтық үнем, бірқатар нарық сегменттеріндегі кейінге шегерілген сұраныс, деп жазады MarketWatch.
Сонымен қатар, Уилсон атап өткендей, соңғы үш жылдың көп бөлігінде «периодты пайда құлдырауын» (rolling earnings recessions) бастан өткерген қор нарығының көптеген сегменттері биыл төмен база әсерінің арқасында қолдау көреді.
Инвесторлар үшін басым сектор ретінде ол өнеркәсіпті атайды. Бұл сектор S&P 500 индексінде жыл басынан бері де, соңғы бір айда да ең үздік нәтижелер көрсетіп отыр, деп жазады MarketWatch.
«Пайда болжамдарына қатысты салыстырмалы қайта қараулар тұрақты күйінде қалып отыр, өндірістік қуаттылық жүктемесі тұрақтанды, ал коммерциялық және өндірістік несиелердің жиынтық көлемі $2,8 трлн-нан асты — бұл 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш», — деп жазады Уилсон.
Оның пікірінше, ФРЖ 2026 жылдың бірінші тоқсанында базалық мөлшерлемені қосымша төмендетуі мүмкін, бұл да қор нарығы үшін оң фактор болмақ.
«Біздің талдауымыз көрсеткендей, егер бір акцияға шаққандағы пайда өсімі (EPS) ұзақмерзімді медианадан асып түссе және базалық мөлшерлеме жылдық мәнде төмендейтін болса (бұл біз күткендей 2026 жылдың ортасына қарай орын алуы ықтимал), онда нарық мультипликаторы 90% жағдайда кеңейеді», — дейді ол. Бұл болса, циклдік салалар үшін қолайлы орта қалыптастырады.
Ішкі инфрақұрылымға, әсіресе технологиялық саладағы инвестициялардан ұтатын компаниялар ретінде Уилсон Rockwell Automation, Eaton, Trane Technologies және Johnson Controls International-ды атап өтті.
Morgan Stanley неден тәуекел көрді?
Уилсон тұтыну тауарларын өндіруші компаниялар үшін сауда баждары мәселеге айналуы мүмкін екенін мойындайды. Сондықтан ол инвесторларға мұндай компаниялардың акцияларын портфельге аз үлеспен қосуды ұсынады. Дегенмен, жалпы алғанда, оның айтуынша, «саяси белгісіздіктің шарықтау шегі сәуір айына келді, сол кезде қор нарығы ең төменгі деңгейге түсті».
2026 жылға дейінгі кезеңге қатысты Уилсонның көзқарасы оң, алайда қысқа мерзімді перспективада бірқатар тәуекелдер сақталып отырғанын да мойындайды. Олар қатарында: ұзақ мерзімді қазынашылық облигациялар кірістілігінің жоғары деңгейде қалуы, баж салығына байланысты инфляциялық қысым және қор нарығындағы маусымдық құбылмалылықтар бар.
«Сондықтан тактикалық перспективада біз нарықта белгілі бір консолидацияны (тұрақтану кезеңін) күтеміз. Алайда, біз тағы да атап өтеміз: мұндай кері шегіністер (түзетулер) терең болмайды, және біз оларды акцияларды тиімді бағада сатып алуға мүмкіндік ретінде пайдаланамыз», — дейді Уилсон.
Контекст
АҚШ-тағы акциялар рекордтық деңгейге дейін өсті. Бұған Ақ үй әкімшілігінің 1 тамыздағы соңғы мерзімнің қарсаңында бірқатар сауда келісімдерін жасасуы себеп болды. Атап айтқанда, Жапониямен және Еуроодақпен келісімдер жасалып, импортқа біртұтас 15% баж салығы енгізілді. Индонезия мен Филиппинді қоса алғанда, бірнеше азиялық экспорттаушы елдер 15%-дан 20%-ға дейінгі диапазонда өзара тариф мөлшерлемелері бойынша уағдаласты.
Вашингтон келіссөздерді Швейцария, Оңтүстік Корея және Тайвань сияқты елдермен де жалғастырып жатыр. Қытаймен арада АҚШ сауда соғысы аясындағы уақытша бітімді тағы үш айға ұзартуы мүмкін деп күтілуде.








