Walmart есебінен инвестор не күте алады? Американың ең ірі ритейлері сынақ алдында

АҚШ-тың ең ірі бөлшек сауда желісі Walmart бейсенбі күні соңғы тоқсандық есебін жариялайды. Сарапшылар компаниядан жоғары көрсеткіштер күтуде, бірақ жылдық болжамдарды көтеретініне аса сенімді емес. Нарық қатысушылары үшін басты сұрақ — тарифтердің және бағаның көтерілуінің тұтынушылық сұранысқа қалай әсер еткені. Инвесторлар үлкен үміт артуда, сондықтан әлсіздік белгілері акциялардың құлдырауына әкелуі мүмкін, деп ескертті Barron’s.
Егжей-тегжейлі
Walmart екінші тоқсан есебін 21 тамызда, АҚШ сауда ашылғанға дейін ұсынады.
CNBC-дің хабарлауынша LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар бір акцияға шаққандағы пайда өткен жылға қарағанда 10%-дан артық өседі, ал түсім жылдық мәнде 4% артады деп күтуде.
Қаңтардан бері Walmart акциялары 13,5%-ға қымбаттады, ал S&P 500 индексі небәрі 9%-ға көтерілді. Бұл инвесторлардың оптимизмін күшейтті.
KeyBanc сарапшысы Брэдли Томас: «Walmart ритейл саласында ең тартымды инвестициялардың бірі болып қала береді. Компания тұрақсыз жағдай мен тарифтік шудың аясында да толық қарқынмен алға ұмтылуда», - деді.
Бұл есеп неге маңызды?
Сарапшылар соңғы үш айда Дональд Трамп енгізген тарифтердің Walmart-қа қалай әсер еткенін жіті бақылауда.
Мамыр айында компания қаржы директоры Джон Дэвид Рэйни тарифтердің өсуі кейбір тауар бағасының көтерілуіне мәжбүрлейтінін айтқан. Бұған жауап ретінде Трамп Walmart-ты ашық сынға алып: «Баж салықтарын өздерің көтеріңдер, тұтынушыға жүктемеңдер!» — деп жазды.
Алдыңғы есепте Walmart тарифтік саясаттағы белгісіздікті сылтауратып, болашақтағы пайдаға болжам жасаудан бас тартқан еді. Дегенмен соңғы айларда компания кейбір санаттағы тауарларға (балаларға арналған өнімдер, тұрмыстық тауарлар) бағаны көтере бастады.
«Walmart пен жалпы бөлшек сауда секторы үшін компанияның баға саясатына қатысты (біздің ойымызша, ол агрессивті болды) түсініктемелері және баға өзгерістеріне тұтынушылардың алғашқы реакциялары одан да маңызды болуы мүмкін. Қазір сұраныстың бағалық икемділігі орташа деңгейде деп күтілуде, бірақ нашарлау үрдісі байқалады», — деп жазды осы аптада Barclays талдаушысы Сет Сигман (CNBC келтірген). Оның акцияларға берген бағасы — «Нарықтан жоғары» (overweight), мақсатты бағасы $108.
Walmart болжамын өзгеріссіз қалдырса, тіпті күтіліп отырған «күшті» екінші тоқсан нәтижелеріне қарамастан, таң қалмаймыз, деп атап өтті сарапшы. «Жылдың алғашқы жартысына назар аударсақ, жылдық болжамды көтеруге мүмкіндік бар, бірақ дәл қазір оны жасауға кедергі келтірер салдар жеткілікті, — деді ол. — Себебі тарифтердің нақты енгізілуі кейінге шегеріліп жатыр, ал баға өсімін бүкіл сала бойынша бағалау үшін әлі тым ерте».
Ең оптимистік көзқарастағы сарапшылар жылдық болжам көтерілуі мүмкін деп отыр. Бірақ Jefferies компаниясының талдаушысы Кори Тарлоу да, Сет Сигман сияқты, бұған күмәнмен қарайды, деп жазады Barron’s.
Инвесторлар Walmart-тан үлкен нәтиже күтуде, ал акция бағасы соны көрсетіп отыр. Қазіргі таңда қағаздар болжанған пайдадан 36 есе қымбат (P/E көрсеткіші), деп атап өтті Barron’s. Бұл дегеніміз, егер нәтижелер әлсіз көрінсе немесе басшылықтың қаржылық болжамдары көңілден шықпаса, акция құны құлдырауы мүмкін.
Басқа сарапшылар не дейді?
— TD Cowen талдаушысы Оливер Чен акцияларда 14%-дық өсу әлеуетін көріп отыр, мақсатты бағасы — $115. Ол қағаздарды сатып алуға кеңес беруде. «Инвесторлардың күтулері АҚШ-тағы салыстырмалы сатылымдардың бірінші тоқсандағыдай (4,5%) емес, кемінде 4% деңгейде сақталатынын болжайды», — дейді ол. TD Cowen екінші тоқсанда болжамнан жоғары нәтиже күткенімен, жылдық болжамның тек расталатынын, себебі тұтынушылар сенімінде және макроэкономикада белгісіздік бар екенін айтады.
— Bank of America сарапшысы Роберт Оумс келесі 12 айда Walmart акциялары 19%-ға өсіп, $120-ға жетеді деп күтуде және «сатып ал» (Buy) рейтингін беріп отыр. Оның айтуынша компания ауқымы, баға белгілеу жүйесі, автоматтандыруы, қорларды басқаруы және импорт үлесінің аздығы арқасында тарифтік қысымға да дайын. Сонымен қатар Walmart барлық тауар санаттарында, әртүрлі табыс деңгейіндегі тұтынушылар арасында нарық үлесін арттырып отыр, ал оның баға мен сапа теңгерімі цифрлық қызметтермен бірге клиенттерді тартуда. Ұзақмерзімді табыстылық болжамдары да жақсарған. Бұған цифрлық жарнама өсімі, маркетплейстің дамуы және e-commerce шығындарының азаюы әсер етуде. «Қазіргі P/E коэффициенті 34 болса да, біз әрі қарай өсу әлеуетін көріп отырмыз», — деді BofA.
— Morgan Stanley сарапшысы Симеон Гутман қағаздардың 14%-ға өсуін болжап, «сатып алуға» (Overweight) кеңес берді. Оның айтуынша тарифтердің белгісіздігі 2026 қаржы жылының екінші жартысында әсер етуі мүмкін, бірақ Walmart өзінің жеткізу тізбегін, e-commerce қамтылуын, маржаның өсуін және жоғары маржалы жаңа кіріс көздерін пайдаланып, қиындықтарды еңсере алады. Morgan Stanley «орташа әлеует» бар екенін, бірақ компания жылдық болжамды өзгертпейтінін айтып қалды. «Бұл инвесторлар үшін теріс сигнал емес, себебі e-commerce, бөлшек медиа және Walmart+ жазылымдары өсіп келеді», — деді Гутман.
— Wells Fargo сарапшысы Эдвард Келли акциялардың 7%-ға өсіп, $108-ға жетуін күтуде және «сатып алу» (Overweight) ұстанымын қолдайды. Оның айтуынша екінші тоқсан әдеттегіден күрделі өтеді, себебі болжам жоқ әрі тарифтік саясат тұрақсыз. Дегенмен Walmart-тың нарықтағы үлесін (АҚШ-та 4% астам салыстырмалы сатылым) арттырып, маржаны жақсартып және жылдық болжамды сақтап қала алатынына сенім көп. «Ең бастысы — тұтынушының қалай әрекет еткені және тариф жағдайындағы ұстанған баға саясаты. Бұл екі фактор инвесторларды сақтыққа итермелеуі мүмкін», — дейді Келли.
— Oppenheimer сарапшысы Рупеш Парих Walmart қағаздары 14%-ға өсіп, $115-қа жетеді деп болжап, «Outperform» рейтингін берді. Оның айтуынша жылдың басындағы тариф қысымынан кейін компания жаңа болжам көтеру цикліне жақындай түсуде. Екінші тоқсандағы табыс өсімі менеджмент болжаған 3,5–4,5% аралығында, тіпті жоғарғы шегіне жуық болады деп күтеді. Талдаушының айтуынша инвестбанк компания басшылығы 2025 қаржылық жылға (2026 жылдың қаңтарында аяқталады) арналған болжамды не екінші тоқсандық есеппен бірге, не кейінірек — үшінші тоқсандық есеппен бірге көтеруі мүмкін деп күтеді.
Жалпы алғанда, Walmart акцияларына 43 сарапшы баға берген, олардың біреуінен басқасы қағаздарды сатып алуға кеңес береді (LSEG дерегі).








