Жасанды интеллект шот төлей бастады: доткомдар дағдарысы қайта оралмай ма?

Microsoft, Google және Meta табысы мен кірісі өскенін қуана хабарлады. Олар жетістіктеріне ЖИ технологияларының қосқан үлесін де ерекше атап өтті. Жекелеген ЖИ-стартаптар да инвестицияны белсенді түрде тарта беруде. Ендеше, ЖИ жарысы дегеніміз не: қаржылық көпірік пе, әлде жаңа экономика ма? Бұл жай ғана қызығушылық емес, миллиардтаған қаржы құйған жекелеген инвесторлар мен технологиялық компания басшыларын толғандырған маңызды сұрақ. Не болып жатқанын түсінуге тырысып көрейік.
ЖИ-ге сенім немесе «Папа римдік католик пе?»
Доткомдар көпіршігінің күйреуі — классикалық мысал. 2000 жылдардың басында инвесторлар триллиондаған доллардан айырылды. Бұл интернеттің сәтсіз технология болғанынан емес. Керісінше, ол өмірімізді көптеген жағынан түбегейлі өзгертті. Ол Microsoft, Google (Alphabet), Amazon, Meta секілді алыптардың қалыптасуына жол ашты. Бүгінде бұл компаниялар S&P 500 индексінің 18,56%-ын құрайды. Алайда 2000 жылдың наурызынан бұрын IPO-ға шыққан көптеген интернет-компаниялардың тұрақты бизнес үлгілері болмады. Олар дүрбелеңмен қатты бағаланып кеткен. Нәтижесінде, паника мен құлдырауға әкеп соқты. Қазір де ұқсас үрей бар: акция бағасы тым жылдам өсіп жатыр. Бұл компаниялардың нақты құнына сай ма — түсініксіз. Бүгінгі ЖИ бумы да алаңдаушылық туғызбай қоймайды.
«Генеративті ЖИ ақша шашуға шебер, бірақ пайда әкелмейді», — деді былтыр британдық профессор Джон Нотон. Ол «Біз ЖИ көпіршігіне түстік пе?» деген сұраққа: «Папа католик пе?» деп жауап береді. Яғни, иә — түстік. Бірақ бұл расымен солай ма?
Сәтті маусым
Қазіргі есептік маусым бұл қорқынышты жоққа шығарады. Мысалы, Meta 2025 жылдың екінші тоқсанында $47,5 млрд табыс және $18,3 млрд таза кіріс жариялады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 22% және 36%-ға жоғары.
Компанияның бас директоры Марк Цукерберг мұндай нәтижеге ЖИ-дің жарнама жүйесін оңтайландыру арқылы жеткенін айтты. Alphabet те 2025 жылдың екінші тоқсанында табысын 14%-ға арттырып, $96,4 млрд-қа жеткізді.
«Біз ЖИ саласында алда келеміз және өте жылдам дамып келеміз. Жаңа ЖИ-функциялары бар AI Overviews пен AI Mode жақсы нәтиже көрсетуде», — деді гендиректор Сундар Пичаи.
Microsoft-тың жағдайы қалай?
Bloomberg мамырда: «Егер Сатья Наделла ЖИ енгізуде сәтсіздікке ұшыраса, жұмысы қатерге түсуі мүмкін», — деп жазды. Бірақ, әзірге, ол қауіпке тап болған жоқ. Компания 2025 қаржылық жылының төртінші тоқсанында табысын 18%-ға арттырып, $76,4 млрд-қа жеткізді. Microsoft келесі күні капитализациясы $4 трлн асқан элиталық клубқа Nvidia-мен бірге қосылды. Конференция кезінде Наделла Copilot ЖИ чат-ботының ай сайынғы 100 млн белсенді қолданушысы бар екенін айтты. Оның айтуынша, шамамен 800 млн клиент Microsoft өнімдеріндегі ЖИ функцияларын пайдаланады. Мұнда, әрине, белгілі бір құпиялар бар. Себебі компаниялар ЖИ әзірлеуге нақты қанша ақша жұмсап, одан қанша табыс тапқанын ашып айтпайды. Дегенмен, бұл — табысты бизнес үлгілері қалыптасқан ірі технологиялық корпорациялар. Олар ЖИ-ге өз қаражаттарынан инвестиция салып отыр және жаңа технологияны монетизациялаудың түрлі жолдарын қарастыруда.
Мысалы, биыл ақпанда «DeepSeek сәті» орын алған еді. Ол кезде қытайлық ЖИ-модельдің шығуы АҚШ-тағы технологиялық компаниялардың нарықтық бағасын $1 трлн-ға түсірді. Бірақ Microsoft бас директоры Сатья Наделла бұл кезде үрейге бой алдырмай, шешім қабылдады. Ол ашық кодты DeepSeek моделін өздерінің бұлтты платформасына орналастырып, оған қолжетімділікті басқа 1900 ЖИ-модельмен бірге сатуды бастады. Шартты түрде айтқанда, бір ерекше гүл өсіруге тырысудың орнына, Наделла гүл сататын дүкен ашып, барша бағбандардан табыс табуды жөн көрді — деп жазады Bloomberg.
«Клиент OpenAI арқылы модельді $10-ға қолданса да, DeepSeek арқылы 90 центке алса да, Microsoft бұлтты есептеулер, киберқауіпсіздік, деректерді сақтау және басқа да қызметтері үшін ақы алады», — деп жазады агенттік.
Сонымен қатар, Microsoft-тың тағы бір мықты артықшылығы бар: корпоративтік Американың басым бөлігі Word, Excel, Teams және басқа да Microsoft кеңселік бағдарламаларын пайдаланады. Наделла осыны тиімді пайдаланып, Copilot атты ЖИ көмекшісін жасап, оны бұрыннан бар корпоративтік сату арналары арқылы ілгерілете бастады. OpenAI-дан шыққан стартап ChatGPT-ді нарыққа кемшіліктерімен бірге ұсынуға мүмкіндік алды. Ал Microsoft корпоративтік тұтынушыларға сенімділік, құқықтық тазалық және қауіпсіздік қажет екенін жақсы түсінеді. Ақыр соңында бұл Microsoft үшін бәсекелік артықшылыққа айналды. «Клиенттерге былай дей алдық: ChatGPT ұнай ма? Міне, сол секілді, бірақ жақсырақ — қауіпсіздігі жоғары, интерфейсі ыңғайлы», — дейді Microsoft Teams басшысы Джефф Тепер Bloomberg-ке.
2025 жылдың қаңтарында Сатья Наделла ЖИ өнімдерінен түскен жылдық табыс $13 млрд-қа жеткенін хабарлады. Ол мұның бір бөлігі OpenAI-мен әріптестіктің арқасында екенін де мойындады. Дегенмен, келесі тоқсанда Microsoft жаңа деректер орталықтарын салуға $30 млрд жұмсамақ. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға көп.
Айта кету керек, бұл орталықтарда тек ЖИ модельдері ғана емес, басқа бұлтты қызметтер де жұмыс істейді. Соңғы 12 айда бұл бұлтты бағыт Microsoft-қа $75 млрд табыс әкелді. Инвесторлар бұл есепке оң көзқарас білдірді: 31 шілдеде компания акциялары 8,2%-ға өсті, ал оның нарықтық құны алғаш рет $4 трлн-нан асты (дегенмен, бұл уақытша болды), деп жазады Bloomberg.
Техногиганттарда бәрі жақсы сияқты. Ал ЖИ-стартаптар ше? Мұнда да жағдай қызық әрі 2000 жылғы доткомдар дәуіріндегі «көпіршіктерге» мүлде ұқсамайды.
Жарылғыш өсім
Мысал ретінде ЖИ революциясының пионері — OpenAI-ды алайық. Пайдаланушылар санының өсуі сияқты көрсеткіштерге тоқталмай-ақ қояйық — дотком дәуірінде мұндай көрсеткіштер инвесторларды алдаған.
Bloomberg дерегінше, OpenAI 2025 жылы ақылы жазылымдар арқылы $12,7 млрд табыс табуы мүмкін. Бұл — өткен жылғы $4 млрд-пен салыстырғанда үш есе артық. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш тағы екі еселеніп, $29,4 млрд-қа жетеді делінген. Үш жыл бұрын аты мүлде белгісіз болған компания үшін бұл — таңғаларлық нәтиже. Алайда табысты болуға әлі ерте.
2025 жылы OpenAI шамамен $8 млрд инвестициялық қаржыны «жұмсайды» деп күтілуде. Бұл қаржы есептеу қуатын жалға алуға, қуатты ЖИ модельдерді жаттықтыруға және басқа шығындарға жұмсалады.
Bloomberg мәліметі бойынша, компания 2029 жылы ғана пайдаға шығуды жоспарлап отыр. Сол кезде жылдық табыс $125 млрд-қа жетеді деген үміт бар. Жоспар өте батыл, бірақ инвесторлар оған сенеді. 2025 жылдың тамыз айының басында белгілі болғандай, OpenAI жаңа инвестициялық раунд аясында $8,3 млрд тартты. Жобаланған жалпы раунд көлемі — $40 млрд, ал қызығушылық білдірушілердің саны өте көп болды, деп жазады CNBC.
Тағы бір мысал — Anthropic стартапы. 2021 жылы OpenAI-дан шыққан Дарио Амодеи мен оның қарындасы Даниэла Амодеи негізін қалаған.
The Information басылымы хабарлағандай, Anthropic-тің жылдық табысы $5 млрд-қа жуық. OpenAI сияқты, бұл компания да табыссыз. Жылына шамамен $3 млрд-ты «өртеп» жатыр, яғни сонша шығын жасайды. Бірақ инвесторлар кезекте тұр — $170 млрд бағамен $5 млрд салуға дайын.
Тағы бір мысал — Thinking Machines Lab стартапы. Оны OpenAI-дың бұрынғы техникалық директоры Мира Мурати құрған. Бұл компания бір жылдан да аз уақыт бұрын пайда болды, тіпті әлі нарықта өнімі де жоқ. Алайда оған $2 млрд инвестиция салынды, ал бағалауы — $12 млрд. Бұны «көпіршік» демеске амал бар ма?
ЖИ тек көтерме саудада, IPO арқылы сатылмайды
Қазіргі жағдай мен дотком дәуірінің арасындағы маңызды айырмашылық бар. Сол кезде жеңіл ақша саясаты жағдайында интернет-стартаптарға негізінен жеке инвесторлар IPO арқылы қаржы салатын. Жаңа IPO-лар күн сайын — кейде күніне бірнеше рет өтетін. Мысалы, 1999 жылы — 457 IPO, ал 2000 жылдың алғашқы тоқсанында — 91 IPO тіркелген. Қазір жағдай мүлде бөлек.
2022 жылы ақша-несие саясаты қатаңдағаннан кейін технологиялық IPO нарығы тоқтап қалды. 2025 жылы орта есеппен айына екі-ақ IPO өтті. Шілденің басында бұл көрсеткіш «секіріп», бес IPO-ға» жетті — деп жазады CNBC. ЖИ саласына қаржы құятындар — тек технологиялық алыптар немесе венчурлік қорлар.
Әрине, ірі компаниялар мен кәсіпқой инвесторлар да FOMO-ға (маңызды нәрседен қалып қоямын деген қорқынышқа) бейім болуы мүмкін. Бірақ қазіргі ЖИ технологиялары пайда әкелмесе де, нақты ақша ағынын тудырып жатқанын көріп отырмыз. Оның үстіне, бұл табыстар өте тез өсіп жатыр — бұлай өсу еш салада бұрын болмаған.
Stripe финтех-компаниясының зерттеуіне сәйкес, жылдық табысы $30 млн-нан асқан ЖИ стартаптар бұл деңгейге орта есеппен 20 айда жеткен.
Бұл — SaaS-компанияларынан бес есе жылдам, ал олар да кезінде өте танымал болған.
«2000 жылы дотком көпіршігі жарылған кезде, түзету тез және ауыр болды», — деп жазады Geeky Gadgets.
Миллиардтаған долларға бағаланған компаниялар бір түнде жоғалып кетті Көпшілік интернет — жай ғана алыпсатарлық екенін ойлап қалды. NASDAQ индексіне сол шыңына қайта жету үшін 15 жыл қажет болды. Ал бүгінгі ЖИ бумы — кейбір ұқсас белгілерге ие болғанымен, негізі берік. ЖИ технологиялары — қазірдің өзінде күнделікті өмірге енді және әртүрлі салаларда жылдам ауқымдалып келеді.
Кейбір бағалар асыра бағаланған болуы мүмкін, бірақ табиғи тілмен жұмыс, генеративті құралдар, автономды агенттер — бұлардың бәрі спекулятивті идея емес, нақты мүмкіндік. Тіпті нарық салқындай қалса да, ЖИ жоғалып кетпейді, кері шегінбейді. Оны қозғаушы күш — хайп емес, құрылымдық өзгеріс, деп түйіндейді Geeky Gadgets.








