«ЖИ әлемінің Мессиі»: неліктен Wedbush Palantir акцияларын сатып алуға кеңес береді?

Егжей-тегжейлі
Wedbush сарапшысы Дэн Айвс Palantir акциясының мақсатты бағасын $140-тан $160-қа дейін көтерді, деп хабарлайды Seeking Alpha. Ол инвесторларға бұл қағаздарды сатып алуға кеңес беріп отыр (рейтинг — Outperform). Жаңа мақсатты баға 9 шілдедегі жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 12% өсімді білдіреді.
Айвстың айтуынша, Wedbush сарапшыларының соңғы талдауы мен компанияның ЖИ стратегиясына артқан сенімі алдағы 12 айға оптимистік болжам жасауға негіз береді.
«Біздің ойымызша, Palantir алдағы жылдары келесі Oracle-ға айналуы әбден мүмкін. Қазіргі бағасы қымбат болса да, біз бұл «ЖИ әлемінің Мессиін» жасанды интеллектке бағытталатын триллиондаған шығынның негізгі бенефициары ретінде қарастырамыз», — деп жазды Айвс (дәйек көзі: CNBC).
Palantir акциялары бейсенбі күнгі саудада 1% арзандады. Дегенмен, жыл басынан бері шамамен 90% қымбаттады.
Wedbush өсімді қандай драйвермен байланыстырады?
Оптимистік болжамның негізгі себептерінің бірі — Palantir өз AIP жасанды интеллект платформасын максималды тиімді пайдаланып отыр. Бұл платформа клиенттерге деректерді біріктіруге, шешім қабылдауға және операциялық процестерді реттеуге көмектеседі. Соның нәтижесінде, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Palantir-дің АҚШ-тағы коммерциялық табысы жылдық есеппен 45%-ға өсіп, $373 млн-ға жетті, деп жазады Benzinga.
Айвз бен оның командасы Palantir-дің жаңа және бұрыннан бар клиенттері — әрі коммерциялық, әрі мемлекеттік секторда — компанияның технологиялық платформасына қосылуға кезекке тұрып жатқанын атап өтті. Palantir оларға күн сайын жаңа әрі құнды шешімдер ұсынып жатыр, деп жазады Seeking Alpha.
Wedbush сарапшылары нарық Palantir-дің AIP платформасынан табатын табыс әлеуетін әлі де толық бағаламай отыр деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл коммерциялық сегмент алдағы жылдары Palantir-ге жылына $1 млрд-тан астам табыс әкеле алады. Сонымен қатар, қазіргі кезде Palantir-дің бұл бағытта айтарлықтай бәсекелесі жоқ.
Сарапшылар 2025 жылдың сәуірінде НАТО-мен жасалған келісімді де қосымша өсім стимулы ретінде қарастырады. Өйткені АҚШ пен Еуропада үкіметтік деңгейде ЖИ жобалары жылдам дамып жатыр, ал жасанды интеллект федералды деңгейде стратегиялық басымдық болып отыр. Palantir осы ауқымды үдерісте тамаша позицияда тұр — Солтүстік Америка мен Еуропадағы мемлекеттік ЖИ шығындарынан ұта алатын ең тиімді компаниялардың бірі.
Уолл-стриттегі сарапшылар инвесторларға не кеңес береді?
Palantir компаниясын қадағалайтын сарапшылардың көпшілігі ұстамды көзқараста. MarketWatch дерегінше, 28 сарапшының 16-сы акцияларды ұстауға кеңес береді (Hold). Жетеуі сатып алуға (Buy және Overweight), ал бесеуі сатуға (Sell) ұсынады. Сонымен қатар, акциялардың орташа мақсатты бағасы соңғы жабылу бағасынан 30%-дан астам төмен.








