Апта жаңалықтары: Big Tech есептілігі, АҚШ пен Қытай келісті, OpenAI IPO өткізеді

Nvidia тарихта алғаш рет капитализациясы $5 трлн-нан уақытша асты және Uber, Nokia мен АҚШ үкіметімен серіктестік туралы хабарлады. Apple компаниясының нарықтық құны алғаш рет $4 трлн межесінен көтерілді, ал Amazon 14 мың қызметкерін қысқартып, бизнесін жасанды интеллект төңірегінде қайта құруға кірісті. Дональд Трамп пен Си Цзиньпин сауда соғысында бір жылдық бітімге келісті. 27–31 қазан аралығындағы басты оқиғалар — біздің шолуда.
Meta баяулады, Google серпілді, Microsoft қарқынын үдетті, ал Apple құны $4 трлн-ға жетті
Ең ірі технологиялық компаниялардың есептілігі жасанды интеллекттің әлі де негізгі өсім драйвері болып отырғанын, бірақ инвесторлар үшін дабыл көзіне айналғанын көрсетті. Meta нарықты көңілінен шығара алмады: шамамен $16 млрд көлеміндегі біржолғы салықтық шығын салдарынан акцияға шаққандағы түзетілген пайда 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 83% азайды, ал ЖИ инфрақұрылымына жұмсалған шығын тағы да артты. Табыс 26% өскеніне қарамастан, есеп жарияланғаннан кейін компанияның котировкасы постмаркетте 9% төмендеді. Meta басшысы Марк Цукерберг шығынға қарамастан, болашақтағы табысына сеніп, компанияның қуатын «агрессивті түрде арттыруды» көздейтінін айтты.
Alphabet керісінше, барлық болжамдарды артта қалдырды: тоқсандық табыс алғаш рет $100 млрд-тан асты, пайда — $35 млрд болды, ал Google Cloud бұлты бөлімшесінің табысы 33% өсіп, $15,15 млрд-қа жетті. Тоқсандық нәтижелер жарияланған соң Alphabet котировкасы шамамен 6% көтерілді.
Microsoft те күткеннен жоғары нәтиже көрсетті — табыс 18% өсті, ал бұлтты бизнес 40% артты. Дегенмен, капиталдық шығындардың $35 млрд-қа дейін секіруі инвесторларды алаңдатты — бұл жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттары үшін жарыстың барған сайын қымбаттап бара жатқанын білдіреді. Компанияның акциясы кеңейтілген сауда сессиясында шамамен 4% төмендеді.
Apple компаниясының төртінші қаржылық тоқсанындағы пайдасы мен табысы да сарапшылардың күткенінен жоғары болды. Қызмет көрсету бөлімшесінің табысы 15% өсіп, $24,97 млрд-қа жетті — бұл компаниядағы рентабельділігі құрылғылар сатылымынан да жоғары, ең жылдам өсіп келе жатқан бағыт. Ал iPhone 17 моделіне сұраныстың күткеннен жақсы болуының арқасында, осы аптада Apple-дің нарықтық құны алғаш рет $4 трлн межесінен асты.
ФРЖ тағы мөлшерлемені төмендетті
АҚШ Федералдық резерв жүйесі сәрсенбі, 29 қазанда негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 3,75–4% аралығына түсірді. Реттеушінің бұл шешімі нарық үшін күтпеген жаңалық болған жоқ. Бұл — 2025 жылы қатарынан екінші төмендету. Комитеттің он екі мүшесінің екеуі мөлшерлемені 0,25 п.т. азайтуға қарсы дауыс берді. Сонымен қатар, ФРЖ пандемиядан кейін іске қосылған балансты қысқарту бағдарламасын тоқтататынын хабарлады.
Нарықтың реакциясы сабырлы болды:
S&P 500 және Nasdaq индекстері хабарланудан кейін бірден теріс аймаққа өтті. ФРЖ инфляцияның мақсатты деңгейден әлі жоғары екенін және еңбек нарығына төнетін тәуекелдердің күшейіп жатқанын мәлімдеді. Федрезерв төрағасы Джером Пауэлл желтоқсандағы мөлшерлемені одан әрі төмендету шешімі «әлі нақты емес» екенін айтты.
Goldman Sachs экономистері жыл соңына дейін мөлшерлеме тағы 0,25 пайыздық тармаққа төмендейді деп болжады. CME FedWatch дерегіне сүйенсек, нарық қатысушыларының шамамен 70%-ы да осындай күтуде — желтоқсанда ФРЖ мөлшерлемені тағы төмендетеді деп санайды.
Тағы не оқуға болады?
— ФРЖ мөлшерлемені төмендеткеннен кейін Уолл-стриттегі көңіл-күй қандай? Бұл туралы « «Бізді алда көптеген қиындық күтіп тұр»: ФРЖ шешімінен кейін Уолл-стрит не дейді?» материалынан оқыңыз.
Трамп пен Си сирек кездесетін металдар жөнінде келісімге келді
АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алты жылдан кейін алғаш рет Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында кездесті. Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға фентанил контрабандасына байланысты енгізілген кедендік баж салығын екі есе төмендететінін мәлімдеді — нәтижесінде ҚХР-дан импортқа қойылған орташа тариф 47%-ға дейін азайды. Өз кезегінде Бейжің сирек кездесетін металдарды экспорттауды қайта бастауға келісті: бұл келісім жыл сайын қайта қаралатын болады.
Журналистермен әңгімесінде Трамп кездесуді «керемет өтті» деп атап, «көптеген шешім қабылданғанын» айтты. Алайда күн тәртібіндегі ең күтілген мәселе — Nvidia компаниясының Қытайға жасанды интеллект чиптерін жеткізу тағдыры — ашық күйінде қалды: тараптар «бірқатар чиптерді» талқылағанымен, алдыңғы қатарлы Blackwell үлгілері жайлы сөз болмаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесу нақты серпілістен гөрі американо-қытай диалогын қайта жандандыру әрекетіне көбірек ұқсайды, ал нарықтар тәуекелдерді әзірге сақтықпен бағалап отыр.
Тағы не оқуға болады?
Неліктен сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу АҚШ үшін стратегиялық басымдыққа айналды және осы бағыттан қандай компаниялар пайда таба алады — осының бәрі «1000% өсім: сирек кездесетін жер металдары — жаңа мұнай» материалында.
OpenAI қайта құрылымдаудан кейін IPO өткізуді қарастырыпді жатыр
OpenAI компаниясының қайта құрылымдауды аяқтауы оның акциясын ашық түрде орналастыруға жол ашты. The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап жазғандай, IPO 2027 жылы өтуі мүмкін. Дегенмен, әлі ерте кезеңдегі келіссөздер барысында OpenAI бұл жоспарды кейінге шегеруі немесе мүлде бас тартуы да ықтимал. Компания басшысы Сэм Альтман IPO-ның өткізілу ықтималдығын растағанымен, нақты мерзімдер туралы әзірге жоспар жоқ екенін айтты.
OpenAI 28 қазанда қайта құрылымдау аяқталғанын ресми түрде хабарлады. Нәтижесінде компания коммерциялық мақсаттағы қоғамдық ұйым — OpenAI Group PBC құрылымын жасақтады, оның нарықтық құны $500 млрд. Microsoft компаниясы 27% үлеске ие болды, OpenAI Foundation — 26%, ал қалған 47% қызметкерлер мен инвесторлар арасында бөлінді.
Nvidia тарихта алғаш рет капитализациясы $5 трлн-нан асқан компания атанды
29 қазанда негізгі сауда сессиясының ашылуында Nvidia акциясы 4% шарықтап, оның нарықтық құны уақытша $5 трлн межесінен асты. Осылайша, чип өндіруші тарихта алғаш рет осындай деңгейге жеткен компания атанды.
Өсімнің басты драйвері — компания басшысы Дженсен Хуангтың мәлімдемелері болды: ол ЖИ-чиптерге $500 млрд көлемінде тапсырыс бар екенін және АҚШ үкіметі үшін жеті суперкомпьютер салу жоспарын жариялады.
Бұған қоса, 28 қазанда компания Nokia-ның стратегиялық серіктесіне айналатыны белгілі болды: Nvidia 6G технологияларын әзірлеу үшін фин компаниясына $1 млрд инвестиция салып, оның 2,9% акциясын алады. Сол күні-ақ Nvidia мен Uber стратегиялық әріптестік орнатып, 2027 жылдан бастап шамамен 100 мың автономды көліктен тұратын паркті құру туралы хабарлады. Алғашқы 5 мың көлікті Stellantis жеткізіп, олардың жүйесіне Nvidia технологияларын біріктіреді.
31 қазан, жұма күнгі сауда жабылған сәтте Nvidia компаниясының нарықтық капитализациясы $4,93 трлн деңгейінде болды. 2025 жылдың басынан бері Nvidia акциясы 50%-дан астам өсті.
Amazon қысқартулар туралы хабарлап, апта соңына қарай рекордқа жетті
Amazon 28 қазан, сейсенбі күні шамамен 14 мың корпоративтік қызметкерді қамтитын жаңа оңтайландыру кезеңін бастайтынын хабарлады. Бұл туралы компанияның кадрлар және технологиялар жөніндегі аға вице-президенті Бет Галетти компания блогында жазды. Компания бюрократияны азайтып, басқарудың артық деңгейлерін қысқартуды және ресурстарды стратегиялық бағыттарға — соның ішінде жасанды интеллектті дамытуға бағыттауды көздейді.
Бұған дейін Reuters дереккөздері жалпы қысқартулар саны 30 мың адамға дейін жетуі мүмкін екенін, яғни корпоративтік бөлімнің шамамен 10%-ын қамтуы ықтимал екенін хабарлаған. Агенттік сұхбаттасқан инсайдердің айтуынша, бас директор Энди Джасси көптеген процестерді автоматтандыру қажет екенін талап еткен. Оның пікірінше, пандемия кезінде жүргізілген жаппай жалдаудан кейін компания әлі де шамадан тыс үлкейіп кеткен.
31 қазанда Amazon үшінші тоқсан нәтижелерін жариялады — көрсеткіштер сарапшылардың бағалауынан асып түсті. Акцияға шаққандағы пайда $1,95 болды (болжам — $1,58), ал жалпы табыс $180,2 млрд-қа жетті (күтілгені — $177,8 млрд). Бұлтты бөлімше AWS $33 млрд табыс әкеліп, консенсус-болжам $32,4 млрд-тан жоғары нәтиже көрсетті. Есеп жарияланған соң АҚШ-тағы негізгі сауда ашылған кезде Amazon акциясы 12%-дан астам шарықтап, $250,5 деңгейіне жетті — бұл олардың Nasdaq биржасындағы бүкіл тарихтағы жаңа рекорды болды.








