Биткоин бағасы алғаш рет 118 мың доллардан асты. Жаңа рекордтар күтуге бола ма?

11 шілдеде биткоин бағасы алғаш рет 118 мың доллардан асты. Токен үшінші күн қатарынан жаңа тарихи межені жаңартып келеді. Раллидің басты себебі – криптовалютаға деген компаниялардың қызығушылығы мен АҚШ заң шығарушыларының қолдауы. Bloomberg жазуынша, трейдерлер биткоин 120 мың долларға жетеді деп болжауда.
Егжей-тегжейі
Жұма күні биткоиннің бағасы 118 755 долларға дейін жетті. Құнның өсуі қысқа позициялардың жаппай жабылуына себеп болды: Coinglass дерегінше, соңғы 24 сағатта 1 миллиард доллардан астам «шорт» позициялар жойылды. Ал бейсенбіде инвесторлар биткоинге негізделген биржалық қорларға (ETF) 1,2 миллиард доллар құйды. Бұл – криптовалюта қорлары іске қосылғалы бергі ең ірі ағындардың бірі, деп хабарлайды Bloomberg.
Жыл басынан бері биткоин 25%-дан астам қымбаттады. Бұл – S&P 500 индексінің 7%-дық өсімінен әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, жасанды интеллект саласының көшбасшысы – Nvidia акциялары да 22%-ға өскен. 10 шілдеде компанияның нарықтық капитализациясы 4 триллион доллардан асып түсті.
Криптонарықтағы жалпы өсім аясында екінші ірі токен – Ethereum-ның бағасы шамамен 3000 долларға жетті.
Биткоин қымбаттауды жалғастыра ма?
Bloomberg мәліметінше, опциондар нарығына қатысушылар биткоиннің 120 мың долларға дейін өсуін күтуде. Құн алғаш рет 116 мың доллардан асқаннан кейін Deribit криптобиржасындағы ашық позициялар 115 және 120 мың доллар страйкпен колл-опциондарға шоғырланды. Қыркүйек және желтоқсанда аяқталатын ұзақмерзімді опциондарға, әсіресе 140 және 150 мың доллар страйктеріне деген қызығушылық та артты.
«Опциондар нарығы инвесторлардың қайтадан «өсу» бағытына сенетінін көрсетіп отыр», – деді Bloomberg-ке Ergonia DeFi-компаниясының зерттеу директоры Крис Ньюхаус. Оның айтуынша, биткоинге арналған мерзімі шектелмеген фьючерстердегі оң қаржыландыру мөлшерлемесі трейдерлердің ұзақ позиция ұстауға бейімділігін аңғартады. Бұл фьючерстер – криптоиндустриядағы маржалық сауда үшін ең танымал құралдардың бірі.
Биткоин неліктен нығайды?
Investopedia жазуынша, жыл басында биткоинге негізгі сұраныс криптовалютаға арналған ETF-терге қаражат құйған жекелеген инвесторлардан түсті. Алайда сәуірде Дональд Трамп импортқа жоғары баж салығын енгізгеннен кейін нарықта түзету кезеңі болды. Осыдан кейін нарықты бұрынғы MicroStrategy (қазіргі Strategy) үлгісін ұстанған көптеген компания қолдай бастады. Олар активтерін әртараптандыру үшін биткоин сатып ала бастады.
«Биткоин инвесторлар мен компаниялар тарапынан сұраныс әлсіремеген шақта жаңа тарихи максимумға жетті», – деп түсіндірді Bloomberg-ке криптоплатформа Ledn-нің стратегия жөніндегі директоры Маурисио Ди Бартоломео.
Криптоактивтер өсіміне АҚШ президенті әкімшілігінің шешімдері де түрткі болды. Трамп стратегиялық биткоин қорын құру жоспарын жариялады. Ал АҚШ Сенаты GENIUS деп аталатын заң жобасын қабылдады. Ол бойынша жеке компанияларға стейблкоин – мемлекеттік валютаға, әдетте АҚШ долларына, тікелей байланған криптовалюта шығаруға рұқсат беріледі.
Сонымен бірге, Трамп әкімшілігінің тамызда енгізуі мүмкін жаңа кедендік тарифтерге байланысты туындаған макроэкономикалық қауіптер де криптовалютаның тарихи өсуіне себеп болып отыр.
«Биткоин – өзінше бір лигада тұрған актив екенін тағы дәлелдеді. Сауда қақтығыстары күшейіп, альткоиндер арзандап жатқанда, институционалдық инвесторлар биткоинді макроқорғаныс активі әрі қалыптасып келе жатқан инвестиция санаты ретінде қарастырып отыр. Шілде – нарықтар үшін сынақ болады, бірақ биткоин оған дайын», – деді Bloomberg-ке OKX US платформасының бас директоры Рошан Робертс.








