Биткоин рекорд жаңартты, xAI-дан негізін қалаушы кетті, DeepSeek қиындыққа тап болды

Биткоин бағасы жаңа рекордқа жетіп, 124 000 доллардан асты. Қытайлық стартап DeepSeek R2 моделін іске қосуды кейінге шегерді. Себебі Huawei Ascend чиптерінде оқыту сәтсіз аяқталған. Бұл қытай процессорларының Nvidia-дан технологиялық артта қалғанын көрсетті. Илон Маск құрған xAI компаниясының негізін қалаушылардың бірі Игорь Бабушкин қызметінен кетіп, қауіпсіз жасанды интеллектке инвестиция салатын Babuschkin Ventures қорын ашты. Сонымен қатар, Bullish криптобиржасы IPO-ны сәтті өткізіп, алғашқы сауда күнін шамамен 90% өсіммен және 10 млрд доллардан астам капитализациямен аяқтады. Осы және басқа да жаңалықтар 14 тамызға арналған таңғы шолуда.
Биткоин рекорд жаңартты
Биткоин бағасы 124 000 доллардан асып, тарихи максимумды жаңартты. Бұған институционалды сұраныстың өсуі, спот ETF-тарға қаржы ағымы және Дональд Трамп әкімшілігінің криптосалаға оң саясаты әсер етті.
Жыл басынан бері ең ірі криптовалюта 31%-ға, ал сәуірдегі минимумнан бері 60%-ға қымбаттады. АҚШ президенті криптовалюталарды зейнетақы 401(k) жоспарларына енгізу мүмкіндігін қарастыру туралы жарлыққа қол қойды, бұл бөлшек инвесторлар үшін қолжетімділікті кеңейтеді.
Курстың өсуіне қыркүйекте ФРЖ мөлшерлемені төмендетеді деген күтулер және жұмсақ ақша-несие саясатын ұстанатын жаңа төрағаның тағайындалуы да ықпал етуде. Ethereum 6%-дан астам қымбаттап, 4700 долларға жетіп, 2021 жылғы рекордтарға жақындады. Fundstrat оны жылдың соңына дейін 10 000 $ немесе одан да жоғары деңгейге жетуі мүмкін деп болжайды.
Cisco болжамнан асып түсті және ЖИ инфрақұрылымға жылдық тапсырысты екі есе көбейтті
Cisco тоқсандық пайда мен кіріс бойынша сарапшылар болжамынан сәл жоғары нәтиже көрсетті: түзетілген акцияға пайда 0,99 $, кіріс 14,67 млрд болды (+7,6% жылдық өсім). Таза пайда 2,82 млрд долларға өсті. Келесі тоқсан және 2026 қаржы жылына арналған болжам да консенсустен жоғары шықты.
Желілік шешімдерден түскен кіріс 7,63 млрд $ (+12%), ал қауіпсіздік сегментінен 1,95 млрд $ (+9%) болды, бұл сарапшылар күткеннен төмен. Компания ЖИ бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр: BlackRock, Microsoft, OpenAI және SoftBank-пен жобаларға қатысуда, ЖИ жүктемелеріне арналған коммутаторлар мен маршрутизаторлар жасап, тәуелсіз инфрақұрылымдық жобалар жоспарлауда.
Веб-компаниялардан ЖИ инфрақұрылымға тоқсандық тапсырыс 800 млн долларды, ал 2025 қаржы жылында 2 млрд доллардан асты. Бұл мақсаттан екі есе жоғары. Оның 1 млрд долларға жуығы GPU-ларды байланыстыратын желілерге қатысты. Бас директор Чак Роббинс ЖИ уақытша тренд емес, миллиондаған долларлық корпоративтік сұранысы бар өсіп келе жатқан сегмент екенін атап өтті.
Bullish IPO-да 90%-ға өсті, бағалау 10 млрд доллардан асты
Bullish (BLSH) криптобиржасының акциялары алғашқы сауда күнін 70 $ бағасымен аяқтап, IPO бағасынан (37 $) 90%-ға өсті және 10 млрд доллардан астам капитализацияға жетті. Сауда барысында акциялар 118 долларға дейін (+215%) көтеріліп, құбылмалылыққа байланысты бірнеше рет сауда тоқтатылды. IPO кезінде 30 млн акция орналастырылып, компания 1,1 млрд $ тартты. BlackRock және Ark Invest 200 млн долларға акция сатып алуға қызығушылық танытты.
Bullish криптобиржасын басқарады және CoinDesk басылымына иелік етеді. 2021 жылы компания SPAC арқылы биржаға шығуды жоспарлаған, бірақ реттеушілік тәуекелдерге байланысты мәміле жүзеге аспады. Жаңа IPO биыл жанданып келе жатқан нарықпен тұспа-тұс өтті: 2025 жылы 50 млн доллардан асатын 133 IPO өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 58%-ға көп.
DeepSeek-тің Huawei чиптерімен қиындықтары жаңа ЖИ моделін шығаруды кешіктірді
Қытайлық DeepSeek стартапы Huawei Ascend процессорларында R2 моделін оқыту сәтсіз аяқталғаннан кейін оның шығуын кейінге қалдырды. Бұл чиптерді билік Nvidia орнына ұсынған. Оқыту кезінде тұрақсыздық пен баяу чипаралық байланыс сияқты техникалық мәселелер туындады. Нәтижесінде әзірлеушілер оқыту үшін Nvidia-ға оралып, Huawei-ді тек инференс үшін қалдырды. Huawei инженерлерінің көмегіне қарамастан, оқытуды Ascend-те сәтті бастау мүмкін болмады.
Кешігу мамырдан бері созылып, DeepSeek-ке уақыт пен бәсекелестік артықшылықтан айырылуына әкелді. Сонымен қатар, деректерді ұзақ белгілеп шығу да жобаны баяулатты. Компания негізін қалаушы Лян Вэньфэн прогреске қанағаттанбай, модельді жетілдіруді талап етуде. Бұл жағдай қытай чиптерінің ЖИ оқыту саласында артта қалғанын және импортты алмастыру саясатының орындалуындағы қиындықтарды көрсетті. Сарапшылар болашақта Huawei өз шешімдерін бейімдей алады деп есептейді, бірақ әзірге алдыңғы қатарлы модельдер әлі де Nvidia-да оқытылуда.
xAI-дан Игорь Бабушкин кетті
Илон Маск құрған xAI компаниясының негізін қалаушылардың бірі Игорь Бабушкин қызметінен кетіп, Babuschkin Ventures қорын ашатынын хабарлады. Қор ЖИ қауіпсіздігі саласындағы зерттеулерді қолдап, «ғаламның құпияларын ашып, адамзатқа пайда әкелетін ЖИ және агенттік жүйелермен» айналысатын стартаптарға инвестиция жасайды.
Бұған дейін Google DeepMind және OpenAI-де жұмыс істеген Бабушкин xAI жетістіктерін, соның ішінде Memphis суперкомпьютерін жасау және Grok чат-ботының негізіндегі модельдерді жылдам шығаруын атап өтті. Компания жұмысы барысында Memphis-тағы газ турбиналарын пайдалану және Grok-пен байланысты бірнеше даулар үшін сынға ұшырады. Екі жағдайда да компания кешірім сұрап, қателіктерді жүйелік промпттар мен код жаңартуларындағы ақаулармен түсіндірді. ЕО жақында Grok және X әлеуметтік желісіндегі мәселелерді талқылау үшін xAI-мен кездесуге ниетті екенін байқатты.
Бабушкиннің айтуынша, xAI-ды құру бастамасы Маск екеуінің қуатты жасанды интеллект жүйелерін адам игілігіне жаратуға деген ортақ алаңдаушылығынан туған. Ол осы бағыттағы жұмысын енді өзінің жаңа компаниясында жалғастырмақ.
Нарықтағы жағдай
— Жапонияның кең ауқымды Topix индексі 1,1%-ға төмендеді.
— Nikkei 225 бенчмаркі 1,4%-ға құлдырады.
— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі өзгерген жоқ, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,1%-ға өсті.
— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,7%-ға көтерілді.
— S&P 500, Nasdaq 100 және Dow Jones Industrial Average фьючерстері шамамен 0,1%-ға төмендеді.








