Coinbase акцияларын сатуға кеңес берілді. Криптовалюта раллиі аяқталып келе ме?

Compass сарапшысы Coinbase криптобиржасының акцияларына рейтингін төмендетіп, енді оларды сатуға кеңес беріп отыр. Ол бағалардың 20%-дан астам төмендеуін болжауда. Бұған себеп – компанияның екінші тоқсанға берген екіұшты есебі, басты табыс көзі болған бағыттың әлсіреуі, криптонарықтағы құбылмалылық пен күшейген бәсеке. Дүйсенбі күні Coinbase тағы бір сарапшыдан мақсатты бағаның төмендеуін алды, ал үшінші талдаушы керісінше, акцияны сатып алуға кеңес беріп, оның бағасы тағы үштен бірге өсуі мүмкін екенін атап өтті. Уолл-стрит сарапшыларының пікірі екіге бөлінді.
Егжей-тегжейлі
Compass инвестициялық компаниясының сарапшысы Эд Энгел Coinbase акцияларына берген бағасын «бейтараптан» сатуға (Sell) дейін төмендетіп, мақсатты бағаны $330-дан $248-ге түсірді, деп хабарлайды CNBC. Энгел қойған жаңа таргет – криптобиржа акциялары 1 тамыздағы жұма күнгі жабылу бағасымен салыстырғанда 21%-дан астам төмендейді дегенді білдіреді.
Compass бұл шешімді компанияның екінші тоқсан бойынша әлсіз есебімен түсіндірді. Акцияға шаққандағы пайда сарапшылар болжамынан жоғары болғанымен, жалпы табыс күтілген деңгейден төмен болды. Әсіресе транзакциялардан түскен түсім айтарлықтай әлсіз болып шықты – бұл бизнес үшін негізгі көрсеткіш, деп атап өтті CNBC. Сарапшының пікірінше бұл көрсеткіштер Coinbase акцияларындағы раллидің әлсірей бастағанын білдіруі мүмкін.
«Криптонарықтағы ралли жалғасып жатса да, Екінші және үшінші тоқсандардағы динамика Coinbase-тің табыстылығы әлсірей бастағанын көрсетуде. Егер криптовалюта бағасы төмендесе, қазіргі бағалау деңгейінің негізі қалмауы мүмкін», — деді Энгел CNBC шолуында. CNBC FactSet мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Coinbase акцияларының бағасы/табысы коэффициенті (P/E) — 44 екенін айтады, бұл S&P 500 индексіндегі орташа деңгейден (23) екі есе жоғары.
Compass сарапшысы рейтингтің төмендеуін криптовалюта бағасының төмендеуімен де байланыстырады. «Қазіргі криптоциклге деген оң көзқарасымызға қарамастан, біз үшінші тоқсанда тамыз-қыркүйек айларындағы маусымдық әлсіздік пен бөлшек инвесторлардың криптоакцияларға деген қызығушылығының төмендеуінен туындайтын құбылмалылықты күтеміз», — делінген Энгелдің CNBC келтірген жазбасында.
Қосымша тәуекелдер қатарында сарапшы стейблкоиндар арасындағы бәсекенің күшеюін, криптосектордағы жоғары қарыздық жүктемені, цифрлық активтердің құқықтық мәртебесін анықтайтын CLARITY заңын қабылдаудың кідірісін және Coinbase-тің Robinhood пен Kraken сияқты бәсекелестерінен акция саудасын іске қосуда қалып қоюын атап өтті.
Акциялардың жағдайы
Compass-тың пессимистік ұстанымына қарамастан, 4 тамыздағы сауда барысында Coinbase акциялары бір сәтте 3%-ға өсіп, $324-ке жетті, бірақ кейін өсу қарқыны баяулап, +1% шамасында тұрақтады. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 28%-ға артты. Салыстырып өтсек, АҚШ-тың басты биржалық индексі S&P 500 осы аралықта төрт есе аз — шамамен 7% ғана өсті.
Басқа сарапшылар не дейді
Дүйсенбі күні әлсіз тоқсандық есеп аясында Coinbase акцияларының мақсатты бағасын тағы бір талдау компаниясы — Keefe, Bruyette & Woods төмендетті, деп хабарлайды Investing.com. Сарапшылар таргетті $355-тен $335-ке дейін түсірді (бұл соңғы жабылу бағасынан 6,5% жоғары), бірақ «нарықпен тең» (Market Perform) рейтингін сақтап қалды. Олар табыстың төмендеуін бөлшек сауданың азаюымен және пайдаланушылар криптовалютасын сақтау қызметі арқылы алынатын пассивті табыстың азаюымен байланыстырды. Сондай-ақ олар жазылымнан түсетін табыстың әлсіз болжамын және үшінші тоқсанда күрделі макро және реттеушілік жағдайға бейімделу үшін шығындардың өсуін атап өтті.
Benchmark компаниясының сарапшысы Марк Палмер жағдайға әлдеқайда оптимистік қарап отыр. Ол Coinbase акцияларын сатып алуға кеңес беруін растады және мақсатты бағаны $421 деңгейінде қалдырды (соңғы жабылу бағасынан үштен бір жоғары). Палмердің пікірінше екінші тоқсанның әлсіз нәтижелері — бұл уақытша қиындық, өйткені Coinbase-тің цифрлық активтер секторында стратегиялық артықшылықтары бар. Ол акциялардың әрі қарай өсуінің кілті ретінде Coinbase пен USDC стейблкоин эмитенті Circle арасындағы табысты бөлу жөніндегі келісімді атады. Бұл, әсіресе, стейблкоиндарды реттейтін GENIUS заңы қабылданғаннан кейін маңызды. Сондай-ақ сарапшы Coinbase-тің институционалдық қызметтер, туынды құралдар және «қызмет ретіндегі криптовалюта» (crypto-as-a-service) үлгісіндегі ілгерілеуін атап өтті — мұның бәрі CLARITY заңынан кейін күшейе түседі. Компанияның позицияларын бір платформаға түрлі криптосервистерді біріктіретін «суперқосымша» әзірлеуі мен децентрализденген биржаларды қолдауы да күшейтіп отыр. Ал шілдедегі транзакциялық табыстың өсуі — белсенділіктің қалпына келіп жатқанын және әрі қарай өсуге әлеует бар екенін көрсетеді, дейді сарапшы.
Жалпы рейтингтер
Қазіргі уақытта Coinbase акцияларына 38 сарапшы баға берген. 16 сарапшы сатып алуға (Buy және Overweight) кеңес берді, 18 сарапшы ұстауға (Hold), 4 сарапшы сатуға (Sell) кеңес береді.
Консенсус бойынша мақсатты баға — $367,8, бұл 1 тамыздағы жабылу бағасынан тағы 17% өсу мүмкіндігін білдіреді.








