Франция облигацияларының кірістілігі өсті

Францияның ұзақмерзімді облигацияларының кірістілігі артты. Бұған S&P Global Ratings агенттігінің елдің егеменді несиелік рейтингін төмендетуі себеп болды. «Үлкен үштіктің» біріне жататын агенттіктің бұл күтпеген шешімі ЕО-дағы екінші ең ірі экономиканың қарыз қағаздарын ірі қорлар сатуға мәжбүр етуі мүмкін. Ал француз акцияларына инвестиция салушылар S&P шешімін елемеді.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg деректеріне сәйкес Францияның 10 жылдық облигацияларының кірістілігі сауда кезінде үш базистік тармақа өсіп, 3,39%-ға жетті. Ал Германияның осындай мемлекеттік облигацияларының кірістілігі өзгеріссіз қалды. Агенттіктің мәліметінше S&P Global Ratings шешімінен кейін қысымға түскен еуро да тұрақтанды.
S&P Францияның несиелік рейтингін «AA-» деңгейінен «A+» деңгейіне түсірді. Бұл агенттік бағалау жүйесі бойынша төрт деңгейлі инвестициялық санаттың үшіншісі. Ол «қаржылық міндеттемелерді орындау қабілеті жоғары, бірақ экономикалық қолайсыз жағдайлар әсер етуі мүмкін» дегенді білдіреді.
S&P рейтингінің төмендеуі соңғы айда Франция облигациялары үшін екінші рет қайталанып отыр. Қыркүйекте Fitch те рейтингті төмендеткен еді. Bloomberg: бұл жағдай өте қатаң инвестициялық талаптары бар кейбір қорларды француз облигацияларынан шығуға мәжбүрлеуі мүмкін, деп жазады. Сондай-ақ, егеменді рейтингтің төмендеуі орталық банктер мен зейнетақы қорлары сияқты аса сақ институционалды инвесторлар үшін бұл қағаздарды аз тартымды етеді. Bloomberg-тің дерегінше BlackRock және басқа да ірі қорлар портфельдерінде орташа рейтингі «AA»-дан төмен емес қағаздарды ұстауға ұмтылады.
Франция облигациялары инвестициялық деңгейден әлі түскен жоқ (облигациялар BBB деңгейінен BB деңгейіне түскен жағдайда ғана «спекулятивті» санатқа өтеді). Алайда рейтингтің төмендеуі облигациялық қорлардың портфелін қайта теңестіру кезінде мәжбүрлі сатылымдар қаупін арттырады және жалпы инвестициялық көңіл-күйге теріс әсер етеді.
Француз акцияларына келсек инвесторлар S&P шешіміне мән бермеді. Париж биржасының CAC 40 индексі 20 қазандағы саудада 0,8%-ке өсіп, наурыз айынан бергі ең жоғарғы деңгейіне жетті.
S&P ұстанымы
S&P Франция рейтингін күтпеген түрде төмендету себебін жылдық бюджетке қатысты белгісіздік пен елдегі саяси тұрақсыздықпен түсіндірді. Агенттік өзінің жоспарланған бағалау кестесін «Франция парламентіндегі сенімсіздік вотумдарының сериясы мемлекеттік қаржыны тұрақтандыруға кедергі келтірді» деп мәлімдеді. «Біздің ойымызша, Францияның мемлекеттік қаржыларына қатысты белгісіздік 2027 жылғы президенттік сайлауға дейін жоғары болып қалады. Бұған мысал ретінде 2023 жылы қабылданған зейнетақы реформасының уақытша тоқтатылуы», делінген S&P мәлімдемесінде.
Бұдан әрі не болмақ
Нарықтың назары енді осы аптада басталатын 2026 жылға арналған Франция бюджеті бойынша парламенттегі пікірталастарға ауады. Les Echos дерегінше парламент бюджетті 23 желтоқсаннан кеш қабылдамауы тиіс. Бұдан кейін бюджет Конституциялық кеңеске жолданып, 31 желтоқсанға дейін күшіне енуі қажет.
Қазан айында премьер-министр қызметіне келген, екі мәрте сенімсіздік вотумынан өткен Себастьен Лекорню үкіметке парламентсіз заң қабылдауға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктен бас тартты. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін әрбір түзету қабылдану мүмкіндігіне ие болып отыр. Les Echos жазғандай, бұл парламенттегі пікірталастарды ұзартуы мүмкін.
Мысалы, төменгі палатадағы қаржы комитетінің төрағасы, солшыл «Бүлікші Франция» партиясының депутаты Эрик Кокрель өз фракциясының мақсаты – бюджет жобасын комиссия қарау кезінде 1200 түзету ұсыну екенін айтты. Оның айтуынша, жалпы талқылау кезінде түзетулер саны екі есе көп болуы мүмкін.








