Goldman Sachs: Нарықтың жаңа драйвері – жеке инвесторлар. Олардың таңдауы не?

Goldman Sachs-тың мәліметінше жеке инвесторлар АҚШ қор нарығында шешуші факторға айналуда. Уолл-стриттің ең ірі банктерінің бірі олардың белсенділігі нарық бағытымен тығыз байланысты екенін және олар технологиялық компаниялар мен ұзақмерзімді тұтыну тауарларын өндірушілер акцияларына барынша шоғырланғанын атап өтті.
Егжей-тегжейлі
Goldman Sachs өткен апта соңында жариялаған есебінде биыл биржадағы белсенді күндері бөлшек инвесторларға S&P 500 индексіндегі акциялар саудасының 28%-дан астамы тиесілі болғанын жазады (SeekingAlpha). Олардың акция сатып алу не сату әрекеті индекстің қозғалысымен сәйкес келген. Бұл жекелеген трейдерлер нарық динамикасының негізгі драйверіне айналғанын дәлелдейді, деп қорытты банк.
Goldman Sachs-тың тамыз айындағы статистикасы бойынша жеке инвесторлардың тәуекелге бейімділігі артып келеді, ал инвестбанк пен қорлардың көңіл-күйі біршама ұстамды («risk-on»), әрі олардың позициялары 2024 жылдың соңындағыдай шамадан тыс қызған емес. Жеке трейдерлер негізінен IT-сектор және тұрмыстық емес тауар өндірушілердің акцияларын саудалауда, кейінгі орында — коммуникациялық қызметтер мен денсаулық сақтау компаниялары. Ал коммуналдық кәсіпорындар мен девелоперлердің акцияларына қызығушылық байқалмай отыр.
Goldman Sachs атап өткендей, бөлшек инвесторлар нарықтағы қысқа төмендеулер кезінде де сатып алуға бейім. Көбіне баға 1–2%-ға түскеннен кейін-ақ белсенді позиция аша бастайды. Инвестқорлар тарапынан қолдау шектеулі жағдайда бөлшек инвесторлар АҚШ қор нарығындағы өсім трендін ұстап тұрған негізгі күш болып отыр — әсіресе шағын капитализациялы компаниялар мен «мем-акциялар» сегментінде.
Қай акциялар танымал?
Goldman Sachs мәліметіне сәйкес сауда айналымында бөлшек инвесторлар үлесі бойынша көшбасшылар:
Keycorp (38%),
Huntington Bancshares (37,3%),
Ford (35,6%),
Regions Financial (29,6%),
Pfizer (28,4%),
Tesla (27,8%),
American Airlines (25,7%),
Organon (21,4%),
AMD (20,6%)
және Nvidia (19,7%).
Таза сатып алу көлемі бойынша (сатып алу минус сату) үздік 10 акция:
AMD ($74 млн), Tesla ($45,5 млн), Microsoft ($41 млн), Alphabet ($41 млн), Micron Technology ($34,5 млн), Eli Lilly ($30 млн), Unitedhealth ($25 млн), Goldman Sachs ($24 млн), Apple ($17,5 млн) және Texas Instruments ($17 млн).
Бұл туралы Уолл-стрит не дейді?
FactSet деректері бойынша Уолл-стрит сарапшыларының пікірлері бөлшек инвесторлардың таңдауымен сәйкес келеді. Орташа есеппен, олар Nvidia, Microsoft және Alphabet акцияларын «сатып алу» (Buy) деңгейінде, ал Keycorp, Huntington Bancshares, Regions Financial, Pfizer, American Airlines, AMD, Micron, Eli Lilly, Unitedhealth, Goldman Sachs, Apple және Texas Instruments акцияларын «нарықтан жоғары» (Overweight) деп бағалайды.
Ford, Tesla және Organon акциялары бойынша сарапшылардың көзқарасы сақ. Клиенттеріне оларды қазіргі бағада сатып алуды да, сатуды да ұсынбай отыр (рейтинг Hold).








