Инвесторлар трежериден қашуда, OnlyFans сатылады, Apple ЖИ көзілдірікке бет бұрды

АҚШ-тағы фискалдық тұрақсыздық пен Дональд Трамптың жаңа салық реформасына қатысты алаңдаушылықтар ірі инвесторларды портфельдерін әртараптандыруға итермелеуде — олар америкалық облигациялардан бас тартып, Еуропа, Жапония және Австралия активтеріне бет бұруда. Сонымен қатар, АҚШ пен Қытай дипломатиялық байланысты жандандырып жатыр. Ал технология саласында Apple жасанды интеллектке негізделген ақылды көзілдірігін жасап шығуға күш салуда. Осы және басқа да жаңалықтар 23 мамырға арналған таңғы шолуымызда.
Нарықтарда не болып жатыр
CNBC мәліметінше жұма күні Азия-Тынық мұхиты нарықтары аймақтағы экономикалық деректерге байланысты негізінен өсім көрсетті.
— Жапонияда базалық инфляция сәуір айында 3,5%-ға дейін үдеді. Nikkei 225 индексі 1,04%-ға, Topix 0,89%-ға көтерілді.
— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,36%-ға өсті, бірақ шағын компаниялардың Kosdaq индексі 0,34%-ға төмендеді.
— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 0,33%-ға артты.
— Гонконгтағы Hang Seng және Қытайдың CSI 300 индексі сауданы айтарлықтай өзгеріссіз бастады.
— АҚШ қор нарығындағы фьючерстерде де өзгеріс аз — инвесторлар қазына облигацияларының кірістілігі өсуінің экономикаға әсерін зерттеуді жалғастыруда. S&P 500 мен Nasdaq индексінің фьючерстері 0,03%-ға өсті, Nasdaq 100 фьючерстері сәл төмендеді.
Ірі инвесторлар америкалық облигациялардан бас тарта бастады
Financial Times жазуынша Дональд Трамптың сауда соғыстары мен өсіп жатқан бюджеттік дефицит жағдайында инвесторлар АҚШ-тан тыс активтерге көбірек көңіл бөле бастады.
Өкілдер палатасы Трамптың жаңа салық заңын мақұлдаған соң, мемлекеттік қарызды арттыратынына байланысты нарық қысымға түсті. Бұл АҚШ облигацияларының дағдарыс кезіндегі дәстүрлі «қауіпсіз айлақ» рөлін әлсіретті.
Еуропаның ірі активтер басқарушысы Amundi компаниясының инвестициялық директоры Венсан Мортье:
«АҚШ бұрынғыдай бірден-бір қауіпсіз мекен емес. Ел қаржылық тәртіпсіздіктің символына айналды», – деді.
Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, доллар әлемдік резервтік валюта болып қала береді, ал АҚШ-тың қазына облигациялары портфельдердің негізгі бөлігі ретінде өз маңызын жоғалтпайды.
Трамптың салық жоспары аясында ұзақмерзімді облигациялар құны күрт төмендеді — бейсенбіде 30 жылдық облигация кірістілігі 5,1%-дан асты, бұл 2023 жылдың соңынан бергі ең жоғары деңгей.
АҚШ пен Қытай байланыс арнасын сақтап қалуға келісті
Женевадағы келіссөздерден кейін алғаш рет АҚШ пен Қытайдың жоғары лауазымды тұлғалары телефон арқылы сөйлесті. Бұл — қос ел арасындағы диалогтың жалғасатынын білдіреді және болашақта кең ауқымды сауда келісіміне жол ашуы мүмкін, деп хабарлайды CNBC.
Қытай СІМ басшысының орынбасары Ма Чжаосюй мен АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау маңызды мәселелерді талқылады. Екі тараптың да мәлімдемелерінде баж салығы сөз болғаны нақты айтылмаған.
Eurasia Group-тың Қытай елі бойынша директоры Дэн Ван бұл байланыс арнасы жұмыс істеп тұрғанын және Пекин АҚШ-та кіммен келіссөз жүргізетінін түсінгенін айтты.
Бұған дейін, мамыр айының басында Женевада өткен кездесуден кейін, тараптар өзара тарифтердің көп бөлігін уақытша төмендетуге және кең ауқымды келісім бойынша жұмыс істеуге келіскен болатын. CNBC мұндай бірлескен мәлімдемелер өте сирек жасалатынын еске салады — соңғысы 2023 жылдың қарашасында климат мәселесі бойынша жарияланған еді.
Лос-Анджелестік инвесткомпания OnlyFans платформасын 8 млрд долларға сатып алмақ
Reuters агенттігінің мәліметінше Лос-Анджелесте орналасқан инвестициялық компания OnlyFans платформасын шамамен 8 миллиард долларға сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
COVID-19 пандемиясы кезінде танымал болған ересектерге арналған контент платформасы наурыз айынан бастап Forest Road Company компаниясымен келіссөздер жүргізуде. Мәміленің нақты шарттары айтылмаған. Бұған дейін Forest Road-тың кейбір басшылары OnlyFans-ты биржаға шығаруға тырысқан SPAC жобасына қатысқан болатын.
Сондай-ақ агенттіктің деректеріне сүйенсек, компания басқа да сатып алушылармен келіссөз жүргізуі мүмкін.
OnlyFans 2018 жылдан бері Украинада туған миллиардер Леонид Радвинскийге тиесілі. Платформа кейінгі жылдары әзілкештер, аспаздар, фитнес-жаттықтырушылар сияқты контент жасаушыларды тарту арқылы аудиторияны кеңейтіп, мазмұнды әртараптандыруға тырысуда.
2023 жылғы 30 қарашада аяқталған қаржы жылында OnlyFans-тың пайдасы 20%-ға артып, $485,5 млн-ға жетті. Бұл көрсеткіш Fenix International компаниясының есебінде көрсетілген.
Forest Road 2017 жылы құрылған және медиа, цифрлық контент, энергетика мен биотехнология салаларындағы инвестицияларға маманданған. 2024 жылы компания Formula E жарыс командасы мен бутик инвестициялық банкті сатып алған.
Apple жасанды интеллектпен жұмыс істейтін көзілдірігін 2026 жылы шығармақ
Bloomberg-тің мәліметінше Apple өзінің «ақылды» көзілдірігін 2026 жылдың соңында шығаруды жоспарлап отыр. Алайда компания кеңістікті сканерлей алатын камерасы бар смарт-сағат жобасынан бас тартты.
Компания Meta-ның Ray-Ban көзілдірігіне бәсекелес болатын өнім әзірлеп жатыр. Жаппай өндіріс 2025 жылдың соңында шетелдік жеткізушілердің қатысуымен басталады деп күтіліп отыр.
Apple көзілдірігі камералармен, микрофондармен және динамиктермен жабдықталады. Siri дауыстық көмекшісі арқылы командаларды орындай алады. Қоңырау шалу, музыка тыңдау, аудармалар және навигация тәрізді жаңа функциялар қосылуы мүмкін.
Бұл Meta ұсынған көзілдіріктерге және Google-дің Android XR платформасындағы болашақ құрылғыларына ұқсас концепция.
Apple өкілі Bloomberg-ке пікір білдіруден бас тартты.








