БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Қытай инвесторларына жаңа фаворит табылды: бір аптада $1,7 млрд құйды

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Қытай инвесторларына жаңа фаворит табылды: бір аптада $1,7 млрд құйды

Интернет-алып Alibaba қытай инвесторларының жаңа фавориті атанды. Қыркүйектің алғашқы аптасында олар компанияның акциясын рекордтық $1,7 млрд-қа сатып алды. Оған қоса қағазы ай басынан бері шамамен 19% қымбаттады. Компания жасанды интеллекттен түскен табыстың әсерлі өсімінің арқасында инвесторлардың махаббатын қайтара алды. Өсім бизнестің басқа бөліктеріне қатысты уайымды көлеңкеде қалдырды

Егжей-тегжейлі

Қыркүйектің алғашқы аптасында қытай инвесторлары құрлықтық Қытай мен Гонконг арасындағы сауда арналары арқылы Alibaba акциясын жалпы сомасы 13,5 млрд гонконг долларына ($1,7 млрд) сатып алған, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл кез келген басқа қағазға жұмсалғаннан да көп болды.

Alibaba акциясы үшін апталық нәтиже алдыңғы айлардағыдан жақсырақ шықты, ал қарқын сақталса, динамика сәуірдегі рекордтан да асып түсуі мүмкін.

Alibaba инвесторларды несімен тартты?

Бұрын қытай интернет-экономикасының символы саналған Alibaba соңғы жылдары бірқатар ауыр сынақтан өтті: реттеушілер тарапынан қысым, ішкі сұраныстың баяулауы, бәсекенің күшеюі және геосаяси тәуекелдер, деп еске салады The Motley Fool сарапшылары.

Жағдай маусымда аяқталған тоқсанның есептілігін жариялағаннан кейін өзгере бастады. Компания жасанды интеллектке байланысты өнімдерден табыстың үш таңбалы күрт өсімін көрсетуі, инвесторлардың оптимизмін күшейтті. Инвесторлардың көңіл-күйіне қосымша серпін берген жаңалық – қытайлық техногигант OpenAI мен Google-ға бәсекелес болу мақсатында осы уақытқа дейінгі ең ірі ЖИ моделін ұсынды және робототехника саласындағы X Square Robot стартапының инвестициялық раундына жетекші инвесторлардың бірі ретінде қатысты, деп жазады Bloomberg.

Осы орайда 8 қыркүйекте Гонконгтегі Alibaba акциясы 4,2% күрт өсті. Ал тамыздың соңымен салыстырғанда қазір қағаздар шамамен 19% қымбаттады. Бұл оларды Hang Seng Tech технологиялық индексіндегі көшбасшы етті. АҚШ-та негізгі сауда ашылғаннан кейін дүйсенбі күні Alibaba қағазы 3,7% қымбаттады. Bloomberg деректеріне сүйенсек, есептіліктен кейін кем дегенде 20 сарапшы акцияға мақсатты бағаны көтерді, орташа алғанда жыл ішінде тағы 17% өсу болжанып отыр.

Сонымен бірге, The Motley Fool сарапшылары атап өткендей, Alibaba үшін тәуекелдер сақталып тұр, ал инвесторлар прогресті толық бетбұрыс деп қабылдамауы керек. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, ағымдағы акция бағасында бұл тәуекелдер ескерілген болуы мүмкін, сондықтан инвесторлар алдағы тоқсандарда онлайн-сауда бизнесінің ілгерілеуін және бұлтты бизнестің тұрақты өсуін мұқият қадағалағаны жөн.

Контекст

Өткен аптада Alibaba 1 трлн-нан астам параметрі бар ең ірі жасанды интеллект моделін – Qwen3-Max-Preview-ді таныстырды, деп жазады Investing.com. Сонымен қатар компания шетелдік жартылай өткізгіштерді пайдалануға қатысты Бейжіңнің бақылауы күшейген тұста Nvidia чиптеріне тәуелділікті азайту үшін өз жасанды интеллект процессорын әзірлеумен айналысып жатыр.

Робототехникаға деген қызығушылығын Alibaba өзінің Alibaba Cloud Intelligence бұлтты бөлімшесі арқылы да көрсетіп отыр. Ол қытайлық гуманоидты роботтар жасайтын X Square Robot стартапының $100 млн жаңа қаржыландыру раундын басқарды, деп нақтылайды TipRanks.

Alibaba Қытайдағы жасанды интеллектті дамытуға ең ірі инвестиция салушы компаниялардың бірі болып қала береді. Биыл компания бірнеше озық модельдерге қолжетімділікті ашып, қарқынды өсіп келе жатқан нарықтағы бәсекені күшейтті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары