Әлемдік аренада АҚШ-тың орнын басу үшін Еуропаға қандай шарттар орындау қажет?

АҚШ біртіндеп әлемдік аренадан шегінуде, ал босап қалған орынды иеленуге басқа мемлекеттер мүмкіндік алуда. Солардың қатарында Еуропа елдері де бар. Туындаған мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін Еуропа елдері қандай төрт қадам жасауы қажет? Бұл жөнінде Project Syndicate басылымына жазған авторлық мақаласында Йель университетінің экономика профессоры Пинелопи Куяну-Голдберг ой бөліседі.
Өткенге бет бұру
Америка Құрама Штаттары шешуші кезеңін бастан кешіп жатыр. Болашақ тарихшылар таңданыспен талқылайтындай, бұл ел өз күшінің іргетасын — ашықтықты, институттарды және жаһандық ықпалдастықты бұза бастады.
Бұл бетбұрыс АҚШ президенті Дональд Трамптың кедендік тарифтер енгізуімен басталды. Мақсаты нақты айқындалмаған бұл баж салығының ретсіз әрі жүйесіз енгізілуі импорт құнын арттырып, жаһандық сауданың бұзылуына ғана емес, сонымен қатар АҚШ-тың сенімді экономикалық әріптес ретіндегі беделіне нұқсан келтірді. Бұдан бөлек, доллардың әлемдік резервтік валюта ретіндегі болашағына күмән туғызды.
Одан кейін АҚШ-тың ғылыми және технологиялық көшбасшылығының тірегі саналатын университеттерге шабуылдар басталды. Зерттеулерге бөлінетін қаржының қысқаруы, университет қорларына салынатын салықтардың өсуі және виза шектеулері елдің жетекші ғалымдар мен дарынды мамандарды тарту және ұстап тұру қабілетін әлсіретуде. Соның салдарынан тек академиялық орта ғана емес, АҚШ-тың инновациялық әлеуеті мен жалпы экономикасы да шығынға ұшырап жатыр.
Сол уақытта елдің ең серпінді дамып келе жатқан саласы — технологиялар — саяси және реттеушілік қысымға ұшырады. Apple, Google және Meta сынды ірі компаниялар ел ішінде бақылаудың күшеюімен бетпе-бет келіп отыр, ал олардың шетелдік бәсекелестері мемлекеттік индустриялық саясат аясында қолдау табуда. Әлемнің көпшілігі 21 ғасырдағы бәсекеге дайындалып жатқанда, АҚШ өткенге бағытталған жолды таңдады — ішкі өндірісті қайта жандандырып, бала еңбегіне қатысты шектеулерді жеңілдетуде.
Бұл қадамдардың барлығы АҚШ-тың бұрын қандай жағымды әсерлер тудырғанын терең түсінбеуді білдіреді. Американың ғылым, қауіпсіздік және инновациялар салаларындағы көшбасшылығы басқа елдерге де пайда әкеліп келген. Алайда Трамп әкімшілігі мұны күш ретінде емес, керісінше, АҚШ-ты пайдаланудың көрінісі ретінде қабылдайды. Осыған жауап ретінде ел жаһандық аренадан шегініп, тіпті әлемдегі көшбасшылығын қамтамасыз етіп келген институттарды жоюға дейін баруда.
Жаңа мүмкіндіктер
Халықаралық аренадағы мұндай шегініс басқа елдердің өсімін тежемейді, керісінше, оларға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл әсіресе континенттік Еуропада айқын байқалады. Ұзақ жылдан бері шешімін таппаған экономикалық мәселелермен — еңбек өнімділігінің төмендігімен, халықтың қартаюымен және цифрлық трансформациядағы жіберіп алған мүмкіндіктермен — бетпе-бет келген Еуропа саясаткерлері АҚШ-тың ішкі нарыққа басымдық беруін жіберіп алғанды толтыруға мүмкіндік ретінде қарастыра бастады.
Жақында үміт сыйлаған екі маңызды оқиға орын алды. Біріншіден, Германия «қарыз тежегіші» деп аталатын — бюджет тапшылығына қатысты конституциялық шектеуді жеңілдетіп, мемлекет үшін қажет инвестицияларға жол ашты. Екіншіден, геосаяси және экономикалық жіктелу жағдайында Еуропаның біртұтас әрі мақсатты әрекет етуі қажет деген саяси келісім күннен-күнге күшейіп келеді.
Алайда, тек бір оптимизм жеткіліксіз. Туындаған мүмкіндікті пайдалану үшін Еуропа төрт шартты орындауы қажет.
Біріншіден, ЕО Трамп әкімшілігінің «бөліп ал да, билей бер» стратегиясына қарсы тұруы керек. Бұл үшін жекелеген елдердің АҚШ-пен екіжақты келіссөздер жүргізуінен аулақ болғаны жөн. Тек біртұтас әрекет еткенде ғана Еуропа өз нарығының күшін тиімді пайдаланып, мүдделерін қорғай алады.
Екіншіден, Еуропа ашық болуға тиіс — бұл әсіресе таланттар мен саудаға қатысты. АҚШ халықаралық студенттер мен шетелдік жұмыс күшіне барған сайын жабық бола бастаған тұста, Еуропа осы мүмкіндікті пайдаланып, білікті мигранттар мен зерттеушілерді қабылдау арқылы «ақыл-ойдың көшуінен» ұта алады. Сонымен қатар, жаңа технологияларды дамыту үшін Еуропада жоқ, бірақ аса қажет минералдар мен сирек кездесетін элементтер қажет. Сондықтан басқа елдермен, соның ішінде Қытаймен де, тиімді сауда байланысын сақтау маңызды. Бұл үшін саяси ерік-жігер мен дұрыс түсінік қажет: ашықтық — егер оны сауатты басқарса күштің көзі бола алады.
Үшіншіден, Еуропаға реттеуші реформалар қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау және еңбек құқықтары саласындағы еуропалық стандарттар құрметке лайық болғанымен, басқа салалардағы шамадан тыс немесе жеткіліксіз ойластырылған реттеуші шаралар инвестициялар мен инновацияны тежеп, еңбек өнімділігінің өсуіне кедергі келтіруде. Бұл әсіресе қоғамның емес, орныққан ірі ойыншылардың мүддесін қорғайтын ережелерге қатысты. Мысалы, білікті босқындар көбіне бюрократиялық кедергілерге байланысты жұмысқа орналаса алмайды.
Әрине, қазіргі шектеулерді жеңілдету оңай болмайды — әсіресе өмір сүру деңгейі жоғары елдерде, онда кез келген өзгеріс саяси тұрғыда өте сезімтал қабылданады. Еуропалықтар ұзақ жұмыс істеуге, ауыр еңбекке немесе әлеуметтік қорғаудан және ұзақ демалыстардан бас тартуға дайын емес. Бірақ өзгерістерден бас тарту — өткен жетістіктерді сақтау үшін болашақтағы серпінді дамудан айырылу деген сөз.
Соңында, Еуропа еңбек күшінің жетіспеушілігіне қарсы тиімді көші-қон саясаты арқылы әрекет етуі қажет. Бұл саясат білікті де, біліксіз жұмысшыларды да қамтуы тиіс. Демографиялық құлдырау мен өмір сүру деңгейінің өсуі жұмыс күші тапшылығына алып келуде — әсіресе күтім көрсету, құрылыс және қызмет көрсету салаларында. Егер еңбек күші тек ең қарапайым тұрмыстық және әлеуметтік қажеттіліктерді ғана өтей алатын болса, тұрақты өсім мен инновациялар мүмкін болмайды.
Көші-қон саясатты реформалау шекараны бақылаудан бас тарту дегенді білдірмейді, алайда ел дамуына үлес қосуға дайын адамдар үшін заңды жолдарды қалыптастыруды талап етеді. Саяси тұрғыдан бұл, мүмкін, ең күрделі міндеттердің бірі — әсіресе миграцияға қарсы көңіл-күйдің күшеюі мен оңшыл популистік партиялардың ықпалын ескерсек. Дегенмен бұл – қажетті қадам.
Американың әлемдік аренадағы шегінісі Еуропаға соңғы ондаған жылда болмаған мүмкіндік беріп отыр. Алайда бұл мүмкіндікті пайдалана алуы Еуропаның біртұтас әрекет ете білуіне, ашықтығын сақтап қалуына, реттеу жүйесін жаңғыртуына және көші-қонға прагматикалық тұрғыдан қарауына байланысты. Әйтпесе, болашаққа дайындықты ешқашан тоқтатпаған Азия бастаманы қайтадан өз қолына алады.
Copyright: Project Syndicate, 2025.
www.project-syndicate.org








