Morgan Stanley портфельдердегі жаһандық акциялар үлесін барынша арттыруды ұсынды.

Фото: Joseph Kelly / Shutterstock.com
Bloomberg мәліметі бойынша , Morgan Stanley стратегтері портфельдегі жаһандық акцияларға мүмкіндігінше жоғары бөлініспен (макс овервейт) позиция ашуды ұсынды. Қауіпті активтер бағасының төмендеуінен кейін «біз тәуекелге баруға дайынбыз», – деп жазды 15 қарашада Серена Танг жетекшілік ететін команда.
Жасанды интеллект бумының тұрақтылығына қатысты инвесторлардың алаңдаушылығының артуына байланысты жақында болған жаппай сатуларға қарамастан, банктің стратегтері жасанды интеллектіге капиталдық шығындар циклі жалғасуда деп есептейді және ол 2027 жылы экономикалық өсім мен корпоративтік пайданы қамтамасыз етеді.
Morgan Stanley бағалау коэффициенттерінің төмендеуінен акция бағаларына түсіп жатқан қысымның бәсеңдейтініне үміттенеді. Қазіргі уақытта олар 2023 жылдан бері ең төменгі деңгейде, бірақ «келесі жылы бұл шектеуші фактор болып қалмауы мүмкін», – деп болжайды сарапшылар.
Банк қандай акцияларды ұсынады?
Morgan Stanley АҚШ акциялары бойынша «overweight» ұсынысын сақтап қалды, бұл инвесторларға портфеліндегі негізгі бөліністен артық үлесті осы акцияларға бөлуді ұсынуды білдіреді. Сонымен бірге банк S&P 500 индексіне арналған мақсатты көрсеткішін көтерді – енді ол индекстің 15 пайызға өсуін күтеді. Сонымен қатар, стратегтер жапондық және еуропалық акцияларға берілген рейтингті «overweight» деңгейіне көтерді. Morgan Stanley дамушы нарықтарға қатысты бейтарап ұстанымды сақтай отырып, олардың портфельдегі үлесін эталондық көрсеткішке сәйкес ұстауды ұсынады.
Стратегтердің айтуынша, жасанды интеллект саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер гиперскалерлерден — ең ірі бұлттық инфрақұрылым провайдерлерінен — тыс кеңейіп келеді. 2027 жылға қарай бұл технологияға салынған инвестициядан түсетін кіріс оны өз бизнестеріне енгізіп жатқан компаниялар үшін барған сайын маңызды бола түспек.
АҚШ нарығында банк экономикалық өсімнен пайда көретін компаниялардың жоғары сапалы акцияларын ұсынады. Оның пікірінше, жапон акциялары баға өсімінің қалпына келуі мен экономикалық белсенділіктің жандануынан тұратын рефляция арқасында қолдау табады. Қытай акциялары керісінше дефляция қысымында. Оңтүстік Корея мен Тайвань акциялары арасында таңдау жасағанда, Morgan Stanley тартымды бағаланғандықтан біріншісін артық көреді.
Контекст
Morgan Stanley-дің оптимизмі жаһандық нарықтардағы көңіл-күймен қарама-қайшы келеді, деп жазады Bloomberg. АҚШ-тың орта мерзімді сайлаулары, тұрақты инфляция және жасанды интеллект индустриясының технологияларын монетизациялау қабілетіне қатысты жаңарған күмәндер жаңа ауытқу толқынын тудырды. MSCI ACWI жаһандық акциялар индексі тамыз айындағы ең жоғары деңгейінен 4 пайыздан астамға төмендеді, ал жартылай өткізгіш өндірушілердің акциялар индексі қазан айының басынан бері 23 пайызға төмендеді.







