Нью-Йорк таңы: Жоғарғы сот шешімі күтілуде

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы мен болжамы.
Бүгіннен не күтеміз
4 қарашадағы технологиялық сектордағы сатылымдардан кейін АҚШ қор индекстерінің фьючерстері 5 қарашада да әлсіз теріс динамиканы сақтауда. Инвесторлар назары АҚШ Жоғарғы сотында өтетін тыңдауларға аударылған – онда Ақ үйдің IEEPA заңына сүйене отырып енгізген импорттық баждарының заңдылығы қаралады. Базалық болжамда статус-кво сақталады деп күтіледі, бұл құқықтық белгісіздікті жойып, ағымдағы сауда саясатын заңды тұрғыда бекітеді. Дегенмен, баждарды жою ықтималдығы да айтарлықтай. Мұндай шешім нарықта құбылмалылықтың күрт артуына әкелуі мүмкін, себебі бұл бұрын жасалған сауда келісімдері мен оларға байланысты басқа да мәселелер төңірегінде белгісіздік туғызады.
Инвесторлар үшін маңызды бағдарлардың бірі – қазан айындағы бизнес-белсенділік индекстері (PMI). ISM индексі 50-ден 50,8-ге өсуі мүмкін деген консенсус бар, бұл стагнацияның аяқталуын білдіреді. Алайда S&P Global алдын ала бағалауы 55,2 деңгейінде сенімді нәтиже көрсетті. Егер ISM есебіндегі баға компоненті қайтадан өсімнің жеделдеуі туралы белгі берсе, бұл инфляцияның жаңа толқынына және компаниялар маржасының қысымға ұшырау қаупіне қатысты алаңдаушылықты күшейтуі ықтимал.
Сондай-ақ 5 қарашада ADP компаниясының қазан айына арналған еңбек нарығы деректері жарияланады (болжам: +30 мың, қыркүйек: −32 мың). Бірақ бұл көрсеткіштің құбылмалығы жоғары болғандықтан, ол еңбек нарығының нақты жағдайын дәл көрсете алмауы мүмкін.
Инвесторлар назарының тағы бір маңызды бөлігі – кеше өткен сайлаулардың нәтижелері. Нью-Джерси, Вирджиния және Нью-Йорк мэрі сайлауында демократтардың жеңісі Трамп әкімшілігінің бағытына қарсы реакция ретінде қабылданды. Бұл АҚШ президентін экономикалық жетістіктерді көрсетуге одан әрі ынталандыруы ықтимал. Бүгін ол Майамидегі бизнес-форумда сөз сөйлеп, реттеуді азайту және энергия тасымалдаушылар бағасын төмендету туралы айтуы күтіледі.
Novo Nordisk (NVO) өткен тоқсан бойынша есеп беріп, 2025 жылға арналған кіріс болжамын тағы да төмендетті. Негізгі сессия ашылғанға дейін McDonald’s (MCD), Cameco (CCJ), Humana (HUM), Recursion Pharmaceuticals (RXRX), Johnson Controls (JCI) және Unity Software (U) өз есептерін ұсынады. Сауда жабылған соң Robinhood Markets (HOOD), AppLovin (APP), IonQ (IONQ), Qualcomm (QCOM), Arm Holdings (ARM), Joby Aviation (JOBY) және DoorDash (DASH) тоқсандық нәтижелерін жариялайды.
АҚШ қор индекстерінің фьючерстері нөлге жуық қозғалысты көрсетуде. Қауіптер балансы – жоғары құбылмалылық жағдайында қалыпты түрде теріс. Біз S&P 500 индексінің 6700–6820 пункттер аралығында (алдыңғы жабылудан −1% – +0,7%) ауытқу ықтималдығын қарастырамыз.
Назарда
— Pinterest (PINS) акциялары 18%-ға төмендеді. Суреттер алмасу платформасы үшінші тоқсан қорытындыларымен инвесторларды қанағаттандырмады: түзетілген пайда акцияға шаққанда $0,38 болды (күтілгені – $0,42).
— Arista Networks (ANET) қағаздары шамамен 13%-ға арзандады. Үшінші тоқсандағы мықты нәтижелеріне қарамастан, төртінші тоқсанға арналған болжам инвесторларға әсер етпеді. Компания кірісі жылдық есепте 27,5%-ға өсіп, дата-орталыққа арналған шешімдерге жоғары сұраныс есебінен артты. Алайда $2,3–2,4 млрд көлеміндегі болжам нарық консенсусымен сәйкес келгенімен, жыл басынан бергі раллиден кейінгі өсу импульсын сақтай алмады.
— AMD (AMD) акциялары премаркетте шамамен 5%-ға төмендеп тұр. Компания рекордтық $9,25 млрд кіріс (+36% ж/ж) және акцияға $1,2 түзетілген пайда көрсетіп, болжамдарды асыра орындады. Ойын бағыты бойынша өсім Microsoft пен Sony консольдері өндірісінің артуына байланысты 181% ж/ж құрады, ал дата-орталық сегменті 22% ж/ж өсті. Дегенмен, инвесторлардың әсіре күтілімдері және Amazon-ның AMD-дегі барлық үлесін сату туралы жаңалығы қысым көрсетті.
— Super Micro Computer (SMCI) – AI-бумының бенефициары – акциялары 9%-ға арзандады. Компания күтулерді ақтамады және келесі тоқсанға көңіл толтырмайтын болжам ұсынды: түзетілген пайда акцияға $0,35, кіріс $5,02 млрд (күтілгені – $0,4 және $6 млрд).
— Axon Enterprise (AXON) котировкалары 21%-ға жуық құлдырады. Құқық қорғау органдарына арналған жабдық өндіруші консенсус $1,52 болған жерде $1,17 түзетілген пайда жариялады, бірақ кірісі күткеннен жоғары болды.
Кешегі сауда нарығы
4 қарашада АҚШ қор нарығы сатылыммен жабылды: S&P 500 −1,17%, Nasdaq 100 −2,07%, Dow Jones −0,53%, Russell 2000 −1,78% көрсетті.
Күрт төмендеуге технологиялық сектордағы сатылым және раллиден кейінгі пайда фиксациясы ықпал етті. «Керемет жетілік» акцияларының көбі арзандады, әсіресе Tesla (TSLA: −5,15%) және Nvidia (NVDA: −3,96%). Салалар арасында технологиялық сектор (XLK: −2,64%) аутсайдер болды, ал қаржы секторы (XLF: +0,52%) өсім көрсетті.
Маңызды макродеректер болмағандықтан, инвесторлар технологиялық акциялардың аса жоғары бағалануы жайлы алаңдаушылыққа назар аударды. Дегенмен, нарық біртіндеп таңдамалы өсім фазасына өтуде деп бағаланады.
Нарық көңіл-күйіне АҚШ федералдық үкіметінің жұмысын тоқтату (шатдаун) факторы да теріс әсер етуде. Ол ұзақтығы бойынша 2018–2019 жылдардағы рекордты жаңартты және негізгі макродеректерді жариялау мерзімдерін кешіктіріп отыр.
Компания жаңалықтары
— Denny’s (DENN: +50,4%) инвесторлар консорциумы компанияны акцияға $6,25 бағамен сатып алу туралы келісімге келді (52% премия). Келісімнің жалпы құны қарызды қоса есептегенде шамамен $620 млн.
— Starbucks (SBUX: −1,68%) Қытайдағы бизнесінің 60%-ға дейінгі үлесін Boyu Capital-ға сатуда, 40%-ын сақтай отырып, брендті лицензиялау құқығын жалғастырады. Бұл шешім Қытайдағы сатылымдардың 2025 қаржы жылында 1%-ға төмендеуі және арзан жергілікті брендтермен (мысалы, Luckin Coffee) бәсекенің күшеюі аясында қабылданды.
— Metsera (MTSR: +20,5%) үшін күрес шиеленісе түсті. Novo Nordisk (NVO: −1,75%) ұсынысын $62,5 және акцияға $24 CVR-ға дейін ұлғайтып, бұл Pfizer-дің ($60 + $10 CVR) ұсынысынан жоғары екенін мәлімдеді. Pfizer ұсынысты жақсарту үшін екі жұмыс күні ішінде жауап беруі тиіс.
— Sarepta Therapeutics (SRPT: −33,7%) компаниясының ESSENCE зерттеуінің сәтсіздігі биотехнологиялық секторға қысым түсірді. Amondys 45 және Vyondys 53 препараттары негізгі мақсатты көрсете алмады. Менеджмент мұны пандемия кезінде дозалау мәселелерімен байланыстырды.
— Shopify (SHOP: −6,9%) акцияларының төмендеуіне болжанғаннан әлсіз валовая маржа әсер етті. Компания кірісі $2,84 млрд болып, болжамды ($2,76 млрд) асыра орындады, ал жалпы тауар айналымы (GMV) 32% ж/ж өсті. Бірақ валовая маржа 51,7%-дан 48,9%-ға дейін түсті.
— Uber (UBER: −5,1%) операциялық пайда бойынша күткеннен әлсіз нәтиже жариялап, EBITDA бойынша сақ болжам ұсынды. Дегенмен компания кірісі 20% ж/ж өсіп, $13,47 млрд болды, ал таза пайдасы $6,6 млрд-қа жетті (соның $4,9 млрд — біржолғы салықтық табыс). Сапарлар саны 22% ж/ж артты.








