Нью-Йорктағы таң: жаңа рекорд күтілуде

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов әзірлеген АҚШ қор нарығына күнделікті шолуы мен болжамы.
Не күтеміз
27 маусым күнгі сессияда басты назарда жеке тұтыну шығындары индексінің (PCE) деректері болады. Консенсустық болжам бойынша бұл көрсеткіш айлық есепте +0,2 % деңгейінде өседі, жылдық орташа өсім — +0,4 % құрайды. Индекстің баяулауы импорттық тарифтердің әсеріне байланысты және инвесторларда қатты алаңдаушылық тудырып отырған жоқ. Бұл статистика АҚШ-тың ІЖӨ болжамын екінші және үшінші тоқсандар үшін нақтылау тұрғысынан маңызды.
Егер халықтың табысы мен шығындары күтілгеннен төмен болса, инвесторлар ФРЖ мөлшерлемесін төмендету мерзіміне қатысты өз бағалауларын қайта қарайды. Дегенмен біз қызмет көрсетуге деген тұрақты сұраныс тұтынуды кем дегенде +0,1 % деңгейінде ұстайды деп санаймыз, ал табыс (трансферттерсіз) шамамен +0,35 % өседі деп болжаймыз. PCE индикаторы бойынша консенсус (жалпы және базалық) мамыр айы үшін +0,1 % м/м өсімді болжайды. Біз базалық индекстің +0,2 % деңгейінде өсуін жоққа шығармаймыз. Тарифтердің инфляцияға әсері маусым айынан бастап байқала бастайды деген болжам бар.
Бейсенбі күні Мичиган университетінің маусымға арналған тұтынушылық көңіл-күй индексінің финалдық бағасы жарияланады (консенсус: 60,3 балл). Бұл көрсеткіш макроэкономикалық болжамдарға елеулі әсер етпеуі тиіс.
ФРЖ банктерге жүргізілген стресс-тест нәтижелерін жариялайды.
Саудагерлердің назарында АҚШ пен оның сыртқы сауда серіктестері арасындағы келіссөздер барысы. Бұған дейін Ақ үй Қытаймен сауда келісіміне қол жеткізілгенін хабарлаған, бірақ егжей-тегжейлі мәліметтер әлі жарияланған жоқ. АҚШ Сауда министрі Скотт Бессенттің айтуынша Пекин Вашингтон енгізген бірқатар қарсы шаралардың алынуы үшін сирек кездесетін металл экспортын шектеуге келіскен. Қаржы министрі де он сауда серіктесімен алдын ала келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Жапония және Үндістанмен келіссөздер осы аптада жалғасады, алайда маңызды келіспеушіліктер сақталып отыр. Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт импорттық баж салығын енгізу мерзімі 9 шілдеден кейінге қалдырылуы мүмкін екенін айтты. БАҚ-та ЕО АҚШ-пен мәміле жасау мақсатында тарифтерді төмендетуді және тарифтік емес кедергілерді жұмсартуды қарастырып жатқаны туралы ақпарат шықты.
АҚШ индекстеріне арналған фьючерстер қалыпты өсіммен саудалануда. Алдағы сессияға қатысты тәуекелдер балансы бейтарап деп бағаланады, құбылмалылық орташа деңгейде. S&P 500 қозғалысы 6100–6200 пункт аралығында болады деп күтіледі (алдыңғы сессия жабылу деңгейінен –0,7 %–дан +1 %-ға дейін).
Назарда
— Nike (NKE) акциялары негізгі сессиядан кейін жарияланған есепке оң реакция білдірді: компанияның акцияға шаққандағы таза пайдасы (EPS) $0,14 болды, бұл болжамнан жоғары, ал табыс $11,1 млрд-ты құрады (болжам $10,7 млрд).
— Concentrix Corporation (CNXC) котировкалары постмаркетте 6 %-ға төмендеді. Есеп бойынша түзетілген акцияға пайда $2,7 болды (болжам: $2,76), табыс $2,42 млрд (+1,5 % ж/ж), болжам $2,38 млрд. Менеджмент нәтижені тоқсан ортасында бірқатар бағдарламалардың уақытша тоқтауымен және екінші жартыжылдықта күтілетін өсім алдындағы инвестициялармен түсіндірді.
— Financial Times дерегінше Unilever (UL) инвестициялық Summit Partners компаниясынан Dr. Squatch брендін $1,5 млрд-қа сатып алуға келісті.
Кеше нарықта не болды
26 маусымдағы АҚШ биржаларындағы сауда оң аймақта аяқталды. S&P 500 0,8 %-ға, Nasdaq 100 және Dow Jones 0,94 %-ға, ал Russell 2000 1,68 %-ға өсті. Ең көп өсім көрсеткен секторлар: энергетика (XLE), қаржы (XLF) және металлургия (XLB). Көш соңында жылжымайтын мүлік секторы (XLRE) қалды. «Ғажайып жетілік» компанияларының акциялары негізінен өсім көрсетті, тек Nvidia (NVDA: −0,46 %), Tesla (TSLA: −0,54 %) және Apple (AAPL: −0,28 %) теріс аймақта саудаланды.
Ақ үйдің ФРЖ-ны мөлшерлемені төмендету цикліне көшуді жеделдетуге итермелеуі және осы жазда жаңа төрағаның кандидатурасы ұсынылуы мүмкін деген қауесеттер инвесторлар қызығушылығын арттыра түсті.
Мамыр айында ұзақмерзімді тұтыну тауарларына тапсырыстар көлемі күтпеген жерден 16,4 %-ға артты. Макроэкономикалық ахуалды бағалау үшін маңызды базалық көрсеткіш сәуір айындағы –1,5 %-дан кейін +1,7 %-ға өсті.
ЖІӨ бойынша финалдық бағалау: 2024 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ экономикасы –0,5 %-ға қысқарды (бұған дейін –0,2 % деп есептелген). Тұтыну өсімі 1,2 %-дан 0,5 %-ға қайта қаралды. PCE индексі мен базалық дефляторының ақырғы бағалауы 0,1 б.п.-ға жоғарылап, тиісінше 3,8 % және 3,5 % деңгейінде түзетілді.
Жұмыссыздық бойынша алғашқы жәрдемақыға өтініш саны 236 мыңды құрады (консенсус: 247 мың). Бірақ қайталама өтініштер саны 2021 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары көрсеткішке — 1,974 млн-ға жетті.
Компания жаңалықтары
— Wall Street Journal дерегінше CoreWeave (CRWV) Core Scientific (CORZ: +33 %) компаниясын сатып алу туралы келіссөздерді жалғастыруда.
— AeroVironment (AVAV: +15,9 %) акциялары Ақ үйдің келесі жыл бюджетінде жоғары технологиялы зымырандар мен дрондарды сатып алуға шығындарды арттыру жоспары туралы жаңалықтардан кейін өсті.
— Tesla (TSLA: −0,54 %) басшысы Илон Маск өндіріс және операциялар жөніндегі вице-президентті жұмыстан босатты. Бұл шешім компанияның негізгі нарықтарындағы автокөлік сатылымы төмендеген тұста қабылданды.








