БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Revolut-тағы қате бұрынғы қызметкерлермен жанжалға ұласты — FT

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Revolut-тағы қате бұрынғы қызметкерлермен жанжалға ұласты — FT

Британдық финтех Revolut бұрынғы қызметкерлерімен жанжалдың ортасында қалды. Financial Times мәліметінше, компания акцияларын сатқаннан түскен табысқа бұрынғы менеджерлер күткеннен де жоғары салық төлеуі мүмкін. Жанжалдың себебі — Revolut акция опциондарын қашан іске асыруға болатыны туралы қате ақпарат берген. Соның салдарынан экс-менеджерлер төмендетілген салық мөлшерлемесіне үміткер болу мүмкіндігін жоғалтқан. FT дереккөздерінің бірінің айтуынша, Revolut қателігін мойындаған.

Егжей-тегжейі

FT дерегінше, Revolut ондаған бұрынғы менеджермен опциондар туралы дұрыс емес ақпаратқа байланысты келіспей отыр. Газет өз дереккөздеріне және Revolut-тың ішкі хат алмасуына сүйенген. Мәлімет бойынша, желтоқсанда Лондондағы необанк бұрынғы қызметкерлеріне Revolut акцияларының бір бөлігін сатқаннан түскен пайдадан ұлттық сақтандыру жарналары мен табыс салығын төлеу керегін хабарлаған.

Бұл бұрынғы қызметкерлер үшін күтпеген жағдай болған, деп жазады FT. Олар мәмілелері тек капитал өсіміне салынатын салыққа түседі деп ойлаған, оның мөлшерлемесі 24%. Ал табыс салығы мен ұлттық сақтандыру жарналарының жоғарғы жиынтық мөлшерлемесі 47%-ға дейін барады. Айырмашылық үлкен болуы мүмкін. Бұрынғы қызметкерлер компанияға ұжымдық өтініш жіберген.

Revolut Financial Times сұрағына пікір бермеген.

Бұл қалай болды?

Келіспеушіліктің мәні — Revolut бұрынғы қызметкерлерге акция опциондарын (CSOP) қашан іске асыруға болатыны туралы бұрын берген ақпаратында. FT жазуынша, мұндай опциондар компанияларда қызметкерлерді ұстап қалу және ынталандыру үшін қолданылады. Әдетте оларды беруінен кейін 3 жылдан соң іске асыруға болады, ал қызметкер жұмыстан кетсе — қысқа мерзім ішінде, көбіне шамамен 2 айда.

Бірақ Revolut кейбір опцион иелеріне іске асыру мерзімі 60 күннен 10 жылға ұзартылды деп қате хабарлаған.

FT танысқан хат алмасуға қарағанда, Revolut бұл қатені ішкі тексеріс кезінде анықтаған. Компания бұрынғы қызметкерлерге мерзімді 10 жылға ұзарту Ұлыбританияның салық қызметі үшін “жарамсыз ететін оқиға” болып саналатынын түсіндірген. Яғни пайдаға табыс салығы мен сақтандыру жарналары салынады. Revolut бастапқы ақпараттың дұрыс болмағанын мойындап, қызметкерлерге жеке салық кеңесін алуға кеңес берген. Бұл туралы FT дереккөзі айтқан.

CSOP бойынша заңгердің айтуынша, 60 күннен 10 жылға ұзарту “екіталай” көрінген. Оның пікірінше, қазір істеп жүрген және бұрынғы қызметкерлерге бірдей салық жеңілдігін беру коммерциялық тұрғыда қисынсыз және кадрды ұстап қалуға ынталандырмайды.

Контекст

Жанжал Revolut бұрынғы қызметкерлерге акцияларын компанияға қайта сатуды ұсынғаннан кейін басталған. FT дерегінше, осы buyback кезінде Revolut $52 млрд деп бағаланған. Ал қарашада финтех $75 млрд бағалаумен инвестиция тарту раундын өткізген.

Бастапқыда сервис қызметкерлерге: бұл раундқа қатысу міндетті, әйтпесе опциондар жарамсыз болады деп хабарлаған. Кейін компания позициясын өзгертіп, buyback-қа қатысу ерікті екенін еске салған. Мұны компанияға жақын дереккөз айтқан.

Buyback-қа қатыспаған және акциялары формалды түрде күшін жоғалтқан қызметкерлерге Revolut қағаздарды 1:1 қатынаста жаңасына ауыстыруды ұсынған. Бірақ FT мәліметінше, олар да сатқан жағдайда CSOP бойынша салық жеңілдіктерін ала алмайды.

Финтех-банктің негізін қалаушы әрі бас директоры Николай Сторонский желтоқсанда “Это Осетинская” YouTube арнасына берген сұхбатында 2024 жылдан бері Revolut-тағы үлесі 25%-дан 29%-ға өскенін айтқан. Оның сөзінше, үлес компания құнының өсуіне байланысты мотивациялық бағдарлама арқылы артқан. Бағдарлама Tesla-дағы Илон Масктың сыйақы жүйесіне ұқсас. “Менде қазір 29% бар, әрі белгілі бір мақсаттарға жетсем тағы 10% қосымша болады”, — деген ол.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары