Сарапшылар АҚШ акцияларының 20%-ға құлдырау қаупі туралы ескертуде

АҚШ-тың негізгі S&P 500 акциялар индексі мұнай бағасының қымбаттауы салдарынан инфляцияның күрт өсуі жағдайында 20%-ға төмендеуі мүмкін, деп ескертті RBC Capital Markets сарапшылары. Олардың бағалауынша Таяу Шығыстағы қақтығыс неғұрлым ұзаққа созылса, АҚШ акциялары үшін соғұрлым теріс әсер етеді. Басқа стратегтер, атап айтқанда, Morgan Stanley сарапшылары әзірге АҚШ компанияларының табысы мен қор нарығының келешегіне қатысты оптимизмін сақтап отыр.
Егжей-тегжейлі
RBC Capital Markets стратегтерінің Bloomberg келтірген есебіне сәйкес АҚШ акциялары нарығы үшін ең нашар сценарийде S&P 500 индексі мұнай бағасының өсуі аясында инфляцияның күрт үдеуінен 20%-ға, 4800 тармаққа дейін төмендеуі мүмкін.
Олар барлығы үш түрлі сценарийді сипаттады. Олардың айтуынша Таяу Шығыстағы қақтығыс ауқымдырақ болып, ұзаққа созылған сайын АҚШ акцияларына әсері соғұрлым теріс болмақ. Ең пессимистік сценарий бойынша индекстің 4800 тармаққа дейін құлдырауы келесі жағдайларда болуы мүмкін: АҚШ-та инфляция 4%-ға дейін үдейді, компаниялардың табысы өсуді тоқтатады, Федералды резерв мөлшерлемені тек екі рет төмендетеді, ал 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігі қазіргі деңгейде қалады.
Бірша байыпты сценарий бойынша индекс шамамен 13%-ға, 5200 деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін, деп болжайды RBC стратегтері. Бұл жағдайда олар компаниялардың биылғы табысы 7% өседі деп күтеді. RBC-нің жыл соңына арналған мақсатты көрсеткіші — 5730 тармақ, бұл ағымдағы деңгейден шамамен 4%-ға төмен.
Басқа стратегтер не дейді
Bloomberg атап өткендей, басқа стратегтер АҚШ компанияларының табысы мен қор нарығының болашағына қатысты оптимизмін сақтап отыр. Morgan Stanley компаниясының өкілі Майкл Уилсон 16 маусымдағы жазбасында кейбір көрсеткіштер келесі жылы корпоративтік табыстың күтілгеннен жоғары болатынын меңзейтінін атап өтті.
Контекст
Apollo Global Management компаниясы Израиль мен Иран арасындағы өзара соққылардан кейін мұнай бағасының күрт өсуі АҚШ-та стагфляция қаупін күшейткенін ескертті — бұл бағалардың өсуі мен экономиканың баяулауы қатар жүретін жағдай. 13 маусымда мұнай бағасы 7%-ға өсіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары біркүндік өсімді көрсетті. 16 маусымда мұнай қымбаттауды жалғастырды.
Эскалация Ормуз бұғазы арқылы жүктерді тасымалдауда ұзаққа созылатын үзілістерге әкелсе мұнай бағасы екі есеге, яғни барреліне 150 долларға дейін көтерілуі мүмкін, бұл 2008 жылғы рекордтық деңгейден де жоғары, деп мәлімдеді ING Groep NV тауарлар бойынша стратегия бөлімінің басшысы Уоррен Паттерсон.








