SpaceX пен EchoStar арасындағы мәміле телеком-алыптардың акциясын құлатты

8 қыркүйектегі саудада америкалық телекоммуникациялық компаниялардың котировкасы 2–4% құлдырады. Себебі, Илон Масктің SpaceX компаниясы спутниктік EchoStar компаниясынан радиожиілік спектрін пайдалану лицензияларын шамамен $17 млрд-қа сатып алатыны туралы жаңалық болды.
Егжей-тегжейлі
— Verizon телекоммуникациялық компаниясының акциясы 8 қыркүйектегі сауда барысында 3%-дан астамға құлдырап, ай ішіндегі минимумға жетті. Сауда жабылғанда қағаздардың құлдырауы 2,4%-ды құрады.
— T-Mobile сымсыз байланыс операторының котировкасы сауда барысында одан да қаттырақ — 6% төмендеп, айлық минимумды жаңартты. Сауда жабылғанда құлдырау 3,9%-ды құрады.
— AT&T қағаздары бір сәтте 4,5% құлдырады. Күн соңына қарай құлдырау баяулап, 2,3%-ды құрады.
— Илон Масктің Starlink-імен бәсекелесетін спутниктік AST SpaceMobile компаниясының акциясы күндіз 14% қатты құлдырап, маусымнан бергі минимумға жетті. Дегенмен кейін құлдыраудың көп бөлігін қайтарып, негізгі сессияны 3,9% минуста жапты.
Қандай оқиға болды?
Инвесторлардың жылдам реакциясына Масктің SpaceX компаниясының келісімі түрткі болды. Ол EchoStar операторынан радиожиілік спектрін пайдалану лицензияларын $17 млрд-қа сатып алуға келісті. SpaceX бұл жиіліктерді жаңа буын Starlink Direct-To-Cell спутниктік жүйесін іске қосу үшін пайдаланбақ. Сонымен қатар компаниялар ұзақ мерзімді келісімге қол қояды: EchoStar бренді Boost Mobile абоненттері жаңа буын Starlink желісіне қол жеткізе алады.
Baron’s түсіндіргендей, сымсыз қоңырауларды жеткізетін жиіліктер – әрбір мобильді компанияға қажет шектеулі ресурс. «Қаладағы екі радиостанция бір жиілікте хабар тарата алмайтыны сияқты, AT&T, Verizon Communications және T-Mobile US секілді компанияларға өз клиенттерінің қоңырау шалуына және деректерді жеткізуіне жиіліктер қажет», — деп жазады басылым.
Жиіліктердің бағасы шарықтап өсіп жатыр, ал SpaceX-пен келісім Boost Mobile-ды ірі үш байланыс операторына мықтырақ бәсекелеске айналдырады, деп атап өтеді басылым.
Бұған қоса, T-Mobile-дың да SpaceX-пен спутниктік байланыс қызметін көрсету жөнінде келісімі бар. Бірақ New Street Research сарапшысы Блэр Левин енді оның тағдыры туралы сұрақ туындағанын ескертті. «Біз қысқа мерзімде бәрі жоспарланғандай жүретініне сенеміз, бірақ ұзақ мерзімді амбициялары екі компания арасында қайшылық тудырмай ма деген қызығушылық бар», — деп жазды ол.
8 қыркүйектегі саудада EchoStar акциялары 20% шарықтады. Келісім шарттарына сәйкес, ол жиіліктер үшін төлемнің жартысын қолма-қол, жартысын – әлемдегі ең қымбат аэроғарыштық компания саналатын SpaceX акциясымен алады. Бұл мәміле EchoStar-ға балансын қалпына келтіруге көмектеседі — барлық транзакциялар аяқталғаннан кейін оның қолындағы қолма-қол қаражат қарызынан көп болады, деп атап өтті New Street Research сарапшысы Филип Бернетт.








