БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Иранға соққы қаупінен мұнай қымбаттады, АҚШ-тың ҚХР-ға санкциясы өтпеді

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: Иранға соққы қаупінен мұнай қымбаттады, АҚШ-тың ҚХР-ға санкциясы өтпеді

Израильдің Ирандағы ядролық нысандарға шабуыл жасайтыны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы күрт өсті. Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг АҚШ-тың Қытайға ЖИ-чиптерін экспорттауға бақылау орнату әрекеті сәтсіз болғанын мәлімдеді, өйткені бұл тек Huawei секілді жергілікті өндірушілердің нарықтағы үлесінің артуына әкелді. Илон Маск Tesla сатылымының төмендеуіне қатысты алаңдаушылықты жоққа шығаруға тырысты, сұраныс жоғары болып қала беретінін атап өтті. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар 21 мамырдағы таңғы  шолуда.

Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасамақ деген ақпараттан кейін мұнай күрт қымбаттады

CNN жариялаған АҚШ-тың жаңа барлау деректеріне сәйкес Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg. Осы мәлімет жарияланғаннан кейін мұнай бағасы күрт өсті.

Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,5%-ға қымбаттап, барреліне $66-дан асты. Ал West Texas Intermediate (WTI) 3,5%-ға дейін өсті. CNN дереккөздеріне сүйенсек , Израиль соққы жасау туралы түпкілікті шешім әлі қабылдамаған.

Bloomberg атап өткендей, өткен аптадан бері мұнай нарығында құбылмалылық жоғары. Бұл АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздер туралы қарама-қайшы ақпараттармен байланысты. Бұл келіссөздер Иран мұнайының нарыққа қайта оралуына ықпал етуі мүмкін, ал нарық жылдың екінші жартысында ұсыныс артып кетеді деп күтіп отыр. Израиль тарапынан кез келген соққы бұл келіссөздерді үзіп, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты күшейтеді. Айта кетейік, әлемдік мұнайдың үштен бірі осы өңірден жеткізіледі.

Westpac Banking Corp. компаниясының шикізат пен көміртек нарығын зерттеу бөлімінің жетекшісі Роберт Ренни былай деді: «Бұл – АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің маңыздылығы қаншалықты жоғары екенін және Иран коммерциялық ядролық қуатын сақтап қалуға тырысса, Израиль қаншалықты шектен шығуы мүмкін екенін көрсететін айқын белгі. Келіссөздерден нақты нәтиже шықпайынша, мұнайда тәуекелдік үстеме сақталады».

Илон Маск: xAI мен Tesla Nvidia және AMD чиптерін сатып алады

CNBC хабарлауынша Илон Маск Tesla және xAI компаниялары Nvidia мен AMD-ден чип сатып алуды жалғастыратынын айтты. Масктың сөзінше әлеуметтік платформа X-ке иелік ететін xAI компаниясы Теннесси штатындағы Мемфис қаласындағы Colossus нысанына 200 мың графикалық процессор (GPU) орнатып қойған. Сонымен қатар, ол Мемфистен тыс жаңа орталық салып, онда 1 миллион GPU орнатуды жоспарлап отырғанын айтты.

Маск нақты қанша чипке тапсырыс берілгенін ашып айтпады. «Бірнеше жыл бұрын мен айқын болжам жасаған едім – ЖИ-дің басты шектеуі чиптер болады», – деді ол.

Оның айтуынша, Tesla компаниясында Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында орналасқан Dojo суперкомпьютері автопилот жүйелері мен Optimus роботтарын оқыту үшін қолданылады. Өткен жылы Маск Nvidia-ға xAI үшін үлкен партия GPU жеткізуді Tesla-дан бұрын орындауды бұйырған.

Маск Катарда: Tesla-ға сұраныс «жақсы»

Илон Маск Катардағы экономикалық форумда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру департаментіне (Department of Government Efficiency, DOGE) қатысуына байланысты сындарға жауап берді.

Одан Tesla-ның бірінші тоқсанда және сәуірде, әсіресе Еуропада, сатылымы төмендегені туралы сұрағанда, Маск жағдай жақсарғанын айтты. Оның айтуынша бұл – компания үшін ең әлсіз нарық, бірақ «басқа өңірлерде бәрі жақсы». «Сату көрсеткіштері күшті, сұраныс бойынша мәселе жоқ», – деді Маск. Yahoo Finance болса нақты статистика бұған қарама-қайшы жағдайды көрсетіп отырғанын ескертуде.

Маск сонымен қатар сөзінде: «Tesla-ның бизнес жағдайын ең нақты көрсететін – нарықтың өзі. Егер нағыз инсайдерлік ақпарат керек болса – акция бағасына қараңыз. Қаржы талдаушылары мұның бәрін бағаларға енгізіп қойған. Егер жағдай нашар болса, акциялар тарихи максимум деңгейінде сатылмас еді. Бәрі жақсы, уайымдамаңыздар» деп атап өтті.

Tesla акциялары биыл біршама қалпына келгенімен, жыл басынан бері 13%-ға төмендеп, тарихи максимумнан 30%-ға арзан. Сейсенбіде акциялар күн ішінде 3%-ға жуық өскенімен, сауданы небәрі 0,5%-дық өсіммен жапты.

Nvidia басшысы: Қытайға ЖИ-чип экспортын шектеу шарасы сәтсіз болды

Reuters агенттігінің хабарлауынша Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг АҚШ-тың Қытайға жасанды интеллект чиптерін экспорттауға шектеу қою әрекетін сәтсіз деп атады. «Жалпы алғанда, экспорттық бақылау – сәтсіздікке ұшырады», – деді Хуанг. «ЖИ-дің таралуын шектеу бойынша бастапқы болжамдар түбегейлі қате болған», – деп қосты ол.

АҚШ үкіметінің озық ЖИ-чиптерін Қытайға жеткізуге тыйым салуы қытайлық компанияларды Huawei секілді жергілікті өндірушілерден чиптер сатып алуға итермеледі. Сонымен қатар, бұл Пекинді шетел жеткізушілерінен тәуелсіз ішкі өндіріс тізбегін дамытуға белсенді инвестиция салуға итермеледі.

Бұл мәлімдеме Қытай дүйсенбі күні АҚШ-тан «қателіктерін дереу түзетуді» және «дискриминациялық шараларды тоқтатуды» талап еткеннен кейін айтылды. Бұл – Вашингтонның америкалық компанияларға қытайлық чиптерді, соның ішінде Huawei-дің Ascend AI өнімдерін пайдаланбауға кеңес берген ұстанымына Қытай жауабы еді.

Қытай Сауда министрлігінің деректеріне сүйенсек, АҚШ әрекеттері Женевада өткен жоғары деңгейдегі екіжақты сауда консультацияларында қол жеткізілген келісімдерді «айтарлықтай бұзды». Қытай тарапы мүддесіне нұқсан келсе, қатаң шаралар қабылдайтынын ескертті.

Тайбэйде өткен Computex көрмесінде сөйлеген сөзінде Хуанг сонымен қатар Nvidia-ның Қытай нарығындағы үлесі Джо Байден президент болған сәттен бастап 95%-дан 50%-ға дейін төмендегенін айтты.

Нарықтардағы жағдай

Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі нарықтар сәрсенбіде көбіне өсіммен саудаланды. Бұл Уолл-стриттегі алты күндік өсім сериясы үзіліп, төмендеумен аяқталғаннан кейін болды.

— Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,23%-ға төмендеді. Бұл елде экспорт екі ай қатарынан бәсеңдеп жатқанын көрсетті. Сарапшылар бұл жағдайға Дональд Трамп енгізген тарифтердің қысымы әсер етуде дейді.

— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,58%-ға өсті, ал шағын капитализациялы Kosdaq индексі 0,95%-ға көтерілді.

— Австралиялық S&P/ASX 200 индексі 0,43%-ға артты.

— Гонконгтағы Hang Seng индексі сауда ашылған кезде 0,45%-ға өсті, ал Қытайдың CSI 300 индексі айтарлықтай өзгеріссіз қалды.

— АҚШ акцияларының фьючерстері алты күндік өсім сериясы тоқтағаннан кейін айтарлықтай өзгерген жоқ. S&P 500 және Nasdaq 100 фьючерстері 0,2%-ға төмендеді. Dow Jones Industrial Average фьючерстері де 0,2%-ға азайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары