БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы шолу: Трамп ФРЖ-ға сапармен бармақ, Tesla антирекорд орнатты

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Таңғы шолу: Трамп ФРЖ-ға сапармен бармақ, Tesla антирекорд орнатты

АҚШ президенті соңғы жиырма жылда алғаш рет бейсенбі күні Федералдық резерв жүйесіне (ФРЖ) ресми сапар жасайды. Бұл ретте Джером Пауэллге қысым күшейе түсуде. Alphabet-тің екінші тоқсан бойынша есебі болжамдардан асып түсті, алайда капиталдық шығындардың күрт өсуі инвесторларды алаңдатты. Tesla тіпті нарықтың ең төменгі үмітін ақтай алмады. Ал Илон Масктың басқа компаниясы — Neuralink — 2031 жылға қарай жылына 20 000 операция жасап, $1 млрд табыс табуды көздеп отыр. Осы және басқа да маңызды тақырыптар — 24 шілде таңындағы шолуымызда.

Трамп ФРЖ-ға сирек сапармен барады

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні шығыс уақытымен сағат 16:00-де Федералдық резерв жүйесіне барады, деп хабарлады Ақ үй. Бұл — соңғы жиырма жылдағы америкалық президенттің ФРЖ-ға алғашқы ресми сапары. CNBC-дің мәліметінше инвесторлар бұл қадамды төраға Джером Пауэллге қысымның күшеюі ретінде қабылдауы мүмкін.

Телеарна бұл — ФРЖ-ның дәстүрлі тәуелсіздігін бұзуы мүмкін елеулі символдық қадам екенін атап өтті. Мақалада Трамптың Пауэллге деген сынын «тікелей жеткізетіні» жазылған.

Маск: Tesla үшін ауыр жыл болады

Илон Маск соңғы онжылдықтағы ең нашар тоқсандардың бірінен кейін Tesla үшін алдағы жыл ауыр болатынын ескертті, деп жазады Bloomberg. Ол АҚШ-тағы электромобильдерге берілетін субсидиялардың тоқтатылуы мен автономды технологияларды енгізудің созылмалы процесін атап өтті. Масктың айтуынша Tesla үшін «сенімді» экономика тек 2026 жылдың соңына қарай қалпына келуі мүмкін.

Екінші тоқсандағы есеп бойынша, бір акцияға таза табыс $0,4 болды — бұл Уолл-стриттің төмен күткен үмітінің өзін ақтамады. Компанияның табысы 12%-ға төмендеп, $22,5 млрд-қа дейін қысқарды — бұл соңғы онжылдықтағы ең күрт төмендеу. Автокөлік сатылымы тағы да азайды, ал орташа бағасы төмендеді. Tesla Energy бағыты да табыстың азаюын көрсетті.

Компания акциялары Нью-Йорктегі саудадан кейінгі сессияда 5,3%-ға төмендеді. Жыл басынан бері олар 18%-ға арзандады, наурыз–сәуірдегі ішінара қалпына келуге қарамастан.

Alphabet табыс пен кіріс бойынша болжамнан асты

Google-дың еншілес компаниясы — Alphabet — екінші тоқсанның нәтижелерін жариялап, табыс пен кіріс бойынша сарапшылар болжамынан асып түсті. Алайда CNBC-дің хабарлауынша компания 2025 жылға арналған капиталдық шығындар жоспарын бұрынғы болжамнан $10 млрд-қа көбейтіп отыр. Есеп жарияланғаннан кейін Alphabet акциялары саудадан кейінгі сессияда 3%-ға өсті.

Компанияның жалпы табысы жылдық есеппен 14%-ға артып, $96,43 млрд болды (болжам — $94 млрд). Таза пайда $28,2 млрд болды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Іздеу мен жарнама саласы өсуді жалғастыруда: іздеу $54,19 млрд, ал жарнама $71,34 млрд әкелді — бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға көп.

Alphabet жасанды интеллектке инвестицияны ұлғайтпақ: ақпанда капзатраттар $75 млрд болады деп күтілсе, енді бұл сома $85 млрд-қа дейін өсті. Қаржы директоры Анат Ашкеназидің айтуынша, 2026 жылы шығындар одан да көбірек болады — бұлтты өнімдерге жоғары сұранысқа байланысты.

IBM акциялары есептен кейін 6%-ға төмендеді

IBM компаниясының акциялары екінші тоқсанның есебінен кейін саудадан тыс сессияда 6%-ға арзандады, деп жазады CNBC. Бұл Уолл-стриттің үмітінен жоғары көрсеткіштерге қарамастан орын алды. Компания бір акцияға $2,8 пайда жариялады (күтілгені — $2,64), ал табыс $16,98 млрд болды (болжам — $16,59 млрд). Жылдық өсім 8% болды, ал бірінші тоқсандағы өсім 1%-дан төмен болған еді. Таза пайда $2,19 млрд-қа жетті (былтыр — $1,83 млрд).

Бас директор Арвинд Кришна геосаяси тұрақсыздық кейбір клиенттерді сақтыққа итермелеп отырғанын және АҚШ-тың мемлекеттік шығындары шектеулі болғанын айтты. Бірақ бұл ұзақмерзімді проблема болмайды деп сендірді. Бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша табыс 10%-ға артты, бірақ $7,43 млрд болжамына жетпеді. Red Hat-ті қамтитын гибридті бұлт бағыты 16%-ға өсті. Консалтинг қызметтері 3%-ға артып, $5,31 млрд болды. Инфрақұрылымдық бөлім 14%-ға өсіп, $4,14 млрд болды — бұл аналитиктердің бағалауынан әлдеқайда жоғары.

Кришнаның айтуынша клиенттер шығындарды жабдыққа қайта бағыттаған. Қаржы директоры Джим Кавано кешіктірілген жобалар мен өткен жылғы келісімдерді ұзартудағы кідірістерге назар аударды.

Neuralink 2031 жылға қарай жылына 20 000 операция жасап, $1 млрд табыс табуды көздейді

Илон Масктың нейроимплант өндіруші компаниясы Neuralink 2031 жылға қарай жылына 20 000 операция жасап, кем дегенде $1 млрд табыс таппақ, делінген Bloomberg агенттігі көрген соңғы инвесторлық презентацияда.

Құжатта алты жыл ішінде компания шамамен бес ірі клиника ашып, үш түрлі құрылғы нұсқасын ұсынбақ. Бірінші нұсқа — Telepathy — миды машинамен байланыстыруға арналған, екіншісі — Blindsight — зағип жандардың көру қабілетін қалпына келтіруге, үшіншісі — Deep — діріл мен Паркинсон ауруын емдеуге бағытталған.

Компанияның қаржылық болжамдары мен емдік технологияларға қатысы бар жоспары алғаш рет жария болып отыр. Маск пен Neuralink өкілдері Bloomberg-тің түсініктеме сұрауына жауап бермеді.

Бұл амбициялық мақсаттар Масктың қысқа мерзім ішінде көп нәрсеге қол жеткізгісі келетінін көрсетеді. Қазірге дейін клиникалық сынақтар аясында Neuralink импланты орнатылған пациенттер саны оннан аспайды, әрі олардың ешқайсысы көруді қалпына келтіру немесе Паркинсонды емдеу үшін қолданылмаған.

PitchBook дерегі бойынша Neuralink $1,3 млрд инвестиция тартқан, ал компанияның нарықтық бағасы $9 млрд шамасында.

Microsoft жүйесіндегі бұзушылық жүздеген компания мен ұйымға әсер етті

Microsoft SharePoint серверіндегі осалдық салдарынан зардап шеккен компаниялар мен ұйымдар саны тез артып келеді — Eye Security зерттеу компаниясының дерегінше бірнеше күн ішінде зардап шеккендер саны алты есе артқан, деп жазады Bloomberg. Шамамен 400 мемлекеттік мекеме, корпорация мен ұйым хакерлік шабуылға ұшыраған.

Eye Security мәліметі бойынша көп зардап шеккендер АҚШ-та орналасқан, одан кейін Маврикий, Иордания, Оңтүстік Африка мен Нидерландтар келеді. Бұзушылыққа ұшырағандар қатарында АҚШ-тың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқармасы бар — ол елдің ядролық арсеналын дамыту мен қолдауға жауапты. Сондай-ақ, АҚШ-тың Ұлттық денсаулық институты (NIH) да зардап шеккен. Осалдық Microsoft SharePoint жүйесімен байланысты болды.

Нарықтағы жағдай

— Жапонияның кең индексі Topix таңғы Азия саудасында 1,2%-ға өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Nikkei 225 индексі 1,1%-ға артып, сәрсенбі күні Жапония мен АҚШ арасындағы сауда келісімінен кейін өсуін жалғастырды.

— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 1,17%-ға өсті, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq 0,64%-ға төмендеді.

— Аустралияның S&P/ASX 200 индексі 0,15%-ға жоғарылады.

— Гонконгтың Hang Seng және Қытайдың құрлықтық CSI 300 индексі 0,4%-ға өсті.

— S&P 500 фьючерстері айтарлықтай өзгеріссіз қалды, Nasdaq Composite фьючерстері 0,3%-ға өсті, ал Dow Jones Industrial Average фьючерстері дәл сол мөлшерде төмендеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары