Таңғы жаңалықтар: Трамптың Иранға қойған мерзімі, мұнай $90-ға жете ме

Дональд Трамп АҚШ-тың Иранға шабуыл жасау-жасамау туралы шешімі алдағы екі апта ішінде қабылданатынын мәлімдеді. Нарықтар бұл жаңалықты сабырмен қабылдады: Азияда сауда аралас жүріп жатыр, ал Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін $77 шамасында. Дегенмен, Citigroup сарапшылары егер Ормуз бұғазы жабылса, баға $90-ға дейін көтерілуі мүмкін деп ескертеді. Осы уақытта Meta жасанды интеллект саласындағы басты тұлғаларды өзіне тарту мақсатында белсенді әрекет етіп жатыр. Осы және өзге де маңызды жаңалықтар — 20 маусымдағы таңғы шолуда.
Трамп Иранға екі апталық дедлайн қойды
АҚШ Иранға әуе соққысын жасай ма, жоқ па — бұл туралы шешімді Дональд Трамп екі апта ішінде қабылдайды, деп хабарлады оның баспасөз хатшысы. Трамп өз мәлімдемесінде: «Иранмен келіссөздер өткізу ықтималдығы жоғары — олар өтуі де мүмкін, өтпеуі де мүмкін» деп атап өтті, деп жазады Bloomberg.
Соңғы күндері Трамп Израильдің Иранға қарсы соққыларына АҚШ-тың қосылу мүмкіндігін ашық талқылап жүр. Оның соңғы мәлімдемесі бұған дейінгі қатаң риторикасынан сәл шегініс жасағанын көрсетеді. Бұған дейін Трамп Тегеран тұрғындарын эвакуациялауға шақырған еді. Bloomberg агенттігі Трамптың екі апталық мерзім белгілеп, соңында уәде еткенін орындамау жағдайлары жиі болғанын, сол себепті бұл тіркес оның президенттігі кезінде шешімнің әлі қабылданбағанын білдіретін стандартты сөзге айналғанын жазады.
Сонымен қатар, АҚШ-тағы жоғары лауазымды шенеуніктер Иранға соққы жасауға дайындықты бастап кеткен. Бұл демалыс күндері жүзеге асуы да мүмкін, деп хабарлайды агенттік дереккөздері.
АҚШ акцияларына арналған фьючерстер Ақ үйдің мәлімдемесінен кейін аздап қалпына келді, ал Жапония, Қытай және Аустралия нарықтары тұрақты қалпында қалды. Азия сессиясында Brent маркалы мұнай бағасы аптаның басындағы өсуінен кейін шамамен 2%-ға төмендеді.
Meta жасанды интеллект командасын күшейтуде
Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг жасанды интеллект саласындағы ауқымды кадрлық ізденістерін жалғастырып жатыр, деп жазады CNBC. Өткен аптада ол Scale AI негізін қалаушы Александр Ванды $14,3 млрд келісім аясында тартқан соң, назарын басқа сала жұлдыздарына аударды.
Арнаның дереккөздері хабарлағандай, енді Meta-ға Safe Superintelligence стартапының CEO-сы Даниэль Гросс және GitHub-тың бұрынғы CEO-сы Нэт Фридман қосылады. Айта кетейік, Safe Superintelligence-ті OpenAI-дің тең құрылтайшысы Илья Суцкевермен бірге құрған болатын. Бұған дейін Meta бұл стартапты $32 млрд бағамен сатып алуға және Суцкеверді өзіне тартуға тырысқан, бірақ бұл сәтсіз аяқталды.
Суцкевермен келіссөздер нәтиже бермеген соң, Цукерберг Гросспен әріптестік жайын талқылауға кіріскен. Гросс пен Фридман бірлесіп NFDG атты венчурлік қорды (аты-жөндерінің инициалдарынан құралған) басқарады, енді екеуі де Meta-ға қосылып, Ванның қол астында жұмыс істейді. Сонымен қатар, Meta NFDG қорынан үлес алады.
Компания «алдағы апталарда Meta-ның суперинтеллектке қатысты әрекеттері мен оған қосылған мықты команда туралы» егжей-тегжейлі мәлімет тарататынын растады.
Цукербергтің агрессивті кадрлық стратегиясы жасанды интеллект саласындағы таланттар үшін бәсекені күшейтіп отыр. Meta, Google және OpenAI сынды компаниялар тілдік модельдер мен AGI (жалпы жасанды интеллект) бағытында жарысып келеді.
Даниэль Гросс — тәжірибелі кәсіпкер әрі инвестор. Ол 2013 жылы Apple сатып алған Cue іздеу жүйесін құрған, кейін Siri және машиналық оқыту жобаларында жұмыс істеген. Y Combinator-дың серіктесі болған және 2023 жылы Safe Superintelligence-тің негізін қалаған.
Фридман болса, GitHub-қа дейін екі стартап құрып, 2018 жылы Microsoft сатып алған соң компанияны басқарған.
NFDG қоры Coinbase, Figma, CoreWeave, Perplexity және Character.ai секілді компанияларға инвестиция салған. Meta-мен мәміледен кейін қордың портфелі қалай өзгеретіні әзірге белгісіз.
Citigroup: егер Ормуз бұғазы жабылса, Brent бағасы $90-ға жетуі мүмкін
Bloomberg-тің хабарлауынша Ормуз бұғазы жабылса, Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін $90-ға дейін өсуі мүмкін, деп есептейді Citigroup сарапшылары. Дегенмен, олар мұндай блокада ұзаққа созылмайды деп болжайды.
«Кез келген бұғаттау — бағаның күрт көтерілуіне себеп болуы мүмкін, — дейді Citi сарапшылары Энтони Юэн мен Эрик Ли. — Бірақ жағдай ұзаққа бармайды, өйткені кеме қатынасын қалпына келтіруге бар күш жұмсалады. Сондықтан бұл бірнеше айға созылатын блокада болмауы керек».
Ормуз бұғазы — Парсы шығанағына кіретін тар өткел. Әлемдік мұнай өндірісінің шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы тасымалданады, соның ішінде Сауд Арабиясы мен Ирактың экспорты да бар.
Сонымен бірге банк Иран мұнай экспортының қысқаруы бағаға күтілгендей қатты әсер етпейді деп санайды. Себебі Иран жеткізілімдері қазірдің өзінде азайып жатыр, ал Қытайдың мұнай өңдеу зауыттары сатып алуын әлдеқашан қысқартқан.
Қазір Brent фьючерстері $77 шамасында саудалануда.
X «суперқосымша» аясында инвестиция және төлем функцияларын іске қоспақ
X (бұрынғы Twitter) компаниясының бас директоры Линда Яккарино жақын арада пайдаланушылар әлеуметтік желі арқылы инвестиция жасап, сауда жасай алатынын айтты. Бұл туралы Financial Times жазады. Бұл Илон Масктың «барлық жағдайға арналған қосымша» құруға деген амбициясын қолдайды.
Яккариноның айтуынша, X осы жылы өзінің несие немесе дебеттік картасын шығаруды да қарастырып жатыр.
Маск Twitter-ді 2022 жылы сәуірде $44 млрд-қа сатып алып, оны X деп қайта атаған болатын. Ол бірнеше рет платформаны Қытайдағы WeChat секілді суперқосымшаға айналдырғысы келетінін айтқан. Financial Times дереккөзіне сүйенсек, X осы жылы төлем шешімдерін ұсыну үшін Visa компаниясымен серіктестік орнатқан.
Маск атап өткендей, суперқосымша — бұл мобильді қосымшалардың ішінде швейцарлық пышақ сияқты құрал: ол мессенджер, әлеуметтік желі, төлем жүйесі және онлайн-дүкен функцияларын біріктіреді.
Нарықтардағы жағдай
Азия-Тынық мұхиты аймағының нарықтары жұма күні әртүрлі бағытта саудаланды. Инвесторлар Қытайдың экономикалық деректерін және Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің ушығуын бақылап отыр.
— Қытайдың континенттік CSI 300 индексі күнді бейтарап бастады, ал Гонконгтың Hang Seng 0,6%-ға өсті. Бұл Қытай халық банкі несиелік мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырғаннан кейін болды: бір жылдық ставка — 3,0%, бес жылдық — 3,5%.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,1%-ға, ал кеңірек қамтитын Topix 0,3%-ға төмендеді. Елдегі базалық инфляция мамырда 3,7%-ға жетіп, 2023 жылдың қаңтарынан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл аналитиктердің 3,6% деген болжамынан да жоғары болды.
— Оңтүстік Кореяда Kospi индексі 0,7%-ға, ал шағын компаниялар индексі Kosdaq да 0,7%-ға өсті.
— Аустралияның S&P/ASX 200 индексі 0,6%-ға төмендеді.
— АҚШ акцияларына арналған фьючерстер Азия сессиясында құлдырады. Инвесторлар Таяу Шығыстағы жағдайдың өрбуін мұқият бақылауда. АҚШ-та бейсенбі күні Juneteenth мерекесіне байланысты биржалар жабық болды.








