Volkswagen Дрездендегі зауытты ЖИ орталығына айналдырады

Volkswagen Дрездендегі «Мөлдір мануфактура» деп аталатын өндірістік алаңын жасанды интеллектке (ЖИ) және басқа да озық технологияларға арналған инновациялық орталыққа айналдыруға шешім қабылдады. Осылайша автоконцерн Германиядағы зауыттарды жаппау туралы уәдесін орындап отыр, деп түсіндіреді Bloomberg.
Компания Саксония билігімен және Дрезден техникалық университетімен алдын ала келісімге қол қойды. Келісімге сай зауыт базасында ЖИ, робототехника және микросхема жобалау бағыттарына назар аударатын кампус пен зерттеу хабы құрылады. Уақыт өте келе университет бұрынғы автозауыт аумағының шамамен жартысын пайдаланатын болады. Бірлескен зерттеу жобалары келесі жылы-ақ басталады. Volkswagen-нің айтуынша, алдағы жеті жылда автоконцерн мен университет жобаға 50 млн еуродан (58,3 млн доллардан) астам қаржы салады.
Volkswagen университеттің мықты технологиялық біліктілігін және шығыс Германияның Еуропадағы жартылайөткізгіштер саласындағы рөлінің артуын пайдаланбақ. Дрезденде Bosch, Infineon және TSMC сияқты ірі жобалар қазірдің өзінде жұмыс істейді. Volkswagen басшысы Томас Эдигтің айтуынша, VW-мен жасалған келісім өңірдің озық салалар мамандары үшін тартымдылығын одан әрі күшейтуі тиіс.
«Мен мұнда шығыс Германия үшін Стэнфордқа ұқсас бір нәрсе қалыптастырып жатырмыз деп нық сенемін. Бұл жас мамандар мен халықаралық зерттеушілерді өзіне тартатын, әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялы кампус болады. Біз бұл міндетті саксондықтардың энергиясының және Volkswagen қолдауының арқасында орындаймыз», — деп Эдигтің сөзін Bloomberg келтіреді.
Контекст
Дрездендегі зауыт былтырдан бері жабылу қаупінде болған. «Мөлдір мануфактура» 2001 жылы ашылған. Ол премиум автомобильдерді құрастырудың технологиялық процесін көрсететін, келушілер мен клиенттерге де арналған алаң ретінде жоспарланған, деп жазады Bloomberg. Зауыт жылына 6000-нан көп көлік шығара алмайтын. Агенттіктің пікірінше, ол толыққанды өндірістен гөрі имидждік жобаға көбірек ұқсады.
Жалпы алғанда кәсіпорын шамамен 150 000 автомобиль шығарды. Соңғы жылдары мұнда ID.3 электркөлігін жинады. Volkswagen осы айдың соңында автомобиль құрастыру тоқтағаннан кейін зауыттың 225 қызметкерінің 50–60-ына басқа бөлімшеге ауысу немесе мерзімінен бұрын зейнетке шығу туралы ұсыныс жасалатынын мәлімдеді.








