БастыReview
Бөлісу

Апта қорытындысы: OpenAI рекорды, АҚШ-та инфляция үдеуде, Еуропада мәмілелер көбейді

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Апта қорытындысы: OpenAI рекорды, АҚШ-та инфляция үдеуде, Еуропада мәмілелер көбейді

OpenAI ірі инвестициялық раундты аяқтауға жақын. АҚШ-тағы инфляцияның негізгі көрсеткіші оның үдеуін көрсетті. Инвесторлар жекеменшік компаниялардың IPO-дан қашқақтауы қанша уақытқа созылады деп талқылап жатыр. Осы және өзге де маңызды апталық жаңалықтар шолуымызда.

ФРЖ үшін маңызды инфляция көрсеткіші өсті

АҚШ Еңбек статистикасы бюросының деректері бойынша, азық-түлік пен энергия бағаларынан тазартылған жеке тұтыну шығындарының негізгі бағалық индексі (Core PCE) ақпанда қаңтармен салыстырғанда 0,4%-ға, ал жылдық көрсеткіш бойынша 2,8%-ға өсті. Бұл көрсеткішке АҚШ Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) инфляцияның ұзақ мерзімді үрдістерін бағалау үшін ерекше назар аударады.

CNBC жазуынша, бұл айлық өсім 2024 жылдың қаңтарынан бергі ең жоғарғы мән болды. Экономистер 0,3% және 2,7% өсім болады деп күткен.

Жалпы PCE индексі ақпанда 0,3%-ға, ал жылдық мәні 2,5%-ға артты.

Bloomberg мәліметінше, инфляция тұрақты сипатқа ие болып отыр, ал Трамп жоспарлап отырған тарифтер инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. ФРЖ мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтап қалуы ықтимал — кем дегенде Трамптың нақты жоспарлары белгілі болғанға дейін.

CNBC CFO Council 2025 жылдың I тоқсанына жасаған сауалнамасына сәйкес, АҚШ-тағы ірі компаниялардың қаржы директорлары сауда саясаты, инфляция және тұтынушылық сұраныстың төмендеуі негізгі қатерлер қатарында екенін атап өтті. Олардың 60%-ы АҚШ-та 2025 жылы рецессия болады деп күтсе, 15%-ы оны 2026 жылы болады деп есептейді. Салыстыру үшін: өткен жылдың соңында рецессияны жақын арада күткендер небары 7% болған. Сонымен қатар, егер рецессия орын алса, қаржы директорларының 90%-ы оның жеңіл (40%) немесе қалыпты (50%) болатынына сенімді.

OpenAI рекордтық инвестиция тарта алады

Bloomberg деректеріне сүйенсек, OpenAI 40 млрд доллар көлеміндегі ірі инвестициялық раундты аяқтауға жақын. Бұл раунд барысында компания 300 млрд доллар деп бағалануы мүмкін — бұл 2024 жылдың қазанындағы 157 млрд долларлық бағалаудан екі есе жоғары.

Раундтың негізгі инвесторы — жапондық SoftBank Group. Сонымен қатар Magnetar Capital, Coatue Management, Founders Fund және Altimeter Capital да қатысуда. SoftBank бастапқы кезеңде 7,5 млрд доллар, қалғандары — 2,5 млрд доллар инвестиция салмақ. 30 млрд долларлық екінші транш биыл кейінірек күтіледі. Оның ішінде 22,5 млрд долларын SoftBank, ал қалған 7,5 млрд долларын синдикат жабады.

Bloomberg мәліметі бойынша, 2025 жылы OpenAI табысын үш есеге — 12,7 млрд долларға дейін арттырмақ. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 29,4 млрд долларға жетуі мүмкін. Дегенмен, компания ірі AI-модельдерді әзірлеуге көп қаржы жұмсайды. Bloomberg бұл жағдайда OpenAI оң қаржы ағымын тек 2029 жылы ғана көрсете алады деп болжайды — сол кезде оның табысы 125 млрд доллардан асады.

Жеке компаниялар IPO-ны баяулатуда

Bloomberg мәліметінше, OpenAI, Anduril Industries, Databricks сынды жекеменшік компаниялар нарыққа шықпай-ақ миллиардтаған доллар тартып отыр. Бұл Wall Street-те жеке капитал нарықтарының тұрақты құрылымдық өзгерістерге ұшырағанын көрсетеді.

Barclays-тен Роб Стоу мұны «құрылымдық ауысым» деп атайды. «Мәңгілік жекеменшік» компаниялар қызметкерлеріне акцияларды екінші нарықта сатып, ашық нарықтардағы құбылмалықтан аулақ болуға мүмкіндік береді. Алайда, түптің түбінде жүздеген компанияның ашық нарыққа шығуы қажет болады, дейді агенттік.

Bloomberg атап өткендей, 2022 жылдан бері IPO арқылы АҚШ-та тек 104 млрд доллар тартылған — бұл 2021 жылдың екінші жартысындағы көрсеткіштен де аз.

CoreWeave-тің IPO-сынан түскен қаржы күткеннен аз болды

CoreWeave 27 наурызда 1,5 млрд доллар тартып, 2025 жылғы ең ірі технолоиялық IPO-лардың бірін өткізді. Дегенмен бұл жоспарланған көлемнің жартысы ғана. Financial Times бұл инвесторлардың AI инфрақұрылымына деген қызығушылығы бәсеңдегенін көрсетеді деп жазды.

Компания бастапқыда 4 млрд доллар тартып, 49 млн акцияны $47–55 диапазонында сатуды көздеді. Бірақ ақыр соңында акциялар $40 бағамен 37,5 млн дана көлемінде сатылды. Биржаға шыққан кезде CoreWeave 23 млрд долларға бағаланды.

Bloomberg және FT дерегінше, CoreWeave акционері әрі серіктесі Nvidia IPO-ға 250 млн доллар инвестиция салды.

Еуропада блок-мәмілелер бумы

Bloomberg жазуынша, 2025 жылы Еуропада блок-мәмілелер көлемі 26 млрд долларға жетті — бұл XXI ғасырдың басынан бергі ең ірі көрсеткіш. Бұл мәмілелерде акциялар нарықтан тыс сатылады. Pfizer Haleon капиталынан шықты, ал мемлекеттер бұрынғы дағдарыс кезіндегі банктердегі үлестерін сатты.

Stoxx 600 индексі жылдың басынан бері жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Нарықтың өсуінен кейін ірі акционерлер акцияларын жеңілдікпен сатуға асығуда. Ferrari мен Sandoz акциялары 6 млрд долларға сатылды. Galderma-ның акциялары 1,34 млрд швейцар франкіне сатылды.

Panmure Liberum-нен Марк Тейлор мұны соңғы онжылдықтағы ең сәтті кезең деп бағалайды. Shore Capital-ден Бен Ролфтің пікірінше, құбылмалылық инвесторларды жылдам әрекет етуге итермелеуде.

Jefferies-тің Лука Эрпичи алдағы айларда блок-мәмілелердің негізгі көзі — корпоративтік құрылымдар мен отбасылық кеңселер болады деп санайды.

Түркиядан 16 млрд доллар кетіп қалды

Financial Times жазуынша, Стамбул мэрі Экрем Имамоглудың қамауға алынуы инвесторларды дүрліктіріп, лира мен акциялар нарығын құлдыратты. Түркиядан 16 млрд доллар капитал кеткен.

28 наурызда Borsa Istanbul 100 индексі 9659 пунктке жетті. Бір аптада 6,8% өсті.

Түркия орталық банкі ұлттық валютаны қолдау үшін $25 млрд-тан астам резерв жұмсады. Bloomberg жазуынша, банк басшысы Фатих Карахан мен қаржы министрі Мехмет Шимшек шетелдік инвесторлармен кездесті.

Алайда Federated Hermes-тен Мұхаммед Элми бұл интервенциялар қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары