D-Wave Quantum акциялары жаңа компьютердің таныстырылымынан кейін күрт өсті

Кванттық есептеу жүйелерін әзірлеуші D-Wave Quantum компаниясының акциялары 20 мамырда 26%-ға қымбаттады. Компания жаңа кванттық компьютерді сатылымға шығарды, ол қазір 40 елдегі ғылыми мекемелер мен бизнеске қолжетімді. Бір жылда D-Wave Quantum нарықтық құны 1200%-дан астам өсті, бірақ Benchmark аналитиктері бұл өсімді ұзақмерзімді инвесторлар емес, трейдерлер басқарып отыр деп есептейді.
Егжей-тегжейлі
D-Wave акциялары Nasdaq биржасында 20 мамыр, сейсенбі күні 26%-ға көтеріліп, бір акция $16,5 болды. Бұл — компания тарихындағы ең жоғары баға. Өсім жаңа Advantage2 деп аталатын кванттық есептеу жүйесінің іске қосылғаны туралы хабарландырудан кейін басталды.
Жаңа компьютер алдыңғысынан 40%-ға қуатты және кванттық шу 75%-ға төмендетілген — бұл индустриядағы басты проблемалардың бірі, себебі шу жүйелердің қателесуіне әкеледі. Шудың төмендеуі күрделі тапсырмаларды тез әрі дәл орындауға мүмкіндік береді. Advantage2 қазірдің өзінде 40 елде бұлттық сервис арқылы сатылымға шықты, бірақ бағасы жарияланбады.
Cарапшылар не дейді
Жыл басынан бері D-Wave акциялары 97%-ға, ал соңғы 12 айда 1000%-дан астам өсті. Дегенмен, Benchmark сарапшысы Дэвид Уильямс бұл раллиге күмәнмен қарайды: қазіргі баға өсімін инвесторлар емес, трейдерлер басқарып отыр деп есептейді. Компания үшін акция бағасының біртіндеп өсуі тиімді болар еді, себебі бұл технологияға сенетін және ұзақмерзімді мақсаттарға үміт артатын тұрақты инвесторлардың бар екенін білдірер еді. Бұл акциялардың тұрақтылығын арттырып, құбылмалылығын азайтар еді. Уильямстың пікірінше сейсенбі күнгі өсім трейдерлердің жедел пайда табу немесе мүмкіндікке үлгермей қалу қорқынышымен сатып алғанын көрсетеді.
Соған қарамастан, MarketWatch деректеріне сәйкес D-Wave акцияларын бақылайтын алты аналитиктің барлығы оларды сатып алуға кеңес береді. Алайда нарықтық баға орташа мақсатты $12,83 деңгейінен асып түсті.
Нарық қалай дамып жатыр
D-Wave Quantum — кванттық компьютерлерді ғылыми зертханалардан коммерциялық нарыққа алғаш шығарған әзірлеуші. Оның клиенттері қатарында Жапонияның ірі телекоммуникация провайдері NTT Docomo мен Канададағы Pattison Food Group супермаркеттер желісі бар.
Алайда индустрия бизнес саласында әлі жаңа ғана дамып келеді. Желтоқсан айында Microsoft жаңа кванттық есептеу чипін — Willow-ды таныстырды. Бұл салада маманданған стартаптар да жоғары сұранысқа ие: өткен аптада Бостондағы QuEra Computing компаниясы 230 млн доллардан астам қаржы жинағанын хабарлады. Израильдік кванттық жүйелерге арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеуші Classiq те 110 млн доллар инвестиция тартты.
Бұл технологияны дамытуға АҚШ президенті Дональд Трамп қолдау білдіріп отыр. 2018 жылы ол елдегі осы саланы дамыту жоспары — Ұлттық кванттық бастама туралы заңға қол қойды. 2025 жылдың мамырында Техас штатының Өкілдер палатасы осындай аймақтық бағдарламаны қабылдады.








