БастыSmall CapsЖаңалықтар
Бөлісу

Heartflow IPO: Жүрекке арналған 3D-модельдеу үшін ЖИ-платформа акциялары саудалануда

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Heartflow IPO: Жүрекке арналған 3D-модельдеу үшін ЖИ-платформа акциялары саудалануда

Жүрекке арналған 3D-модельдеуді жүзеге асыратын жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық жасақтама жасаушы Heartflow медтех-компаниясының акциялары Freedom клиенттеріне арналған сауда жүйесінде қолжетімді болды. Компания мәлім еткендей, Heartflow акцияларды орналастыру арқылы 316,7 млн доллар тартты. Бұл – бұрынғы листинг әрекетінің сәтсіз аяқталуынан кейін үш жылдан аса уақыт өткен соң жүзеге асты. Акциялар HTFL тикерімен орналастырылды. Nasdaq биржасындағы сауда бірнеше сағаттан кейін басталады.

Егжей-тегжейі

Heartflow IPO барысында 316,7 млн доллар қаржы тартты. Компания 16,67 млн акцияны 19 доллардан сатты. Бұл бастапқы 17–18 долларлық баға ауқымынан жоғары. Алғашында компания 12,5 млн акцияны 15–17 доллар аралығында орналастыруды жоспарлаған. Бұл ақпараттар реттеуші органдарға тапсырылған құжаттардан белгілі болды.

Листинг қорытындысы бойынша Heartflow компаниясы 1,54 млрд долларға бағаланды. IPO ұйымдастырушылары қатарында J.P. Morgan, Morgan Stanley және Piper Sandler бар.

Акцияларды сату арқылы түскен қаражаттың бір бөлігі қарыздарды өтеуге жұмсалады. Ал қалған шамамен 130 млн долларды Heartflow компаниясы сату, маркетинг және ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыттауды жоспарлап отыр.

Компания IPO-ға алдыңғы әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін үш жылдан соң шықты. 2021 жылдың шілдесінде Heartflow SPAC-құрылым Longview Acquisition Corp II компаниясымен бірігуді жоспарлаған еді. Бұл құрылым басқа компанияларды IPO-сыз биржаға шығаруға арналған болатын.

Сол кезде Heartflow 2,4 млрд доллар көлемінде бағаланамыз деп болжаған. Алайда, 2022 жылдың ақпанында бұл мәміле нарықтағы қолайсыз жағдайларға байланысты тоқтатылды. Бұл туралы Reuters еске салады.

Компания неге қызықты?

2007 жылы негізі қаланған Heartflow компаниясы компьютерлік томография көмегімен жүрек пен коронарлық артерияларды инвазивті емес әдіспен зерттеуге арналған ЖИ-негізіндегі бағдарламалық жасақтаманы әзірлейді.

Компанияның негізгі өнімі — Heartflow FFRCT Analysis. Бұл өнім клиникалық сынақтарда дәстүрлі диагностика әдістерімен салыстырғанда 78%-ға тиімді нәтиже көрсеткен.

Аталған технология қан айналымы бұзылған аймақтардағы қан ағымын қалпына келтіруді қажет ететін пациенттерді анықтайды. Бұл туралы MedTechDrive хабарлайды.

ЖИ платформа осы кезге дейін әлем бойынша 400 000-нан астам жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастарға көмек көрсетті. Бұл ақпаратты Cardiovascular Business нақтылайды.

Компанияның монетизация моделі «pay-per-click», яғни әрбір диагноз қою әрекеті үшін Heartflow табыс табады. Дәрігер бағдарламалық жасақтаманы қолданған сайын компанияға кіріс түседі.

IPO аясында жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында компанияның табысы жылдық есеппен 38–40%-ға өсіп, 42,9–43,4 млн долларға жеткен. Бұл өсім өнімдерді пайдалану көлемінің 47%-ға артуымен байланысты, деп жазады Reuters.

2025 жылдың маусым айының соңында Heartflow компаниясының қолында 80,2 млн доллар көлемінде қолма-қол қаражат пен оның баламалары қалған. Ал наурыз айының соңында бұл сома 109,8 млн доллар болған. Қаражаттың азаюы жылдық бонустарды төлеу, IPO-ға дайындық шығындары және қарыздарды өтеумен байланысты.

Сақтандыру нарығы – жаңа мүмкіндіктер

Heartflow компаниясының биржаға шығуы бірқатар стратегиялық маңызды оқиғалармен қатар жүрді. Medicare және Medicaid орталықтары ишемиялық жүрек ауруын анықтауға және коронарлық атеросклерозды бағалауға арналған медициналық кескіндерді талдайтын цифрлық платформалар үшін кеңейтілген сақтандыруды мақұлдады. Бұл тізімге Heartflow платформасы да кірді, деп жазады MedTechDrive.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қазанынан бастап, АҚШ-тың ең ірі сақтандырушысы UnitedHealthcare жүректегі атеросклерозды (бляшкаларды) анықтауға арналған Heartflow бағдарламасын толықтай сақтандырумен қамтамасыз етеді. Бұл сақтандыру компанияның барлық қызмет салаларында күшінде болады.

Осы жағдайларды ескере отырып, Heartflow өз шешімдерінің коммерциализациясын кеңейтіп, табысын әртараптандыруды жоспарлап отыр. Себебі 2025 жылдың наурызына дейінгі есепке сүйенсек, компания табысының 99%-ы бір ғана өнімге – фракциялық қан ағынын талдау жүйесіне тиесілі болған.

Сарапшылар не дейді?

Компанияның табысының тез өсуі және жоғары валдық маржасы оны инвесторлар үшін тартымды етеді. Әсіресе ол бұрын IPO-ға шыққан Beta Bionics және Kestra Medical секілді медтех-компанияларымен ұқсас болғандықтан қызығушылық тудырып отыр. Бұл туралы IPOX басшысы Йозеф Шустер пікір білдірді. Оның сөзін Reuters келтіреді.

Дегенмен, соңғы айларда бірқатар IPO сәтсіз өткенін ескерсек, алғашқы сауда күнінен кейін инвесторлар сақтық танытуы мүмкін, дейді сарапшы.

Компанияның тұрақты өсуіне және технологиялық артықшылығына қарамастан, операциялық тиімділігі әлсіз екенін де ұмытпау керек. Бұл туралы Seeking Alpha үшін жазған колонкасында IPO сарапшысы Донован Джонс ескертеді.

Freedom сарапшысы Алем Бектемировтың пікірінше, компания үшін негізгі қауіп – Siemens Healthineers, GE Healthcare, Philips және Canon Medical Systems Corporation секілді ірі бәсекелестер. Сарапшының есебіне сәйкес, Heartflow акцияларының өсу әлеуеті шамамен 21%, яғни орналастыру бағасымен салыстырғанда.

Контекст

Heartflow-дың биржаға шығуы – медтех секторындағы ұзақ үзілістен кейінгі IPO нарығының жандану кезеңіне сай келіп отыр. Бұл туралы MedTechDrive атап өтеді.

Мәселен, Caris Life Sciences маусым айында IPO кезінде 494 млн доллар тартты. Компания жасанды интеллект арқылы ДНҚ зерттеп, жеке онкологиялық емдеу жоспарларын жасайды. Олар 23,5 млн акцияны 21 доллардан сатқан. Қазір бұл акциялар 30 доллардан жоғары бағамен саудалануда.

Сондай-ақ, бірінші тоқсанда Beta Bionics (қант диабетіне арналған шешімдер) және Kestra Medical (жүрек құрылғылары) да биржаға шыққан болатын.

Medline медициналық өнім жеткізушісі листинг жоспарларын жариялады. Ал әлемдегі ең ірі медициналық құрылғы өндірушілердің бірі Medtronic өзінің қант диабетін емдеуге арналған бөлімін жеке компанияға бөліп шығаруды жоспарлап отыр. Бұл болашақта IPO-ға әкелуі мүмкін.

Freedom арқылы сауда

Freedom клиенттері Heartflow акцияларын негізгі биржалық сессия басталғанға дейін саудалай алады. Сауда АҚШ биржалары ашылғанға дейін 2–3 сағат бұрын, яғни Астана уақытымен 15:30–16:30 аралығында басталады. Қатысу үшін HTFL.US тикерін басу қажет.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары