БастыSmall Caps
Бөлісу

Kodak қайта жанданды ма? Плёнка тренді арқылы компания табысқа жете ала ма?

Анастасия Скрынникова

Анастасия Скрынникова

Oninvest тілшісі
Kodak қайта жанданды ма? Плёнка тренді арқылы компания табысқа жете ала ма?

Kodak атауы бүгінде символдық мәнге ие. Бір кездері пленка мен фотоаппараттар өндірісінің алпауыт компаниясы керемет табысқа жеткенімен, цифрлық дәуірдің салдарын бағамдай алмады. Қазір сарапшылар Kodak-ты бизнестегі сәтсіз трансформацияның ескерту үлгісі ретінде келтіреді, ал «Kodak moment» ұраны – елеулі мүмкіндіктерді уысынан шығарып алған ірі корпорацияның тағдырын сипаттайтын тұрақты сөз тіркеске айналды.

Дегенмен, Kodak-тың бизнесі әлі де өмір сүруде. Тіпті Gen Z буынының арасында пленкамен түсіруге деген қызығушылықтың артуымен компания жаңа серпін алғандай болды. Соған қарамастан, банкрот болудан аман қалған және нарықтық құны 500 миллион доллардан төмен компания қайтадан дағдарысқа тап болудың алдында тұр. Шығындар өсіп жатыр, ал алда – қарызды өтеу мерзімі жақындап қалды.

Өнертапқыш және кәсіпкер

Kodak компаниясы XIX ғасырдың соңында Нью-Йорк штатында құрылып, суретті халыққа қолжетімді ету мақсатын ұстанды. Оның негізін қалаушы – Джордж Истмен – фотоға әуес болды және 1888 жылы әуесқойларға арналған рулонды фотоплёнкамен жұмыс істейтін алғашқы портативті камераға патент алды. Ол кезде тұтынушылар 25 долларға (қазіргі шамамен 68,3 доллар) камера сатып алып, 100 кадр түсіре алатын. Плёнка біткен соң, камераны Kodak-қа жіберетін, олар суреттерді шығарып, камераны жаңа плёнкамен қайта толтырып беретін. Бұл қызмет қосымша 10 долларға ұсынылатын. Истменнің әйгілі ұраны: «Сіз тек түймені басасыз, қалғанын біз жасаймыз».

Компанияның негізгі табысы плёнка мен химиялық заттар өндіруден, сондай-ақ суреттерді шығару және басып шығару қызметтерінен түсті. Плёнкамен байланысты ең маңызды жұмысты тікелей Истмен өзі атқарды: ол бірнеше патент алды, әрі түрлі-түсті фотосурет саласын дамытуға қомақты қаржы құйды. Kodak соншалықты ірі капиталды қажет ететін компания болды, сондықтан Истмен алғашқылардың бірі болып қызметкерлеріне жеңілдіктер мен кіріс бөлісу бағдарламасын енгізді: егер акциялар бойынша дивидендтер 10%-дан асып кетсе, қызметкерлерге осы артық кірістің 35%-ы берілетін.

Алайда компания алғашқы қиындықтарға Ұлы Депрессия кезінде тап болды. Истмен қайтыс боларынан бірнеше жыл бұрын істен кеткеннен кейін, басшылық жиі ауыса бастады.

Соғыс жылдарындағы трансформация

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Kodak әуесқойлық плёнка өндірісін тоқтатып, АҚШ армиясына өнім жеткізуге көшті. Компания фотоплёнка, камера, микроплёнка, понтон, синтетикалық талшық, гексоген, реттелетін уақытпен іске қосылатын жарылғыштар мен қол гранаталарын өндірді. Kodak химиктері мен инженерлері тіпті АҚШ-тың ядролық бомбасын жасау жобасына да қатысты.

Kodak-тың алтын дәуірі соғыстан кейін басталды. 1960 жылдары компания жаппай нарықты жаулап алып, Instamatic әуесқой камерасын шығарды. 1976 жылы АҚШ-та сатылған барлық фотоплёнкалардың 90%-ы және фотоаппараттардың 85%-ы Kodak үлесінде болды, деп жазады BBC.

Құлдыраудың басы

1970 жылдары Kodak инженері Стивен Сассон әлемдегі алғашқы цифрлық камера прототипін ойлап тапты. Алайда компания басшылығы бұл идеяға қызығушылық танытпады, себебі плёнкадан түсетін табыстан айырылғысы келмеді. Олар цифрлық технологиялар жақын арада кеңінен қолданылмайды деп есептеді. Нәтижесінде бұл нарықты Sony, Canon, Panasonic, Konika, Nikon және Philips секілді компаниялар иеленді. Ал толығымен цифрлық алғашқы фотоаппаратты нарыққа шығарған – Kodak-тың басты пленкалық бәсекелесі Fujifilm Holdings болды.

Цифрлық фото бірден танымал болмағанымен, сарапшылар Kodak-тың бұл нарықтан табыс таба алмауын оның құлдырау бастамасы деп санайды, деп жазды BBC.

1993 жылы компания вице-президенті Дон Стрикленд қызметінен кетті. Оның айтуынша тұтынушыларға арналған цифрлық камера шығару идеясын қолдау таба алмаған. «Біз әлемдегі тұңғыш тұтынушылық цифрлық камераны ойлап таптық, бірақ оны шығарып, сатуға рұқсат ала алмадық. Себебі бұл плёнка нарығына әсер етуі мүмкін еді… Біз үлкен мүмкіндікті жіберіп алдық», — деді ол.

Банкроттық

Интернет дамыған сайын АҚШ-та цифрлық камералар сатылымы артып, фотоплёнкаға қызығушылық төмендеді. 2000 жылға қарай сарапшылар плёнкалық фотоаппарат дәуірінің аяқталғанын айтқан. Дегенмен сол жылы Kodak тарихындағы ең табысты жыл болды: таза табыс – $1,4 млрд, ал жалпы кіріс – $14 млрд.

2006 жылы цифрлық камералар нарықта үстемдік етті. Сонымен қатар, бұл кезде көптеген ұялы телефондарда камералар орнатылған болатын, бұл Kodak бизнесіне қосымша соққы болды. Компания өзін Canon мен Nikon-мен бәсекелеспіз деп ойлаған, бірақ іс жүзінде оларды Apple, Samsung және Google басып озды, деп жазады Barrons. Бұл Kodak-тың соңының басы болды, дейді басылым.

2012 жылы компания банкрот болуына байланысты қайта құрылымдаудан өтті. Ондаған жылдар бойы инвестициялық қорлар сүйенген акциялар құнсызданды. 2007 жылдан 2024 жылға дейін компанияның кірісі 90%-ға төмендеді.

Бір жылдан кейін, 2013 жылы Kodak соттан банкроттықтан шығу жоспарына рұқсат алды және бизнесін негізінен коммерциялық өнімдерге – жоғары жылдамдықты цифрлық баспа технологиялары мен тұтыну тауарларына арналған икемді қаптамаларға бағыттады.

Фармацевтикаға күтпеген қадам

Банкроттан кейін бизнес жаңа бағыт іздеуге тырысты. Ерекше шешімдердің бірі — Kodak брендіндегі ұялы телефондар мен планшеттер шығару, сондай-ақ 2018 жылы KodakCoin цифрлық валютасын іске қосу болды. Бұл валюта фотографтарға өз жұмыстарын лицензиялап, рұқсатсыз пайдалануды бақылауға көмектеседі деп жоспарланған.

COVID-19 пандемиясы Kodak-қа химиялық салаға кіруге мүмкіндік берді. 2020 жылы компания Нью-Йорк штатына антисептик жасау үшін изопропил спиртін жеткізетінін мәлімдеді.

2020 жылдың шілде айының соңында медиалар Kodak-тың фармацевтикалық дәрі-дәрмек пен дженериктер шығара бастайтынын хабарлады. Компания қорғаныс өнімдерін өндіру заңы аясында АҚШ үкіметінен $765 млн көлемінде алғаш рет берілетін несиені алуы керек болған. Бірақ келісім туралы ресми хабар тарардан бір күн бұрын компания акциялары 25%-ға өсті, ал сауда көлемі күрт артты.

Осыдан кейін АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар комиссиясы (SEC) инсайдерлік сауда күдігімен тергеу бастады. Қорытындысында заң бұзушылықтар анықталмағанымен, компания несиені ала алмады.

2025 жылдың екінші тоқсанындағы есепте компания басшысы фармөндірістің FDA тіркеуінен өткенін және реттелетін фармөнімдерді шығару сертификаты бар екенін айтты. Kodak лабораториялық мақсаттағы PBS (фосфатты буфер ерітіндісі) өндіруді жоспарлап отыр, ал болашақта – инъекциялық тұз ерітіндісі сияқты күрделі өнімдер шығармақ.

Күтпеген серпіліс: Плёнка қайта оралды ма?

2020 жылы әлем тағы да пленкалық фотосуреттер жайында айта бастады. YouTube-та тек пленкамен түсіретін фотографтардың блогтары көбейіп, медиа «жаңа — ескі» тренд туралы жаппай жаза бастады. Бүгінгі таңда Instagram желісіндегі «#filmisnotdead» хэштегімен 27 миллионнан астам жарияланым салынған. Пайдаланушылар өздерінің пленкада түсірген суреттерімен, ескі фотокамера сатып алған сәттерімен және түрлі плёнка эксперименттерімен бөлісуде.

«Әлеуметтік желілер — біздің үлкен досымыз. Олар аналогтық суреттің қайта жандануына ықпал етті», — деді бұрынғы Kodak басшысы Эдвард Херли NBC News-ке берген сұхбатында. Ол сондай-ақ, 2019 жылы компания 2015 жылмен салыстырғанда екі есе көп плёнка кассетасын өндіргенін айтты, бірақ нақты санын атамады.

Fortune Business Insights деректері бойынша 2032 жылға қарай жаһандық плёнкалық фотоаппараттар нарығы $535 млн-ға жетуі мүмкін. Global Wellness Summit мәліметінше «аналогтық сауығу» — цифрға дейінгі технологияларға қайта оралу — 2025 жылдың басты трендтерінің бірі. Өткен жылы Kodak бас директоры Джим Континенца компанияның плёнкаға деген сұраныстың шарықтап кетуіне байланысты Рочестердегі зауытын жаңғырту қажеттігі туындағанын мәлімдеді.

Қазіргі жағдай

2025 жылдың екінші тоқсаны бойынша, Kodak-тың таза шығыны $26 млн болды — өткен жылы бұл кезеңде компания дәл осындай сомада пайда тапқан. Бұл 200%-дық төмендеуді білдіреді. Компанияның кірісі жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 1%-ға азайып, $263 млн-ды құрады. Сонымен қатар, жалпы пайда 12%-ға төмендеп, $51 млн болды. Мұның бәрі компанияның ірі қарыздық міндеттемелері аясында орын алып отыр. Kodak бұл нәтижені «белгісіздікке толы іскерлік ортадағы қиындықтармен» түсіндірді, бірақ енгізілген импорттық баж салықтарының бизнеске елеулі әсер етпегенін мойындады.

Сонымен қатар, компания өзінің қаржылық жағдайына байланысты «қызметін үздіксіз жалғастыра ала ма» деген мәселеге күмән келтіретінін мәлімдеді. Алайда келесі күні Kodak өкілі бұл формулировка міндетті болып саналатынын, себебі есеп тапсырылған күннен кейінгі 12 ай ішінде компанияның қарызын өтеу мерзімі басталатынын түсіндірді (дереккөз: MarketWatch).

MarketWatch-тың жазуынша компания қарызын өтеу үшін шамамен $300 млн пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл қаражат зейнетақы қорынан қайтарылатын қаржыдан түспек.

«Kodak өз мерзімі жетпей тұрып, негізгі несиесін өтеуге, сондай-ақ қалған қарыздары мен артықшылықты акциялар бойынша міндеттемелерін өзгертуге, ұзартуға немесе қайта қаржыландыруға сенімді», — деді компания өкілі.

2025 жылдың екінші тоқсанында Kodak-тың ең ірі бағыты болып саналатын баспа бөлімі $178 млн табыс әкелді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға аз. Ал озық материалдар мен химикаттар (AM&C) бөлімі 3%-ға өсіп, $75 млн табыс көрсетті.

Алайда, соңғы бір айда Kodak акциялары 13,5%-ға төмендеді, ал S&P 500 индексі керісінше, 2,6%-ға өсті. Бұл инвесторлардың компания болашағына әлі де алаңдайтынын көрсетеді, деп хабарлайды Zacks Equity. Жыл басынан бері акциялар шамамен 12%-ға арзандады, дегенмен соңғы 12 айда олар 10%-ға өскен. MarketWatch-тың мәліметінше компанияға қатысты тек бір ғана аналитиктің бағалауы бар — ол акцияларды «ұстауды» ұсынады, бірақ оның баға межесі — $1. Бұл қазіргі бағадан алты есе төмен.

Бәсекелестер не істеп жатыр?

Плёнкалық фотоплёнка нарығындағы Kodak-тың басты бәсекелесі Fujifilm бизнес-моделін түбегейлі өзгертіп, биотехнология, денсаулық сақтау және косметика салаларын даму бағыты ретінде таңдады. 2008 жылы Fujifilm Toyoma Chemical компаниясын сатып алып, фармацевтика нарығына кірді және радиофармацевтикалық компанияны да иеленді. Сонымен қатар, компания 3D-баспа сияларында қолданылатын коллаген өндірісіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, косметика сатуды бастады.

Егер 2000 жылы Fujifilm табысының 60%-ы және пайдасының үштен екісі плёнкалық экожүйеден түссе, 2010 жылы бейнені өңдеу бөлімі компания кірісінің тек 16%-ын ғана құрады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Fujifilm-дің кірісі 4,5%-ға артып, 749,5 млрд йенге (шамамен $5,1 млрд) жетті, ал операциялық пайдасы 35,1%-ға өсіп, 75,3 млрд йенді (шамамен $510 млн) құрады.

Әлемдегі ең көне фото компаниялардың бірі Nikon цифрлық камералар трендін сәтті игерді. Осы аптада компанияның акциялары 20%-дан астам өсті. Bloomberg мәліметінше, көзілдірік өндіруші EssilorLuxottica (Ray-Ban брендімен танымал) Nikon-дағы үлесін 9%-дан 20%-ға дейін арттыру мүмкіндігін қарастыруда. EssilorLuxottica әлемдегі ең ірі көзілдірік өндіруші болып табылады және «ақылды көзілдіріктер» бағытын белсенді дамытып жатыр.

Nikon-ның оптикалық технологиялары жартылай өткізгіштерге схемалар түсіруде де қолданылады. Компания ASML Holding-пен литографиялық жабдықтар нарығында бәсекелес және Intel мен TSMC сияқты чип өндірушілерге жеткізуші болып отыр (дереккөз: Bloomberg).

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары