Үлкен соққы»: шағын компаниялардың акциялары аю нарығына өтті

Russell 2000 индексі – шағын және орта капитализациясы бар компаниялардың акцияларын біріктіретін көрсеткіш – АҚШ әкімшілігі енгізген баж салығынан кейінгі жаппай биржалық құлдырау аясында аю нарығына өтті. Индекс 2024 жылғы қарашадағы максимумнан бері шамамен 22% жоғалтты.
Толығырақ
Russell 2000 индексі 3 сәуір, бейсенбі күнгі сауда сессиясында 6,6%-ға төмендеп, 52 апталық максимумнан бергі жоғалтулары 21,8%-ды құрады. Уолл-стритте жылдық максимумнан 10% төмендеу – түзету (коррекция), ал 20% және одан да көп төмендеу – аю нарығы деп есептеледі, деп жазады CNBC.
«Экономикалық құлдыраудың алғашқы жартысында шағын капитализациялы компаниялардың акциялары орта есеппен 13%-ға құлдырайды. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіштен нашар», – деді Jefferies-тің шағын және орта капитализациялы компаниялар бойынша акциялар стратегы Стивен ДеСанктис. «Аю нарығында бұл компаниялардың акциялары орта есеппен 26%-ға төмендейді, демек біз соған жақындап қалдық», – деп толықтырды ол.
Бейсенбі күні ең қатты құлдырағандар – әуе тасымалы компаниялары (Forward Air Corp – минус 28%), әйелдер іш киімі өндірушілері (Victoria’s Secret & Co – минус 23%), жиһаз сатушылары (Arhaus Inc – минус 20%) және киім дүкендері (Urban Outfitters Inc – минус 19%). Бұл компаниялардың көпшілігі шетелден өнім сатып алады және баж салығының енгізілуі шығындардың күрт өсуіне және маржаның төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Неліктен Russell 2000 басқа индекстерден көбірек құлдырайды
S&P 500 және Nasdaq Composite сияқты басқа индекстер әзірге аю нарығына өтпей, тек түзету аймағында қалуда – сәйкесінше соңғы 52 аптадағы максимумнан бері 13% және 18% жоғалтқан.
Алайда шағын компаниялардың ірі компанияларға қарағанда қаржылық маневр жасау мүмкіндігі әлдеқайда аз және олар импорттық баж салығынан келетін шығындарға көбірек ұшырайды. Truist компаниясының инвестициялар жөніндегі тең директоры Кит Лернердің айтуынша, бір жағынан экономика баяулап, екінші жағынан – несиелер бойынша пайыздық төлемдердің жоғары болуы шағын компаниялар үшін ауыр жағдай туғызады.
JonesTrading бас нарық стратегы Майкл О’Рурк Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында: «Баж салығы және жаһандық сауданың алдағы апталарда қалай дамитынына қатысты белгісіздік – шағын капитализациялы компаниялар үшін үлкен соққы» деді.
Алдағы болжам
Қазіргі кезде шағын компаниялар қиын кезеңді бастан кешіріп жатса да, ДеСанктис бұл сектор болашақта түбін тауып, қалпына келе алады деп санайды – әсіресе АҚШ Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемелерді қайта төмендете бастаса.
Jefferies аналитигінің пікірінше, егер экономика одан әрі әлсіресе, ФРЖ жазда қолдау көрсетуге дайын болуы мүмкін. «Бұл әдетте шағын капитализациялы компаниялар үшін оң жағдай», – дейді ол.
Оның үстіне, баж салығын арттырудың басты мақсаты болып саналатын өндірісті АҚШ аумағына көшіру ұзақ мерзімде шағын компанияларға пайда әкелуі мүмкін. Алайда жақын арада бұл секторда үлкен шиеленіс пен белгісіздік сақталады, деп қорытындылады JonesTrading бас стратегы Майкл О’Рурк.








