Morgan Stanley енді Lemonade акцияларын сатуды ұсынбай отыр. Не өзгерді?

Morgan Stanley енді орта капитализациялы сақтандыру компаниясы Lemonade акцияларын сату керек деп есептемейді. Инвестбанк компания бойынша рейтингін көтеріп, Уолл-стриттегі ең жоғары мақсатты бағаны белгіледі. Себеп — Lemonade автосақтандыру сегментінде тұрақты өсіп келеді және EBITDA бойынша пайдаға шығуға нақты жақындап қалды. Осы жаңалықтан кейін 16 желтоқсанда компания акциялары 8%-дан аса өсті.
Егжей-тегжейлі
16 желтоқсанда Morgan Stanley Lemonade акцияларының рейтингін «сату» деңгейінен «ұстау» деңгейіне көтеріп, мақсатты бағасын 60%-дан астамға арттырып, $85 деп белгіледі.
Нарық бұл жаңалықты оң қабылдады: сол күні акция бағасы 8,4%-ға өсіп, $81,4 болды. Соған қарамастан, Morgan Stanley қойған жаңа таргет әлі де шамамен 4% өсу әлеуетін көрсетіп отыр.
Инвесторлар бір жайтқа ерекше мән берді: бұл жай ғана ұсақ түзету емес. 2025 жылдың сәуірінде дәл осы банк Lemonade акцияларына «сату» рейтингін беріп, мақсатты бағасын $24-ке дейін төмендеткен еді. Ол кезде Morgan Stanley автосақтандыру нарығындағы бәсекенің күшеюінен қауіптенген болатын.
Morgan Stanley нені көрді
Инвестбанктің аналитигі Боб Хуан Lemonade-ты «ерекше кейс» деп атады. Оның айтуынша, компанияда: шығындылық көрсеткіші (Loss Ratio) тұрақтанып келеді; 2026 жылдың төртінші тоқсанында EBITDA бойынша пайдаға шығудың нақты жолы бар.
2025 жылдың үшінші тоқсанында Lemonade Loss Ratio-ны бір жылда 11 пайыздық тармаққа төмендетіп, 62%-ға жеткізді — бұл компания тарихындағы ең жақсы нәтиже; түзетілген EBITDA көрсеткіші –$26 млн болды (2024 жылы осы кезеңде –$49 млн еді).
Автосақтандыру — негізгі драйвер
Morgan Stanley әсіресе автосақтандыру сегментін атап өтті: бұл сегменттегі Loss Ratio бір жылда 16 пайыздық тармаққа төмендеп, 76% болды; IFP (қолданыстағы сақтандыру сыйақылары) шамамен 40%-ға өсіп, $163 млн-ға жетті — бұл компанияның өз болжамынан да жоғары.
Сонымен қатар, Lemonade-тың қаржылық жағдайы тұрақты. Түзетілген еркін ақша ағыны оң; шоттарында $1 млрд-тан астам қаражат бар.
Бұл компанияға қосымша капитал тартпай-ақ өсуді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Акциялар туралы нарық пікірі
Morgan Stanley берген баға — Уолл-стриттегі ең оптимистік баға. MarketWatch деректеріне сәйкес, Lemonade акциялары бойынша орташа мақсатты баға $61,63, яғни қазіргі бағадан төмен.
Қазіргі таңда: 6 аналитик — «ұстау», 3 аналитик — «сату», 2 аналитик — «сатып алу»
деген ұсыныс беріп отыр.
Яғни нарық компанияға сақтықпен қарайды, бірақ Morgan Stanley Lemonade-тың бағыты айқын жақсарып келе жатқанын мойындады.








