The Motley Fool SentinelOne технологиялық компаниясына назар аударуға кеңес береді

The Motley Fool басылымының пікірінше инвесторлар small-cap санатындағы киберқауіпсіздік шешімдерін жасайтын SentinelOne компаниясының акцияларына назар аударуы керек. Соңғы жылдары компания шығынмен жұмыс істеп келгенімен, енді ол қиын кезеңді еңсеріп, тарихында алғаш рет бір акцияға таза пайда көрсетті. Талдаушылардың айтуынша алдағы 12 ай SentinelOne үшін шешуші кезең болмақ.
Мәліметтер
The Motley Fool жазуынша соңғы бір жылда SentinelOne акциялары 23%-ға арзандады, себебі компания шығынмен жұмыс істеді. Алайда бұл үрдіс тоқтап, 2025 қаржы жылында (31 қаңтарда аяқталған) компанияның кірісі 32%-ға өсіп, $821,5 млн-ға жетті. Ең маңызды сәттердің бірі — түзетілген EPS (бір акцияға пайда) +$0,05 болды. Бұл — операциялық маржаның жақсаруының нәтижесі.
Инвестор үшін маңызды жайттар
Компанияның қаржылық жағдайының нығаюына тұрақты ірі клиенттермен байланыс және қосымша өнімдердің енгізілуі әсер еткен, деп жазады The Motley Fool. Компанияның бас директоры Томмер Вайнгартеннің айтуынша 2026 қаржы жылында SentinelOne кірісі $1 млрд-тан асуы мүмкін.
Алайда басылым бірқатар қауіптерге де назар аударады: SentinelOne-ның бәсекелестері өте көп — олардың қатарында Microsoft, CrowdStrike, Palo Alto Networks және Check Point Software Technologies бар. Бұрын компанияның басты артықшылығы жасанды интеллект негізіндегі шешімдер болатын. Singularity платформасы машиналық жылдамдықпен кибершабуылдарды анықтап, алдын алуға қабілетті. Бірақ қазір басқа компаниялар да осындай функцияларды енгізіп үлгерді. Қазіргі таңда CrowdStrike шешімдерінің спектрі кеңірек, ал Palo Alto Networks кірістілік жағынан басым.
Бұл жағдай SentinelOne акцияларының бағасына әсер етті — олар нарықта бәсекелестеріне қарағанда төмен бағамен (P/S коэффициенті бойынша) сатылып жатыр, дейді The Motley Fool.
Басылым компанияның болашағына «сақ оптимизммен» қарайтынын атап өтеді. 2026 қаржы жылы компания үшін шешуші болмақ — ол өзінің стратегиясының тиімді екенін дәлелдеуі қажет.
Уолл-стрит не дейді
MarketWatch деректері бойынша Wall Street аналитиктері SentinelOne акцияларына 28 рет «сатып алуға ұсыныс» берген. Тағы 9 аналитик акцияны портфельде ұстауға кеңес береді. Орташа мақсатты баға — $24,8, бұл қазіргі бағамен салыстырғанда 47%-ға жоғары. 4 сәуір, жұма күні SentinelOne акцияларының құны $16,91 болды.








