Эфир биткоиннан озып кетті. Бұл S&P 500 үшін неге қауіпті?

Осы жазда эфир кірістілігі жағынан биткоиннан айтарлықтай алға шықты. Шілде айының басынан бастап оның бағасы 44%-ға өсті, ал биткоин небәрі 4% ғана қосқан. Дегенмен, MarketWatch басылымының жазуынша, сарапшылар егер эфирдің артықшылығы әлсірей бастаса, қор нарығында құбылмалылықтың арту қаупі бар, деп ескертіп отыр.
Егжей-тегжейлі
Sevens Report Research компаниясының негізін қалаушы Том Эссайенің айтуынша тарихи түрде ETH/BTC жұбының бағыты өзгерген сәттер көбінесе S&P 500 индексінің 10–20% түзетілуімен қатар келіп отырған. «Соңғы он жылда ETH/BTC жұбы қатты көтерілген сайын, акциялар нарығы да бірге өсті», — деді ол аналитикалық жазбасында.
Басты сұрақ, эфирдің артықшылығы жойылғанда не болмақ. Бұрынғы циклдерде ETH/BTC раллиі қарқынын жоғалтқан сәттен кейін құбылмалылық күрт артып отырған. Бұл жағдай әдетте маңызды нарықтық бұрылыстармен тұспа-тұс келді. Мысалы, 2017 жылғы «төмен құбылмалы» раллиден кейін 2018 жылы болған сату толқыны; 2019 жылдың соңындағы өсу мен 2020 жылғы пандемиялық күйреу; сондай-ақ 2021 жылғы ралли мен 2022 жылғы аюлы нарық алдында орын алды.
2025 жылдың сәуірінен бері ETH/BTC жұбы бес жылдық минимумнан 130%-ға өсті, бұл көктемгі технологиялық сектордағы серпілістен кейінгі қозғалысты қайталады. Тек 2023–2024 жылдар ерекшелік болды, ол кезде қор нарығының мықтылығына қарамастан, биткоин эфирден тұрақты түрде озық тұрды. Сол себепті қазіргі жағдай ерекше назар аударуға тұрарлық. ETH/BTC-тің жаңа өсуі инвесторларды тарихи заңдылықтың қайталану мүмкіндігіне алаңдатып отыр.
FactSet деректеріне сәйкес 24 тамызда ETH/BTC арақатынасы 0,043 деңгейіне жетіп, 2024 жылғы қыркүйектен бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Жыл басынан бері эфир 38,5%-ға өскен (соңғы үш айда — 75,9%), ал Биткоин 20,3%-ға және 6,3%-ға ғана көтерілген.
«Лонг ETH/шорт BTC» стратегиясының таусылу қаупі әлі де болса бағаланбай отыр», — деп ескертті Эссайе. Ол импульстің бәсеңдеу белгілерін атап өтті. Оның айтуынша тамыздан бері жалғасып келе жатқан өсім техникалық тұрғыда жақын арада сыналуы мүмкін.
Эфир биткоиннан неге озуда?
Эфирдің көш басына шығуына негізгі себеп — ETF-терге рекордтық капитал ағыны және тарихи максимумның жаңартылуына деген үміт. AInvest-тің мәліметінше соңғы бес күн ішінде эфирге арналған ETF-тер $1,83 млрд тартып үлгерген, ал биткоин-ETF тек $171 млн ғана жинаған.
Bitget сарапшыларының айтуынша 2025 жылдың екінші тоқсанында эфирге арналған ETF-терге $13,3 млрд тартылған, ал биткоин ETF-терінен $1,18 млрд таза қаражат шыққан.
Соған қарамастан, институционалдық инвесторлар биткоинға да белсенді инвестиция салып жатыр. Мәселен, тамыз айының басында Майкл Сейлордың Strategy компаниясы 21 000 биткоин сатып алып, оған $2,46 млрд жұмсаған. Бұл — компания тарихындағы үшінші ірі мәміле. Нәтижесінде оның биткоин резерві $71 млрд-тан асты, ал сатып алу бағасы тарихтағы ең жоғары деңгейлердің бірі болған, деп жазады CCN.








