«Ұлыбританиядағы ең бай трейдер»: XTX негізін қалаушы байлығын екі есеге арттырды
XTX Markets компаниясының негізін қалаушы Ұлыбританиядағы ең бай үш адамның қатарына кірді

XTX Markets компаниясының негізін қалаушы Алекс Герко соңғы екі жылда өз байлығын екі есеге арттырып, Ұлыбританиядағы ең бай трейдер мәртебесін нығайтты, деп хабарлайды Bloomberg.
Агенттіктің бағалауынша Герконың байлығы рекордтық $13,2 млрд-қа жеткен. Бұл оны Ұлыбританиядағы ең бай адамдардың тізімінде үшінші орынға, ал әлемдік миллиардерлер тізімінде 164-орынға шығарады (Bloomberg Billionaires Index).
Герко несімен танымал
Инвесторға байлықты көбейтуге алгоритмдерді пайдаланып сауда жасайтын XTX компаниясы көмектесті. Соңғы жылдардағы қаржы тұрақсыздығы кезіндегі жағдайлар компанияның кірісінің өсуін қамтамасыз етіп отырды. Бұл XTX-ке 2020 жылдың басынан бастап дивиденд түрінде $4 млрд-тан астам қаражат төлеуге мүмкіндік берді, деп жазады Bloomberg.
2015 жылы негізі қаланған XTX қазіргі уақытта Citadel Securities компаниясымен қатар әлемдегі жетекші маркет-мейкерлердің бірі болып саналады. Bloomberg-тің мәліметінше XTX биржалар мен баламалы платформаларда күн сайын $250 млрд-тан астам сауда көлемін қамтамасыз етеді. Компания ондаған мың қаржы құралдарының бағасын болжау үшін машиналық оқытуға арналған 25 000 графикалық процессорды (GPU) пайдаланады.
Bloomberg-тің қолында бар құжаттарға сәйкес 2024 жылы XTX компаниясының таза кірісі 50%-дан астамға өсіп, 1,28 млрд фунтқа ($1,7 млрд) жеткен. XTX-тің Ұлыбританиядағы негізгі үш операциялық құрылымының кірісі 37%-ға артып, 2,74 млрд фунтқа ($3,6 млрд) жеткен. XTX өкілі бұл мәліметтерге түсініктеме беруден бас тартты.
Герко 45 жаста, математика ғылымдарының докторы. Ол ММУ-дың механика-математика факультетін және Ресей экономика мектебін бітірген. 2006 жылы Ұлыбританияға қоныс аударған. Герко Deutsche Bank-та трейдер болып жұмыс істеп бастаған, кейін GSA Capital хедж-қорында валюта саудасын басқарған. 2015 жылы XTX-ке ауысты. Герко Ұлыбритания азаматтығын алған және Ресей азаматтығынан бас тартқан.








