БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таңғы жаңалықтар: алтын рекорд жаңартты, Баффет иенмен, АҚШ облигациясына күмән

Таңғы жаңалықтар: алтын рекорд жаңартты, Баффет иенмен, АҚШ облигациясына күмән

11 сәуір, жұма күні Berkshire Hathaway Inc. жапон иенінде 90 миллиард иенге (628 миллион доллар) облигация орналастырып, бұл компанияның осы валютадағы ең шағын шығарылымы болды; таңғы Азия саудасында алтын бағасы тарихи рекорд орнатып, бір унциясы 3219,48 долларға дейін қымбаттады, ал АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына деген сенім Дональд Трамптың саясаты аясында әлсірей түсті. Осы және басқа да маңызды жаңалықтарды 11 сәуірге арналған халықаралық БАҚ шолуынан оқи аласыз.

Уолл-стриттегі тағы бір сату толқынынан кейін Азия нарықтары әртүрлі бағытта жабылды

Азия-Тынық мұхиты аймағындағы биржалар 11 сәуірдегі сауда күнін біркелкі аяқтамады. Бұл Уолл-стриттегі (АҚШ қор нарығы) кезекті құлдыраудан кейін орын алды. Инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының күшеюінен алаңдап отыр.

— Австралияның S&P/ASX 200 индексі 1,32%-ға төмендеді.

— Жапонияның Nikkei 225 — 4,19%-ға, ал Topix — 3,98%-ға азайды.

— Оңтүстік Кореядағы Kospi 0,92%-ға төмендесе, Kosdaq керісінше, 1,51%-ға өсті.

—Гонконгтың Hang Seng индексі 0,56%-ға өсті, Қытайдың CSI 300 — 0,1%-ға төмендеді.

— Тайваньның Taiex индексі 2%-ға көтерілді.

Бұған дейін, 9 сәуірде Трамп жаңа баж салығын енгізуді 90 күнге шегергеннен кейін, АҚШ-тың негізгі қор индекстері айтарлықтай өскен болатын. Бірақ 11 сәуірде бұл өсім қайта кері қайтты.

Трампты сынағандарға Наварро жауап берді

Қор нарығындағы құлдыраудан кейін АҚШ президентінің сауда бойынша кеңесшісі Питер Наварро Трампқа бағытталған сындарға жауап берді. Ол CNN арнасына берген сұхбатында бұл жағдайды қалыпты техникалық түзету деп атады және бұқаралық ақпарат құралдарын «асыра сілтеді» деп айыптады.

«Кеше тарихи өсім болды, бүгін сәл түзету болса, бұл — қалыпты жағдай», — деді Наварро.

Алтын — қауіпсіз аймақ

Bloomberg агенттігі жазғандай, инвесторлар жаһандық рецессиядан қорқып, алтынға жүгінуде. Бір апта ішінде алтын бағасы екі рет қатарынан 3%-дан жоғары өсті. Бұл — инвесторлардың оны «қауіпсіз аймақ» ретінде қарастыратынын көрсетеді.

Шанхайдағы Guotai Jun’an Futures компаниясының сарапшысы Лю Юйсюань былай деді:

«Қазір алтын — нарықтағы ең сенімді құрал. Сауда шиеленістерінің күшеюі доллардан бас тартуға итермеледі. Ал бұл қорғаныс активтеріне сұранысты күрт арттырды».

Трамптың саясаты АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына деген сенімді әлсіретті

Bloomberg-тің айтуынша Дональд Трамп ауқымды сауда соғысын бастағаннан бері АҚШ-тың қазынашылық облигациялары «қауіпсіз аймақ» ретіндегі мәртебесінен айырыла бастағандай. Бұрын инвесторлар бұл активтерге жаһандық дүрбелең кезінде сенімді түрде жүгінетін – олар 11 қыркүйектен кейін, 2008 жылғы қаржы дағдарысында және АҚШ-тың кредиттік рейтингі төмендеген тұста да қымбаттай түскен.

Алайда соңғы күндері ұзақ мерзімді облигациялардың табыстылығы күрт өсті, ал доллар әлсіреді. Ең алаңдатарлығы – нарықтағы ерекше мінез-құлық: инвесторлар 10 және 30 жылдық облигацияларды акциялармен, криптовалюталармен және басқа да тәуекелді активтермен қоса сата бастады. Ал кейде, керісінше, облигациялар мен акцияларды қатар сатып алып отыр. Бұл олардың бұрынғы қорғаныс құралынан гөрі, тәуекелді активке айнала бастағанын көрсетеді.

АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Лоуренс Саммерс бұл жағдайды «қазына облигациялары дамушы елдің қарызы сияқты саудалануда» деп сипаттады. Тіпті егер бұл құбылыс уақытша болса да, Вашингтонға берілген белгі айқын: Енді инвесторлардың АҚШ-тың қазына облигацияларына деген сенімін өзінен-өзі болады деп қарауға болмайды — әсіресе мемлекет қарызы жылдар бойы өсіп, ал қазіргі президент әлемдік тәртіпті қайта жазуға тырысып, АҚШ-тың ең ірі кредиторларымен қарым-қатынасты бұзып жатқан кезде.

Bloomberg ескерткендей бұл жаһандық қаржы жүйесі үшін елеулі салдарға әкелуі мүмкін. АҚШ-тың қазына облигациялары тек акциялар мен ипотекалық мөлшерлемелерге бағалау нүктесі ғана емес, сонымен қатар күн сайын триллион долларлық келісімдерге кепіл ретінде қызмет етеді.

Grant’s Interest Rate Observer басылымының негізін қалаушы Джим Гранттың айтуынша қазына облигациялары мен доллардың күш-қуаты «әлемнің АҚШ-тың фискалдық және ақша саясатының тиімділігіне, сондай-ақ оның саяси және қаржылық институттарының сенімділігіне деген көзқарасына» негізделген. «Бәлкім, қазір әлем бұл сенімді қайта қарастырып жатқан болар», – деді ол.

Berkshire Hathaway  нарықтағы тұрақсыздық жағдайында жапон иенасында облигациялар орналастырды

Уоррен Баффет жетекшілік ететін Berkshire Hathaway компаниясы 11 сәуір, жұма күні жапон иенасында 90 миллиард иенге (628 миллион доллар) облигациялар орналастырды. Бұл – компанияның осы валютада жасаған ең шағын эмиссиясы. Bloomberg жазғандай, бұл шешім жаһандық сауда шиеленісі мен нарықтағы тұрақсыздық аясында қабылданды.

Компания ұсынған облигациялар 3 жылдан 30 жылға дейінгі алты түрлі мерзімде шығарылды. Барлық транштар қазан айындағыға қарағанда жоғары кірістілік ұсынды. Мысалы, ең ірі бөлігі болған үш жылдық облигациялар 70 базистік пункт кіріс берді (қазан айында бұл көрсеткіш 49 пункт болған).

Manulife Investment Management Japan-дағы несиелік зерттеулер бөлімінің басшысы Сюнсуке Осиданың айтуынша қазіргі нарық жағдайында эмитент максималды кірістік ұсынса да, инвесторлар сатып алуға асықпай, нарықтың тұрақтануын күтуі мүмкін.

Suntory Holdings пен Nissin Foods секілді жапон компаниялары құбылмалылыққа байланысты өз облигацияларын орналастыруды кейінге қалдырса, Berkshire керісінше, нарыққа шығуға бел буды. 2019 жылдан бері Баффет қоры жапон облигациялар нарығына белсенді кіріп келеді. Оның жапондық сауда компанияларына салған инвестициялары бұған дейін Жапония нарығындағы сенімді арттырған болатын.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары