Апта ақпараты: доллардың жайы, АҚШ–Ұлыбритания келісімі, Үндістан–Пәкістан шиеленісі

Бұл аптада АҚШ нарығында бірден екі алаңдатарлық белгі байқалды: Alphabet компаниясының акциялары жасанды интеллект қауіптері мен сот істері аясында құлдырады, ал доллардың шамадан тыс, шамамен 20%-ға қымбаттап кеткені анықталды. Бұрын мұндай жағдайлар девальвациямен аяқталған болатын.
Үндістан мен Пәкістан арасындағы көп жылдық қақтығыс жаңа деңгейге өтті. Екі жақ бір-біріне зымыран шабуылдарын ұйымдастырып, жойғыш ұшақтарды атып түсірді. Сонымен қатар, АҚШ пен Ұлыбритания өзара алғашқы сауда келісіміне қол қойды.
Мамыр айының екінші аптасындағы ең маңызды жаңалықтар туралы шолуды назарларыңызға ұсынамыз.
Аптадағы айтулы ымыра: Алғашқы сауда келісімі
2025 жылғы 8 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер екі ел арасында алғашқы сауда келісімінің жасалғанын жариялады. Бұл келісім 2 сәуірде АҚШ барлық импортқа 10 пайыздық баж салығын енгізіп, ондаған елге қосымша салықтар салатынын мәлімдегеннен кейінгі алғашқы маңызды қадам болды.
Трамп бұл келісімді «ұлы жетістік» деп атады. Бұған дейін ол импортқа салық енгізу қажеттігін АҚШ-тың көптеген сауда серіктестерімен сауда теңгерімінің теріс болуы, яғни тапшылық бар екендігімен түсіндірген. Алайда Ұлыбритания бұл тұрғыда ерекшеленеді. Өйткені АҚШ осы елмен 11,9 млрд доллар көлемінде сауда артықшылығына ие.
Жаңа келісім аясында АҚШ Ұлыбританиядан келетін автокөліктерге салынатын баж салығын 27,5 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетеді. Бірақ бұл жеңілдік жылына тек 100 мың көлікке ғана қатысты. Өткен жылы Ұлыбритания дәл осынша автокөлік экспорттаған болатын. The Wall Street Journal-дың еске салуынша, бұл — Британияның АҚШ-қа жасайтын жалпы экспортындағы 14,3 пайызды құрайды. Сондай-ақ, АҚШ британдық болат пен алюминийге салынған 25 пайыздық салықты алып тастайды. Дегенмен, 10 пайыздық базалық мөлшерлеме күшінде қалады.
Мұның жауап ретінде Ұлыбритания 10 млрд $ көлемінде Boeing ұшақтарын сатып алуға уәде беріп, американдық ауыл шаруашылығы өнімдеріне, соның ішінде сиыр етіне нарығын ашты. Сонымен қатар, Лондон АҚШ тауарларына кедендік рәсімдерді жеңілдетуге келісті.
Бұл сауда келісімін әлі АҚШ Конгресі мақұлдауы тиіс.
Аптаның дәйексөзі: Қарыз бен валюта туралы
«Егер елдерде ауыр қарыз мәселелері туындап, бұл қарыз өздерінің ұлттық валютасымен номинацияланса, олар ерте ме, кеш пе сол валютаны құнсыздандырады», – деп жазды Bridgewater инвестициялық қорының негізін қалаушы, инвестор Рэй Далио X әлеуметтік желісінде.
Соңғы алты айда, яғни Трамп сайлауда жеңіске жеткеннен бері, доллар еуроға қатысты 5,5%-ға арзандады. Бірақ соған қарамастан, Goldman Sachs сарапшылары (олардың есебі Oninvest-тің қарауында бар) доллардың шамадан тыс қымбат екенін және шамамен 20%-ға артық бағаланғанын айтуда.
«1980-жылдардың ортасы мен 2000-жылдардың басында осындай деңгейдегі артық бағалану доллардың 25–30% девальвациясынан бұрын болғнһан», – делінген баяндамада. Банктің сарапшылары қазіргі жағдайда да доллар әлсірейді деп болжап отыр. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың АҚШ-қа инвестиция салуға ынтасының төмендеуі бұл процеске ықпал етуі мүмкін.
Осы аптадағы дабыл: Alphabet және іздеу жүйесіндегі өзгерістер
Өткен аптада Google-дің бас компаниясы Alphabet-тің акциялары 6,9 пайызға арзандады. Apple компаниясының аға вице-президенті Эдди Кью Google-дің монополиялық ісі бойынша сотта сөйлеп, Safari браузеріндегі іздеу сұраныстарының көлемі соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет азайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жасанды интеллектіге негізделген құралдардың — ChatGPT мен Perplexity AI сияқты жүйелердің — танымалдығының артуымен байланысты: пайдаланушылар бұрынғыдай Google арқылы іздегеннен гөрі, ИИ-ге сұрақ қойғанды жөн көреді.
Google бұл мәліметті жоққа шығарып, Apple құрылғыларынан келетін іздеу сұраныстарының өсуі жалғасып жатқанын айтты. Алайда компания Safari браузерін нақты атамады, ал Apple өкілі сұраныстардың кемуі дәл осы браузерге қатысты екенін нақтылап отыр. Айта кетейік, Alphabet жыл сайын Apple-ге кем дегенде 20 миллиард долларды Safari-де іздеу жүйесі әдепкі (default) түрде Google болуы үшін төлейді.
Бұған дейін сот Google-ді интернеттегі іздеу жүйесі мен жарнама нарығында монополист деп таныған болатын. АҚШ Әділет министрлігі компаниядан Chrome браузерін сатуды және оны құрылғыларға міндетті түрде орнату туралы келісімдерді жоюды талап етуде. Сонымен қатар, Google-дің жарнама бизнесін бөлшектеу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
9 мамыр, жұма күні Alphabet акциялары биржа жабылар сәтте 154,4 доллар болды.
Аптаның геосаяси оқиғасы: Екі ядролық держава арасындағы қақтығыс
Осы аптада Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас күрт ушығып кетті. 6 мамыр күні Үндістан «Синдур» операциясын жүргізіп, Пәкістан мен оның бақылауындағы Кашмир аумағында орналасқан тоғыз нысанға зымыранмен соққы жасады. Бұл нысандардың қатарында Lashkar-e-Taiba және Jaish-e-Mohammed топтарының базалары болуы мүмкін деп көрсетілген. Бұл соққы 22 сәуірде Үндістан Кашмирінде болған терактке жауап ретінде жасалды, сол шабуыл салдарынан 26 адам қаза тапқан. Үндістан шабуылды ұйымдастырғандардың артында Пәкістан тұр деп есептейді.
Исламабад бұған жауап ретінде артиллериялық шабуыл жасап, бес үнді ұшағы мен он екі дронды атып түсіргенін мәлімдеді.
10 мамыр, сенбіге қараған түні Пәкістан Үндістанға қарсы әскери операцияның басталғанын жариялады. Бұл туралы CNN мен BBC хабарлады.
Екі тарап та бейбіт тұрғындар арасында үлкен шығын барын айтып, бір-бірін қақтығысты өршіткеніне айыптауда.
Қарулы шиеленіс аясында Қытайдың қорғаныс саласындағы компанияларының акциялары күрт қымбаттады. Мысалы, Пәкістан Әскери-әуе күштері қолданатын J-10C және JF-17 жойғыш ұшақтарын шығаратын AVIC Chengdu Aircraft Co. компаниясының құнды қағаздары бір апта ішінде 36 пайызға өсті.
Апта орталық банктер төңірегінде өтті
АҚШ Федералды резерв жүйесінің Ашық нарықтар жөніндегі федералдық комитеті 7 мамырда негізгі пайыздық мөлшерлемені қазіргі 4,25–4,5% аралығында сақтау туралы шешім қабылдады. ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл жұмыссыздық пен инфляцияның өсу қаупі артқанын мойындады, бірақ қазіргі жағдайды «жақсы» деп бағалап, кедендік баждарға байланысты туындаған белгісіздік қалай аяқталатынын бақылауға дайын екенін айтты.
«Экономика тұрақты әрі жаман емес деңгейде жұмыс істеп тұр. Мұның қанша уақытқа созылатынын нақты айта алмаймын, бірақ қазіргі таңда біздің ең дұрыс шешіміміз — күтумен шектелу», - деді Джером Пауэлл.
Бұл мәлімдемеден кейін АҚШ президенті Дональд Трамп, бұған дейін бірнеше рет ФРЖ мен оның басшылығын пайыздық мөлшерлемені төмендетуге шақырған еді, әлеуметтік желі TruthSocial-де Пауэллге қатты шүйлігіп, оны «ақымақ» деп атады.
Bloomberg дерегі бойынша, трейдерлер шілденің 29–30 күндері өтетін ФРЖ отырысында пайыздық мөлшерлеме ширек пайыздық пунктке төмендейді деп болжап отыр. Жыл соңына дейін тағы екі не үш рет төмендетілуі мүмкін. Алайда Bloomberg сауалнама жүргізген экономистер бұл жылы екі ғана төмендету болады деп күтуде, оның алғашқысы қыркүйекке дейін болмайды.
Англия банкі өз кезегінде осы жылы екінші рет мөлшерлемені 4,5%-дан 4,25%-ға дейін түсірді. Бұл – былтырғы ең жоғары деңгейі болған 5,25%-дан бергі төртінші төмендеу. Нарықтар жыл соңына дейін тағы төрт мәрте төмендетіледі деп болжауда, дегенмен Англия банкі бұл мәселе бойынша барынша байыпты мәлімдемелер жасап отыр.
Нарық дұрыс болжай алмады
АҚШ-тағы сайлауға қатысты бәс тігулермен танымал болған Polymarket криптобиржасы бұл жолы Католик шіркеуінің жаңа басшысы кім болатынын дөп баса алмады. Жаңа Папа болып сайланған Роберт Превостың мүмкіндігі небәрі 1,2% деп бағаланған еді. Ал басты үміткерлер қатарында Пьетро Паролин (28%) мен Луис Антонио Тагле (21%) тұрды.
Polymarket — криптовалюта негізінде жұмыс істейтін болжамдар платформасы. 2024 жылы, АҚШ президенттік сайлауы қарсаңында, ол 2,6 миллиард долларға дейін сауда көлеміне жеткен болатын.








