OpenAI-дың жаңа Sora қолданбасы Уолл-стритті алаңдатты

OpenAI жасаған Sora атты жаңа қолданба әлеуметтік желілер нарығын түбегейлі өзгертіп, Meta компаниясын қиын жағдайға қалдыруы мүмкін, деп ескертті MoffettNathanson сарапшылары. Егер нарық ЖИ видео бағытына бет алса, Meta да Google сияқты «ChatGPT сәтін» бастан өткеруі ықтимал. Қолданба шыққаннан кейін екі апта ішінде 1 миллионнан астам рет жүктеліп, АҚШ-тағы App Store рейтингінде бірінші орынға шықты.
Егжей-тегжейі
MarketWatch жазғандай, MoffettNathanson сарапшысы Майкл Нейтенсон OpenAI-дың Sora қолданбасы Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.
Сарапшының пікірінше, Meta үшін бұл «ChatGPT сәтінің» өз нұсқасы болуы ықтимал: OpenAI чат-боты іздеу сұраныстарын өзіне аударып, Google-дың болашағына қауіп төндірген еді. Ал Sora әлеуметтік желілер экожүйесіне одан да үлкен әсер етуі мүмкін. «Әлеуметтік платформалар пайдаланушы уақыты үшін нөлдік нәтиже беретін бәсекеде тұр. Бұл жарыста жеңілгендер MySpace пен Vine сияқты тарихта қалуы мүмкін», — деп жазды Нейтенсон.
Егер жасанды интеллект арқылы бейне жасау әлеуметтік желілердегі жаңа бағытқа айналса, Meta тез қимылдамаса, нарықтағы орнын жоғалтуы мүмкін. Sora 30 қыркүйекте шыққаннан бері Meta акциялары шамамен 4 пайызға төмендеді.
«Meta-ның қолданушылар белсенділігі мен жарнама табысына әсер ететін кез келген қауіп инвесторлардың көңіл-күйін жылдам нашарлатады. Егер компанияның кірісі күткеннен төмен болса, акция бағасында айтарлықтай түзету көруіміз мүмкін», — деп жазды сарапшы.
Нейтенсон Meta акцияларының мақсатты бағасын 930 доллардан 890 долларға дейін түсіріп, бірақ «сатып алу» ұсынымын сақтап қалды. 13 қазанда Meta қағаздары 1,47 пайызға өсті. Жаңа мақсатты баға қазіргі деңгейден 24 пайыз жоғары өсім әлеуетін көрсетеді.
Meta не істеп жатыр?
Sora шықпай тұрып-ақ Meta өзінің жасанды интеллект негізіндегі Vibes атты бейне генерациялау қолданбасын іске қосқан болатын. Сарапшының айтуынша, компания Vibes-ті жеке өнім ретінде дамыта алады немесе оны Instagram мен Facebook жүйесіне енгізуі мүмкін. Алайда қазіргі кезде Vibes техникалық тұрғыда Sora-дан әлсіздеу: қолданушылар өз бейнелерін ЖИ арқылы жасалған контентпен біріктіре алмайды, әрі Meta сыртқы үлгілерге сүйенеді.
Нейтенсонның айтуынша, Sora әзірге Meta үшін өмірлік қауіп төндіріп тұрған жоқ. Бұған дейін Snapchat пен TikTok та өсім көрсеткенімен, Meta-ның нарық үлесін айтарлықтай қысқартпаған. Morgan Stanley сарапшысы Брайан Науак та OpenAI қазіргі платформалардан айтарлықтай өзгеше немесе сапалырақ тәжірибе ұсына алмайтынына күмән келтірген.
Дегенмен, егер әлеуметтік желілер ЖИ видео бағытына көшсе, Meta өз жасанды интеллект инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға мәжбүр болады. Бұл қысқа мерзімде монетизация тиімділігін төмендетіп, кіріс өсімін және операциялық маржаны баяулатуы мүмкін. Нейтенсонның айтуынша, Meta-ға Sora деңгейіне жету үшін көп уақыт және инфрақұрылым мен модельдерді дамытуға қосымша ірі инвестициялар қажет. Компания деректер орталықтарын кеңейтіп, жасанды интеллект саласындағы мамандарды белсенді түрде жұмысқа алып жатыр. Соңғы уақытта ол Thinking Machines стартапының негізін қалаушысы Эндрю Таллокты өз қатарына қосты, деп жазады The Wall Street Journal.
MoffettNathanson бағалауынша, Meta-ның күрделі шығындары 2026 жылы кіріске шаққанда 43 пайызға дейін өседі — бұл 2022 жылғы 27 пайыздық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Нейтенсон Meta-ның жасанды интеллектке көшуі алдыңғы өнімдік бағыттардан әлдеқайда қымбат әрі ұзақ болатынын, ал бұл инвесторлардың шыдамын тауысып, қысқа мерзімді тәуекелдерді арттыруы мүмкін екенін ескертеді.
Сарапшылар не дейді?
MarketWatch дерегінше, Meta акцияларына 71 сарапшы баға берген. Олардың көпшілігі қағаздарды сатып алуға кеңес береді: 52-сі — «сатып алу» (Buy), 10-ы — «жоғары рейтинг» (Overweight). Сегіз сарапшы «ұстап тұру» (Hold) деп бағаласа, біреуі «сату» (Sell) ұсынымын берген. Уолл-стрит орташа мақсатты бағаны 705,3 доллар деп белгілеген, бұл қазіргі нарықтық бағадан шамамен 1,5 пайызға төмен.








